Заманауи білім беру мәселелері талқыланған халықаралық форум

115

20-21 мамыр Алматыда «Rahat Palaсe Hotel» қонақ үйінде Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің бастамасымен «Педагогикалық білім берудің заманауи тендтері» Жазғы мектебі аясында «Педагогикалық білім берудің заманауи трендтері» I Халықаралық форумы өтті.

Мақсаты — қоғамның назарын педагогикалық білім берудің заманауи трендтеріне аудару, республикадағы білім беру мазмұнын жаңарту міндеттеріне ықпал ететін жетекші халықаралық инновациялық технологияларды тарату.

Форумға шетелдік спикерлер: Дэвид Фрост (HertsCam Network, Кембридж, Ұлыбритания); Яакко Скантси (Edu Cluster Finland, Финляндия); Хироки Фуджи (Окайама университеті, Жапония); Джон Ким (АҚШ), Нурпер Улкуер (Балаларды дамыту және тәрбиелеу қауымдастығы, Түркия), Карлос Мачадо (Магдебург университеті Германия), Стефания Алишаускиене (Шяуляй университеті, Литва), Ли Сёнг Хё (Оңтүстік Корея), Лю Вэньбинь (Чжэцзян технологиялық университеті, ҚХР), Назарбаев Университетінің Жоғары білім беру мектебінің деканы Аида Сағынтаева, Алматыдағы Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан бойынша ЮНЕСКО Кластерлік бюросының өкілдері, Республикалық білім беру одағының, «Диалог» аудармашылар одағы» қоғамдық бірлестігі (Қазақстан), облыстық білім беру басқармаларының басшылары мен өкілдері, білім беру басқармаларының, біліктілікті арттыру жүйесінің басшылары мен өкілдері, білім беру ұйымдарының мұғалімдері, колледж және жоғары оқу орындарының студенттері мен оқытушылары, магистранттар мен докторанттар қатысты.

Форумды ашқан ректор Такир Балықбаев қазіргі жаңа технологиялар және жетістіктер заманында педагог жаңартылған жалпы орта білім беру стандартының әдіснамасы мен мазмұнын қабылдауға, білім беру үрдісін бағдарламалық және әдістемелік қамтамасыз етуді өзгертуге, білім беру қызметінің мақсаттары мен әдістерін өзгертуге дайын болуы керек екендігін атап өтті.

«Біз серіктестерімізбен, сондай-ақ бүкіл әлемдегі білім беру саласындағы инновацияларды дамытуға бағытталған халықаралық бірлестіктермен және қорлармен белсенді әрі перспективті ынтымақтастық орнатуға дайынбыз.

Қазіргі заманғы білім беру жүйесі ашық және білім беру үрдісінің барлық субъектілерінің көзқарастарын ескеруі керек деп есептейміз. Ашықтық — оқу бағдарламасына бағынатын білім берудің тағы бір тенденциясы. Ұлттық педагогикалық қоғамдастық ретінде біз білім беру саясатын және ұлттық білім беру жүйесін дамытуға бағытталған жоғары сапалы технологиялар мен оқытудың жаңа әдістерін ұсынуға өз үлесімізді қосуға тырысамыз.

Бүгінде біздің басты трендіміз — білімге екі тұрғыдан әсер ететін цифрлық революция — еңбек нарығы және ішкі қайта құрылымдау қажеттілігі», — деді ҚазҰПУ ректоры.

Ректор форумның бас демеушісі — «Диалог» аудармашылар Одағы» (Қазақстан) қоғамдық бірлестігіне және осы іс-шараны қолдағаны үшін біздің университетіміздің түлегі Олег Кимге алғысын білдірді.

Сондай-ақ, ЮНЕСКО-ның Алматыдағы Кластерлік бюросының атынан құттықтау сөзді ұлттық білім беру бағдарламасының маманы Мейіргүл Алпысбаева сөйледі.

Форумда заманауи білім беру мәселелерін бірлесіп талқылауға әлемдік зерттеу орталықтарын тарту, Қазақстандағы білім беру мазмұнын жаңарту міндеттеріне ықпал ететін педагогикалық білім берудің қазіргі заманғы трендтерін дамытуға жәрдемдесу, білім беру сапасын арттыруға ықпал ететін қазіргі заманғы халықаралық білім беру технологияларымен және бірегей оқыту әдістемелерімен тәжірибе алмасу және танысу, кәсіби педагогикалық қарым-қатынастың жаңа түрлерін дамыту тақырыптары талқыланды. Сондай-ақ, еліміздің педагогикалық білім беру трендтерін дамыту бойынша тиімді шешімдер іздеу және ұсыныстар әзірлеу, инновациялық білім беру технологиялары және оқыту әдістері бойынша Ұлттық сараптау кеңесін құру мәселелері қарастырылды.

Пленарлық мәжілісте Окаяма университетінің (Жапония) Тұрақты дамуға арналған білім беруді дамыту орталығының директоры Хироки Фуджи, Ускудар университетінің мектепке дейінгі педагогикасының профессоры, Балаларды дамыту және тәрбиелеу қауымдастығының президенті (Түркия) Нурпер Улкуер, Edu Cluster Finland (Финляндия) жетекші сарапшысы Яакко Скантси баяндама жасады.

Форум жұмысы барысында шетелдік және отандық спикерлердің қатысуымен білім берудің өзекті мәселелерін талқылауға бағытталған платформалар бойынша жұмыстар жүргізілді. Сондай-ақ, ақпараттық базаны (инфографиканы) құру саласындағы педагогтарға арналған жас суретшілер шеберлік сыныптары өткізілді.

Халықаралық форумның қорытындысы бойынша қатысушылар сертификаттармен марапатталды.

 Римма Жанбаева




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *