Мәжіліс «2020 – 2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» үкіметтік заң жобасын мақұлдады

190

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджеттің әлеуметтік бағытына тоқталды, — деп хабарлайды kazgazeta.kz Мәжілістің Баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

— Бүгін мақұлданған бюджет жобасында экономиканың нақты секторын қолдау, денсаулық саласы, баспана және жұмыспен қамту, басқа да әлеуметтік мақсаттарға ерекше көңіл бөлінді. Бұл Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың маңызды бастамаларын, сонымен бірге, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сайлау бағдарламасы бойынша басым бағыттарды одан әрі жалғастыру болып табылады. Енді негізгі міндет — осы бөлінген барлық қаражаттардың, өз уақытында, тиімді жұмсалуы. Осыған орай, мемлекеттің әрбір тиыны Мәжіліс депутаттарының қатаң бақылауға алынады, — деді Мәжіліс Төрағасы.

Палата Спикері атап өткендей, республикалық бюджеттің барлық шығыстарының 46% немесе 18,2 трлн. теңге, әлеуметтік саланы дамытуға бағытталған.

Мәжіліске мұғалімдердің жалақысын 2020 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 25 пайызға және алдағы төрт жылда екі есе арттыру туралы түзету енгізілсе, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап мәдениет және өнер қызметкерлерінің жалақысын 35% -дан 50% -ға дейін көтеруге бағытталған түзетулер енгізілді. Қазіргі уақытта экономикалық өсудің шешуші факторы бөлінетін қаражаттың мөлшері емес, олардың қаншалықты тиімді жоспарлануы және тиімді игерілуі. Халықтың өмір сүру деңгейінің артуы және жалпы әл-ауқатының жақсаруы, — деді Нұрлан Нығматулин.

Қолданыстағы мәселелерді шешу көбінесе бюджет қаражатын тиімді жоспарлауға және пайдалануға байланысты. Олардың ішінде бюджеттің кіріс бөлігін толықтыру. Экономиканың нақты секторын, жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау салаларын мемлекеттік қолдау шараларын қамтамасыз ету тетіктері қайта қарауды қажет етеді. Мәжіліс Төрағасының піrірінше жұмыспен қамту бағдарламаларын іске асырудың нәтижесі тек жұмыс орындарын ғана емес, тұрақты жұмыс орындарын құрып, салық түсімдері мен нақты өнімдер өндірісінің көлемін арттыруы керек.

— Жалпы алғанда, параметрлерін Елбасы мен ел Президенті белгілейтін республикалық бюджет мемлекеттің экономикалық саясатының тірегі болып табылады. Мұны нақты түсіну керек! Осыған байланысты депутаттар бюджеттің шығыс бөлігіне айтарлықтай түзетулер енгізді. Белгілі бір нәтижеге жетуді көздемейтін негізсіз шығындар біздің азаматтарымыздың шұғыл шешуді қажет ететін қажеттіліктеріне қайта бөлінеді. Енді Үкіметке, сондай-ақ депутаттарға, қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін бөлінген қаражаттың уақтылы және тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету міндеті тұр. Депутаттық корпус бұл бағыттағы белсенді бірлескен жұмыстарға дайын, — деп қорытындылады Мәжіліс Төрағасы.

суретті түсірген Ж.Құспанов.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *