Мемлекет басшысы: Үлескерлік құрылыс мәселесін тез арада шешу керек

250

Қазақстан Президенті Елорданы дамыту жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді, — деп хабарлайды kazgazeta.kz Ақордаға сілтеме жасап.

Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы 10 жылда Елордаға тартылған инвестиция көлемінің азайып кеткеніне назар аударды. Мемлекет басшысы қала әкімдігі мен Сыртқы істер министрлігіне осы бағыттағы жұмысты жандандырып, жуық арада нақты нәтижелерге қол жеткізуді тапсырды.

Нұр-Сұлтан экономика мен бизнес ортаға қолайлы жағдай жасайтын қала болып қала беруі қажет. Басты міндеттердің бірі – инвестиция тарту,– деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев өзекті мәселелердің бірі ретінде баспана беру мен құрылыс жұмыстарының бәсеңдеуін атады.

– Үлескерлік құрылыс мәселесін тез арада шешу керек. Қалада 49 проблемалық нысан бар. Ондағы құрылыстың аяқталуын 13,5 мың үлескер тағатсыздана күтіп отыр,– деді Мемлекет басшысы.

Президент энергетика саласындағы нысандар құрылысының уақытылы аяқталмауын атап айтты. Құрылысы 2010 жылы басталып, биыл аяқталуы тиіс ЖЭО-3-тің пайдалануға берілу мерзімі кейінге шегерілгенін мысалға келтірді. Қасым-Жомарт Тоқаев қаланың «Сарыарқа» газ құбырына қосылуға дайын болмауын да сынға алды.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы бизнестің дамуына кедергі келтіріп отырған инженерлік жүйелерге қосылудың қиындығына назар аударды.

Көп жағдайда коммуникацияға қосылуға техникалық мүмкіндігі жоқ жер телімдері аукционға шығарылады немесе алдын ала жазылған техникалық талаптар құрылыс барысында өзгеріп жатады. Бұған жол беруге болмайды. Берілетін жер телімдері барлық жүйелерге қосылуға дайын болуы керек,– деп тапсырды Президент Елорданы одан әрі дамыту жөніндегі жиын барысында.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *