Nomad этноорталығы — көшпенділер дəуірінің үні

194

Алматы облысындағы табиғаты таңғажайып Үшқоңыр үстіртінің етегінде орналасқан Nomad этноорталығы Ұлы даланың ежелгі көшпенді тайпаларының тұрмыс-тіршілігінен сыр шертіп, сан ғасырлық мәдениетімен таныстыратын туристік, тарихи этногроафиялық кешен. 13 маусым күні бұнда арнайы ашық есік күні өтіп, келген қонақтарға орталықтың жұмысы таныстырылды.

 Жандос Нұрбеков, этноорталығының жетекшісі:
— Этноорталықты ашудағы мақсатымыз келушілерге Қазақстанның, сонымен қатар, көшпенді халықтың мәдениеті мен тарихын түсіндіру. Мәдениеттің көптеген аспектілері бар. Ол баспанадан бастап, музыка, спорт, ұлттық тағам, жауынгерлік өнер деп кете береді. Біз мүмкіндігінше осы дүниелерді түгел қамтуға тырыстық. Алда әлі де жоспарымызда толықтыра түсуге тиісті дүниелер көп. Оның бәрі уақыт өте келе қолға алынады деп сенемін. Бүгін біз көпшіліктің назарына түрлі шеберлік сабақтар ұйымдастырамыз. Бағдарлама бойынша алғашқы шеберлік сабақтары қазақтың ұттық тағамдарын әзірлеуден басталады. Сондай-ақ, бірегей дүние деп ерекше айтып өтетінім — көшпенділердің жауынерлік өнері. Бұл орталықта археолог, тарихи бұйымдарды қайта қалпына келтіруші Станислав Потапов деген мықты маман жұмыс істейді. Ол сақ дәуірінен бастап қару жарақ, киім үлгісі, аттың үстіндегі жауынгерлік өнер, тарихи кезеңдердің ерекшеліктерімен таныстыратын болады. Түстен кейін қонақтар киіз үй жабдықтарымен таныса алады. Оны біздің этнограф Бұлбұл Кәпқызы дайындаған. Бұлбұл бұнда теріні өңдеуден бастап, дайын өнімді жасап шығаруға дейінгі кезеңдерін көрсетеді. Көпшілік орталықты тамашалап қана қоймай, сондай-ақ, әр затты ұстап көруге, мәселен, дайындалған астың дәмін татуға, садақ, жауынгерлік бұйымдарды көзбен көріп, қолмен ұстап, киіп, іс жүзінде қолданып көруге, шеберлерден қолөнер бұйыдарын үйреніп, жасап көру мүмкіндігіне ие болады. Бұл қонақтармен тікелей жұмыс істеу, интерактивті байланыс орнатуға мол мүмкіндік туғызады.


Этноорталық жылдың барлық мезгілдерінде жұмыс істей ме?
— Күзге таман біз қыста қалай жұмыс істеу жағын ойластыратын боламыз. Киіз үйлердің ішін жылытамыз. Ас үй үнемі жұмыс істеп тұратын болады. Алайда, күн райының өзгеруіне байланысты кейбір бағдарламаларда шектеу болуы мүмкін. Әзірге ұлттық парктер секілді күнделікті жұмыс істеп жатқан жоқпыз. Бірақ болашақта соған жеткіземіз. Көпшілік біздің сайтымыздан, әлеуметтік желідегі парақшаларымыздан орталықта алдағы уақытта өтетін шаралармен таныса алады. Биыл, мәселен, үш фестиваль өткізу ойымызда бар.

Айгерім Мұсагажинова, «Халық қазына» ғылыми зерттеу институтының материалды емес мәдени мұрасы бөлімінің жетекшісі:
— Мен қазақ тағамдарын талай жылдардан бері зерттеп келемін. Қазіргі таңда 200-ге жуық рецептілерді таптық. Біз қазақтың ұлттық тағамдарының тағамдық құнарлығы мен биологиялық құнарлығын зерттедік. Қазақтың әр тағамында философиялық тереңдік бар. Кейбіреулері ұрпақтан ұрпаққа жалғасын тауып келеді. Бір тағамдар ана мен қызының махаббатын көрсетсе, енді біреулері ер азаматтардың сүйікті асы. Мәселен, олар үлпершек, жаужүрек, мыжыма, шыжмыж. Бүгінгі шеберлік сабақтарында біз қарын бүрме, жаужүрек, сырбаз, ысталған ет секілді тағамдардың әзірлену технологиясымен таныстырамыз және бұл шара жаз бойы жалғасатын болады. Біздің мақсатымыз, қазақтың ұлттық тағамдарының қаншалықты пайдалы, әрі дәмді екенін көпшілікке жеткізу.

Мұхаммед Мәммин, канадалық қонақ:
— Соңғы жиырма жылда Канада елінде өмір сүріп жатырмын, бірақ пәкістандық азаматпын. Қазақстанға жиырма төрт сағат бұрын ұшып келдім. Келуімнің себебі, інім жергілікті қызға үйленгелі жатыр. Бүгін арнайы жолым түсіп, осы шараға келдім. Бұнда бәрі ерекше, маған қатты ұнады. Эксклюзивті дүниелер көп. Мен шеберлік сабағына қатысып, өмірімде бірінші рет ерекше тағамды жасадым. Қозының қарнына туралған дүниелерді салып дайындалатын ас, өзге адамдар менен гөрі тез жасады, мен соңында қалып қойдым. Бірақ сонда да бәрі қызық болды.

Ұлы даланың өшпес рухын сезініп, өткен дәуірлер дәстүрінің мәңгілік ізіне куә болуға мүмкіндік ашқан этноорталық ашық аспан астында орналасқан таңғажайып кешен.

Өткен мен бүгінгінің сабақтастық тауып, ұлттық құндылықтарымызды насихаттауға негізделген орталық алдағы уақытта еліміздің және өзге елдерден келген қонақтардың игілігіне қызмет етіп, көшпенділер өркениетінің рухани мұрасымен таныстыруын жалғастырады.

Материалды әзірлген:
Гауhар Түстікбаева
Суреттерді түсірген:
Досжан Баалабекұлы




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *