Лондондағы қазақ киносының апталығы «Оралман» фильмімен ашылады

184

Үстіміздегі жылы 28 қазанда өтетін Лондондағы қазақ киносы апталығының ашылу салтанатында режиссер Сәбит Құрманбеков түсірген «Оралман» фильмі көрсетіледі, деп хабарлады Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ Баспасөз қызметі.

Мәдени іс-шараны ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақстан Республикасының Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігіндегі елшілігі, Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы ұйымдастырып отыр.

«Оралман» фильмі туған жерінен кетуге мәжбүр болған, алайда ондаған жылдар өткен соң Ауғанстаннан еліне қайта оралған қандастарымыз жайлы баяндайды. Шетел көрермендеріне бұл кинотуындыны белгілі кинодраматург, Қазақстаннің еңбек сіңірген қайраткері, фильмнің сценарий авторы Нұрлан Санжар таныстыратын болады.

Айта кетсек, қазақ киносының апталығы шеңберінде «Қазақфильм» киностудиясы шығарған басқа да фильмдер көрсетіледі, олар: — 29 қазанда режиссер Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» тарихи драмасы ұсынылады. Фильмді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, басты рөлді сомдаған актер Әділ Ахметов таныстырады. — 30 қазанда Сатыбалды Нарымбетовтың «Аманат» фильмі көрсетіледі. Тарихи кинотуындыны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, басты рөлді сомдаған актер Берік Айтжанов таныстырады. — 31 қазанда шетел көрермендеріне Ермек Тұрсыновтың «Шал» фильмі ұсынылады. Фильмді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, продюсер Қанат Төребай таныстырады.

Ал 1 қарашада Қазақ киносы апталығының жабылу салтанатында «Айка» фильмі көрсетіледі. Бұл фильмнің көрсетіліміне режиссер Сергей Дворцевой және актриса Самал Еслямова қатысады.

Айта кетсек, отандық фильмдер Лондонның ең танымал VueWest End кинотеатрында көрсетіледі. Басталуы сағат 18:00-де. Кіру тегін.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *