Құралай Нұрқаділова психолог атанды

736

«Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебі» Қазақстандық медицина университетінде білімін жетілдірген Құралай Заманбекқызы көпшілікке өзінің психолог маман екенін айтуды жөн санады. Себебі соңғы жылдары оған психологиялық кеңес сұрап келетін адамдардың саны арта түскен.

«Алғашқыда мен психологиялық кеңестерді клиенттеріме, менің қабілетімнен хабардар болып арнайы іздеп келетін адамдарға ғана беретінмін. Ал шын мәнінде психология саласы мені жас күнімнен бастап қызықтыратын. Содан да болар, мен шетелдің бірнеше оқу орындарында психология және коммуникативті дағдылар бойынша дәрістер алған едім. Бизнесте, отбасында, қоғамда барлық кезде өзіңнің бір қалыптылығыңды ұстап тұру оңай шаруа емес, әсіресе әйел заты үшін ол өте ауыр сынақ. Елге Құралай болып танылып, осы күнге дейін атқарған еңбегімнің жемісті болуы осы психологиялық тұрақтылығымның арқасы шығар деп ойлаймын. Осы ретте, мен өзімнен күнделікті қолдау сұрап, психологиялық кеңес алуды мақсат етіп келетін жандарға көмектесуді ендігі жерде өзімнің миссиям деп санаймын. Бұл бағытта атқарып келе жатқан жұмысым аз емес. Күнделікті менен көмек сұрап келетін адамдардың саны артқан сайын жауапкершіліктің де еселене түсетінін сезінемін. Сол себепті де мен өз елімде білікті мамандардың пікірін тыңдап, дәрісін алып, оны куәландыратын құжатты қолыма алуды және жалпақ жұртшылыққа өзімнің осы қырымды жариялауды жөн деп білдім», — дейді сәнгер-психолог.

Құралай Заманбекқызына маман сертификатын тапсыру сәті ресми түрде өтіп, шара барысында Университеттің профессор-оқытушылар құрамы сөз алды.

«Бүгінде ешбір базалық білімсіз, қажет дағдыларды меңгерместен өзін психолог жариялап жүрген адамдар көбейіп кетті. Бұл қоғамда шын мәнінде психолог мамандарына деген сұраныстың жоғары болып тұрғанын көрсетеді. Себебі, сұраныс бар жерде оның орнын толтыруды қажет етіп отыратыны заңдылық қой. Бірақ, біз нәрсені назардан шығарып алатынымыз мені маман ретінде қынжылтады. Психолог болу шын мәнінде үлкен жауапкершілікті талап етеді. Дұрыс берілмеген кеңес, адамның жеке қасиеттерін ескерместен айтылған сөз керісінше адам өміріне зиянын тигізуі мүмкін. Психолог мамандарды даярлау ісі ұзақ уақытты және терең білімді қажет етеді. Адам өмірі әсіресе оның психологиялық жағдайы немқұрайлы қарайтын шаруа емес. Оған білім мен қабілет керек. Әсіресе танымал адамдардың ешбір базалық білімсіз халық алдында белгілі бір кеңес беріп, мен психологпын, ұрандатуына қарсымен. Сондықтан болар, мен Құралайдың үлкен дайындықтан өтіп, теориялық білім мен практикалық тәжірибені ұштастыру арқылы жеткен білім деңгейін көргенімде тәнті болдым», — дейді «ҚДСЖМ» Қазақстандық медицина университеті психология және педагогика кафедрасының меңгерушісі Майра Сатыбалдина.

Құралай 1992 жылы Алматы мемлекеттік университетінің көркем-сурет және графика факультетін бітірген. Алғашқы шығармашылық қызмет жолын 1990 жылы «Азия Дауысы» ән байқауында режиссердің көмекшісі қызметінен бастады. Одан соң, Құралай Нұрқаділова тек киім дизайнері ғана емес, сонымен қатар стилист ретінде таныла бастады. 1994 жылы өзінің авторлық «Құралай» Сән үйінің негізін қалады. Бүгінде Құралай Заманбекқызы сән әлемінде өзіндік орны қалыптасқан, өзімен аттас «Құралай» брендімен әлемге танымал болған қазақстандық алғаш дизайнер.

Әйгерім Қожахмет




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *