Сенат басшысы: «Экологиялық айыппұлдардан жиналған қаражат табиғат қорғау шараларына 100 пайыз бағытталуы тиіс»

1577

Сенатта орман шаруашылығы мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамытуды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету және «Қазақстан Республикасында биологиялық алуантүрліліктің сақталуын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етудің өзекті мәселелері» тақырыбындағы парламенттік тыңдаулар ұсынымдарының іске асырылу мәселелері бойынша үкіметтік сағат болды, деп хабарлады Парламент Сенатының Баспасөз қызметі.

Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Жеңіс Нұрғалиев атап өткендей, жеке мемлекеттік органның – Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің құрылуы еліміз табиғатындағы әртүрлілікті қорғау, сақтау, дамыту және қолайлы экологиялық ортаны құру жөніндегі жұмыстарға жаңа серпін береді. Бұл мәселелер сондай-ақ Үкіметке дербес әрі маңызды тақырып болуы тиіс.

Ауыл шаруашылығы, энергетика және ішкі істер министрлерінің орынбасарлары Ерлан Нысанбаев, Сәбит Нұрлыбай және Юрий Ильин өз баяндамаларында экология, биоәртүрлілікті сақтау, орман алқаптарындағы өрттердің алдын алу және осы сала бойынша қолға алынған басқа да жұмыстар туралы баяндады. Сондай-ақ халықаралық, ғылыми және үкіметтік емес ұйымдардың бірқатар басшылары мен өкілдері сөз сөйледі.

Сенаторлар аумақтық инспекциялардың бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыруы мен мемлекеттік қызмет көрсетуі, браконьерлік, ел аумағындағы киіктердің және Жайық өзеніндегі балықтың жаппай қырылуы, сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлардың түрлерін қорғау және тағы басқа өзекті мәселелерді көтерді.

Сенат басшысы Үкімет сағатын қорытындылай келіп ормандарды түлету, ормандарды өрттен және заңсыз кесуден қорғау мәселелеріне назар аударды.

«Кейбір әкімдіктер бұл мәселелердің маңызына 100 пайыз мән бермей келеді, төтенше қызметтердің нұсқауларын орындамайды. Мәселен, Ақтөбе облысындағы «Ырғыз Торғай» мемлекеттік табиғи резерватында бірде-бір өрт сөндіру автоцистернасы жоқ. Қостанай және Жамбыл облыстарындағы едәуір орман қоры алаңында өртті бақылайтын бірде-бір мұнара жоқ», — деді Д.Назарбаева.

Сенат Төрағасы жоғарыда аталған экологиялық проблемаларды шешу үшін сандық технологияларды пайдалануды және еліміздегі биоәртүрліліктің барлық сипаттарын есепке алуды және жағдайы бойынша бірыңғай сандық тұғырнама құру мәселесін жеделдетуді ұсынды.

Д.Назарбаеваның пікірінше, экологиялық айыппұлдардан түскен қаражатты табиғатты қорғау шараларына бағыттау керек. Бүгінгі күні экологиялық айыппұлдардан алынған қаражатты жергілікті атқарушы органдар өз қалауынша пайдаланып келеді. «Экологиялық айыппұлдардан жиналатын қаражаттың 100 пайызы табиғат қорғау шараларына бағытталуы тиіс. Үкімет киіктердің ауру себептерін зерттеу үшін 1,5 миллиард теңге таба алмай отыр. Экологиялық айыппұлдар есебінен жиналатын 100 миллиард теңге бар болған кездегі жағдай осы», — деді Парламенттің жоғарғы палатасының басшысы.

Сенат Төрағасы сондай-ақ ЕАЭО елдері үшін бірлескен экологиялық талаптарды әзірлеуді тапсырды. «Бізде оңтүстіктегі көршілерімізбен, Қытаймен, Орталық Азиядағы көршілермен мәселелер бар. Яғни, біздің еліміз шекарасының сызығындағы көршілермен экология тұрғысында шешілмеген мәселелер бар, өйткені заңдар да, ережелер мен талаптар да әр түрлі. Бұл да назар аударатын негізгі мәселе», — деді Д. Назарбаева.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *