Ұлттық құндылықтарды ұлықтаған игі шара

140

Елордадағы Достық үйінде «Қазақтану» жобасын жүзеге асыру мақсатымен «Қазақтың ұлттық мұрасы» атты байқау өткізілді, деп хабарлады Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі жанындағы«Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі.

Байқауды  Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырды. Іс-шараның мақсаты – мемлекеттік тілді үйрету арқылы төл мәдениетіміздің танымалдығын арттыру, елорда этномәдени бірлестіктерін халқымыздың салт-дәстүрлерімен, әдет-ғұрыптарымен етене таныстыру және оны көпшіліктің жетік білулеріне мүмкіндік жасау.

Байқауға елорда этномәдени бірлестіктері, ҚХА жастары, Нұр-Сұлтан қаласының Аналар кеңесі қатысты. Олар байқаудың үш шарты бойынша, қазақ халқының салт-дәстүрлерін көпшілікке жітік таныстыруы, қазақ халқының ұлттық аспаптарында шебер ойнай білуі және қазақ ақындары мен жазушыларының туындарыларын мүдірмей оқып беруі әрі оны шебер орындауы қажет болды.

«Қазақтың ұлттық мұрасы» атты байқауға қалалық мәслихат депутаты Зейнулла Шибкенов, актриса Бақыт Исабекова, өнертанушы Нелли Шиврина, ақын Гаухар Мухамед-Салимова және Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ләззат Құсайынова төрелік жасады.

Сахна шымылдығы Нұр-Сұлтан қаласы ардагерлер хорының қазақ ұлттық әндерінен поппури орындауымен ашылды. Одан кейін байқаудың бірінші кезеңіне сәйкес, қазақ халқының салт-дәстүрлерін көпшілікке жітік таныстыру шартты талабына кезек берілді. Ол бойынша «Юнчи» дүнген этномәдени орталығы көрермендерге көрсетілім арқылы қазақтың ертеден келе жатқан «Сырға салу» дәстүрін таныстырды. Дәстүр бойынша дастархан жайылып, болашақ құдалар күтілді. Ұзатылатын қызды ортаға екі жеңгесі қолтықтап алып шығып, «құлағын жамандықты естімесін» деп жігіттің жеңгелері алтын сырғасын тақты. «Көрімдік беру» дәстүрін де ұмыт қалдырмай, қыздың екі жеңгесіне ақшалай сый-сияпат жасады.

«Вайнах»шешен-ингуш этномәдени орталығы ұлттық дәстүріміздің құндылықтарының бірі- «Қыз ұзату» салтын көрсетілім арқылы көпшілікке таныстырды. Осыған байланысты тойдың негізгі қонақтары-құда-құдағилар қарсы алынып, шашу шашылды. Бұл бойынша негізгі дәстүрлер жасалып, шынайы «Ақ жол» тілеген төсеніш арқылы қалыңдықты өз босағасынан шығарып салды… Бұл ретте айта кету керек, «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығының өнерпаздары сахналаған жоралғыларға көпшілік тәнті болды.

«Радима» беларусь этномәдени орталығының қатысушылары көрермендерге келін түскенде арнайы жасалатын «Беташар» дәстүрін таныстырды. Беташар рәсімін өткізуге сөзге шебер, сурып салма ақындығы бар жыршы жігіт шақырылып, келіннің бетін ашу үшін «Беташар» жыры орындалды. Осы аталмыш жыр арқылы отбасы құндылығы дәріптеліп, оның әрбір сәті маңызды екеніне басымдық берілді.

Көпшілікке «Қыз жасауы» дәстүрін Нұр-Сұлтан қаласы ҚХА Аналар кеңесі таныстырды. Олар жасау үшін берілетін киім-кешектердің әрқайсысы маңызын және ежелден келе жатқан «6 жастан жинасаң артылады, 7 жастан жинасаң жетеді» деген нақыл сөз түп-төркінін түсіндірді.

Шындығын айту керек, бұл байқаудың ерекше бір тұсы-ұмыт болып бара жатқан «Мойын тастар» дәстүрін жаңғыртуға ерекше мән берілді. Мұны «Акбузат» этномәдени орталығы қатысушылары көрсетілім арқылы көрермендер назарына ұсынды. Дәстүр бойынша қалыңдық жас жұбайларға арналған ақ отауға бірінші болып кірді. Табалдырықты аттаған соң, оң аяғын сол аяғының шетіне тигізді. Күйеуі қалыңдығының артынан кіріп, дәл соны қайталады. Одан әрі күйеу жігіт құрметті орынға шығып, отауды құруға көмектескен әйелдерге еттен дайындалған тағамнан дәм татуларына ишарат білдірді. Келесі бір сәтте омыртқаның мойын бөлігі ақ матаға оралып, киіз үйдің жоғары күмбезінің шеті арқылы сыртқа лақтырылып жіберілді…

Қазақстан ұйғырлары республикалық мәдени орталығының астаналық филиалының қатысушылары жаңа қонысқа көшіп келгендерді үйге шақыру дәстүрі «Ерулікпен» байқауды одан әрі жалғастырды. Ортаға бауырсақ пен қазы-қартаға толы ақ дастархан жайып, келген қонақтарды құшақ жая қарсы алды. Үй иесі атынан сый-сыяпаттар беріліп, ән мен күйге жалғасқан әдемі көрініс, көрермендерді ыстық ықыласқа бөледі.

Елордалық «Жайхун» қарақалпақ этномәдени орталығы «Бесікке бөлеу» дәстүрін сахналады. Аналар мен әжелер нәрестені бесікке бөлеудің қыр-сырын таныстырды. Барша жиналған қауым бесік жырын тыңдап, шашу дәстүрінің маңызына терең бойлады.

«Нәрестені қырқынан шығару» дәстүрін елордалық өзбек этномәдени орталығы мен «Лад» республикалық славян қозғалысының астаналық филиалы көрсетті. Нәрестені 40 қасық суға шомылдырып, тырнағы мен шашын алды. Дүниеге дені сау сәби әкелгені үшін баланың анасына алғыс білдіріп, сый-құрмет жасады. Ал «Таң» татар-башқұрт этномәдени орталығы «Тұсау кесу» дәстүрін сахналап берді. Ол бойынша сәби жолына төсеніш төселіп, оның үстіне домбыра, қамшы және кітап қойылды. Тәй-тәй басқан балапан қамшыны таңдады….

Сонымен, байқаудың алғашқы кезеңін «Жаңғыру жолы» републикалық жастар қозғалысының елордалық тобы қорытындылады. Жастар көрермендерге «Аластау» және «Қонақ кәде» деп аталатын салт-дәстүрлерді өз мағынасында шебер сахналап берді.

Байқаудың екінші кезеңіне сәйкес, қатысушылар шеберлігі сынға түсіп, жыраулық дәстүрге қатысты шығармалар орындалды. Ол бойынша қатысушы үміткерлер домбыра,қобыз, шаңқобыз, сыбызғы сынды қазақ ұлттық аспаптарында шебер ойнай алатындығын дәлелдеуі тиіс болды.

«Қазақ ақындары мен жазушыларының туындыларын мүдірмей оқып беру әрі оны шебер орындау» атты соңғы кезеңде Әмірхан Евлаев, Светлана Тарасова, Закир Бикмухамбетов, Анастасия Тарасова, Айша Аимбетова, Зухра Саяпова, Юлия Лагуткина және тағы басқалар А.Құнанбаевтың, М.Мақатаевтың, М.Жұмабаевтың шығармаларын оқып берді. Бұл кезеңде қатысушылардың қазақ тілін қаншалықты меңгергендігіне басымдық беріліп, соған сай оларға лайықты баға берілді.

Байқаудың өн бойында домбырадан күй шертіліп, әсем әндерге кезек беріліп отырды. Жалпы, рухты бұл кеш барша қауымға ерекше көңіл-күй сыйлады. Табиғат-Ананың тылсым сырын ұғындық. Ана тіліміздің мәртебесін өсірдік. Ұлттық құндылықтарымызға терең бойладық. Төрт сағатқа созылған байқау осынысымен көпшілік есінде қалды. Бұл ретте көрермендер осындай жарасымды кешті ұтымды ұйымдастыра білген Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясына алғыстарын жаудырды.

Жалпы айтқанда, байқау осылайша жарасымды сәтпен қорытындыланды. Сонымен, байқау шартының «қазақ халқының салт-дәстүрлерін көпшілікке жітік таныстыру» атты аталымына сәйкес, I орынды «Қазақстан ұйғырлары республикалық мәдени орталығының филиалы», II орынды «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығы, ал III орынды «Лад» республикалық славян қозғалысының Астаналық филиалы» иеленді. Байқау шартының «қазақ халқының ұлттық аспаптарында шебер ойнай білу» атты аталымында I орынды «Юнчи» дүнген этномәдени орталығы, I орынды «Жайхун» қарақалпақ этномәдени бірлестігі, III орынды «Акбузат» башқұрт этномәдени бірлестігі жеңіп алды. Байқау шарты бойынша үшінші кезеңдегі «қазақ ақындары мен жазушыларының туындарыларын мүдірмей оқып беру және оны шебер орындау» атты аталым бойынша, I орынды «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының астаналық филиалы, II орынды «Юнчи» дүнген этномәдени орталығы», III орынды «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени орталығы жеңіп алды.

Жүлделі I орынға тоңазытқыш, II орынға теледидар, III орынға бағалы тұрмыстық жабдықтар табысталды.

Барлық қатысушылар ұйымдастырушылар атынан Алғыс хаттармен марапатталып, естелік суретке түсті.

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *