«Президенттік институт – мемлекеттілікті нығайтудың факторы» дөңгелек үстелі өтті

1550

Назарбаев орталығында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы мен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының (ҚСЗИ) ұйымдастыруымен «Президенттік институт – мемлекеттілікті нығайтудың факторы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті, — деп хабарлайды kazgazeta.kz ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасы кітапханасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Отырыс қатысушылары Қазақстан Республикасының саяси жүйесінің басты элементі болып табылатын президенттік институттың қалыптасуы мен қызметінің өзекті мәселелерін талқылады.

Іс-шараны ашқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры, саяси ғылымдарының докторы, профессор Әмірхан Рахымжанов:

– Президенттік институттың құрылуы тәуелсіз Қазақстанның саяси жүйесінің қалыптасуында шешуші рөл атқарған маңызды фактор болды, КСРО ыдырағаннан кейін мемлекеттік биліктің сабақтастығын қамтамасыз етті. Қазақстан президент лауазымын енгізген алғашқы одақтас республика болды. Президент өкілеттіктері, оны сайлаудың шарттары мен тәртібі Қазақ КСР-ы Конституциясының жаңа тарауында белгіленді. Бұл – КСРО-ның мемлекеттік тәжірибесінде биліктің жаңа институты – президенттікті құқықтық түрде алғаш рет белгілеуі еді. Қазақстандағы президенттік институт биліктің басқа тармақтарының саяси-құқықтық қондырмасы ретінде аса маңызды мемлекет функцияларын институцияландырудың ерекше нысаны болды. Осындай жоғары дәреже, мемлекеттік биліктің тиімді өзара әрекетін қамтамасыз етті, Мемлекет басшысына Конституцияның, адамның құқығы мен бостандығының кепілі және жоғарғы төрешісі рөлін атқаруға мүмкіндік берді. Осындай құрылым Қазақстан тарихын, қоғамдық-мемлекеттік қатынастың қалыптасқан түрін, қоғамның дәстүрлі санасын есепке ала отырып, құрылған болатын.

Дөңгелек үстел қатысушыларына құттықтау сөзін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры атқарушы директорының орынбасары, заң ғылымдарының докторы, профессор Игорь Рогов та арнады:

– Бүгінгі күні, тәуелсіздігімді жариялағалы ширек ғасырдан соң, біз Қазақстанның барлық мемлекеттілік нышандары бар егемен және тең құқықты мемлекет болып қалыптасқанын толық сеніммен айта аламыз. Осы бір қысқа мерзім аралығында өзге елдердің эволюциялық дамуының ондаған жылы шоғырланған. Түбегейлі өзгерістің нәтижесі ретінде мына жетістіктерді айтуға болады: заманауи конституционализм, демократиялық мемлекеттілік, белсенді азаматтық қоғам, жаңа экономикалық құрылыс, тәуелсіз Қазақстанды одан әрі нығайту мен либерализациялаудың сындарлы саясаты… Қазақстандағы президенттік институт халықтың референдумда Конституцияны қабылдауы арқылы олардың тікелей қатысуымен таңдалды. Президент Конституцияның мызғымастығының нышаны әрі кепілі ретінде оны құқықтық қорғалуы органдар жүйесінің біріктіруші элементі болып табылады. Бұған мемлекеттік билік тармақтарының келісіп жұмыс істеуі мен әрекет етуін қамтамасыз ету болып табылатын оның ерекше жағдайы да себеп. Қоғамымыз бен мемлекетімізге алға қойған мақсаттарды жүзеге асыру жолында көптеген белестерді бағындыру қажет. Осы бір қиындығы мол жолда Президенттік институт басты шоғырландыру рқлін атқаратын болады. Мықты Парламенті бар президенттік басқарудың нысаны реформаларымыздың табыстылығының басты конституциялық кепілі болып қала бермек, — деді ол.

Отырыс барысында ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ директоры, әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі Зарема Шәукенова «Қазақстан мемлекеттілігінің өзегі – табысты президенттік институт» тақырыбында баяндама жасады. Ол:

Президенттік қызмет жылдарында Елбасы саяси көшбасшы, бірқатар бастамалардың авторы әрі жаршысы ретінде әлемге танылды. Ол бастамалар қатарында «Невада-Семей» қозғалысынан бастап, ЕЭҚ және АӨСШК сынды үкіметаралық тетіктерді рәсімдеу бар. Президент институтының арқасында Қазақстан халықаралық кеңістікте абырой мен беделге қол жеткізіп, нәтижесінде 2016 жылы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшесі болып сайланды. Мұндай саяси капитал Қазақстандағы президенттік институттың жетістігі, — екендігін атап өтті.

Іс-шараға қатысқан «Bolashak Consulting Group» консалтингтік тобының ғылыми кеңесшісі, заң ғылымдарының докторы, профессор Марат Сәрсембаев «Президенттік республикада мемлекеттілікті нығайтудың кейбір қырлары» атты баяндама жасады. М.С. Нәрікбаев атындағы ҚазМЗУ-нің құқықтық саясат және конституциялық заңнама ғылыми-зерттеу институтының директоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Сергей Ударцев «Билік ауысуының конституциялық тетіктері – президенттік институттың легитимділігін қамтамасыз етудің құралы» тақырыбында сөз сөйледі. «Астана» халықаралық ғылыми кешенінің Еуропалық және

америкалық зерттеулер орталығы жетекшісі, ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ-ның бас ғылыми қызметкері, саяси ғылымдарының докторы Мұрат Лаумуллин «Президенттік институт: халықаралық тәжірибе» тақырыбында баяндамасын оқыды.

Іс-шараға Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушылары, докторанттары мен магистранттары, Нұр-Сұлтан қ. жалпы білім беретін орта мектептерінің тарих пәні мұғалімдері қатысты.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *