Ноғаев Нұр Отанда облыстағы жемқорлық туралы есеп берді

71

«Nur Otan» партиясы жанындағы Жемқорлыққа қарсы Республикалық қоғамдық кеңес отырысында қатысушылар Атырау облысындағы жемқорлыққа қарсы іс-шаралар мәселесін талқылап, сонымен бірге, «Таза сессия» жалпыреспубликалық акциясының алдын-ала қорытындысын сөз етті. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлады.
Атырау облысында мемлекеттік органдардың бюджетті игеруінің ашықтығын және оған қоғамдық бақылауды жүзеге асыру мақсатында облыста «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» жобасы іске асырылуда.
– Бүгінгі күні жоба бойынша облыстың 604 мемлекеттік орган мен мекеме «Паблик бюджет» сайтына енгізіліп, 353 мекеме бюджеттерін жариялады, — деді Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев өз мәлімдемесінде.
Бұдан бөлек, өңір басшысы квазимемлекеттік сектордағы жемқорлықпен күресті күшейту мақсатында жасалып жатқан істерге тоқталды.
Сондай-ақ, Нұрлан Ноғаев өз сөзінде «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында азаматтардың жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы салаларындағы белгілі бір құжат, рұқсат немесе келісімдерді алуын цифрлық форматқа көшіру және мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді автоматтандырып, қызмет көрсету мерзімдерін қысқарту мақсатында Атырау қаласында eatyrau.kz электрондық қызметтер мен сервистер порталы іске қосылғандығын атап өтті.
– Порталда өтініш берушіге үйден немесе кеңседен шықпай-ақ қызмет алуға, өтініш беруге мүмкіндік беріп қана қоймай, қаланың мемлекеттік органдары мен коммуналдық ұйымдары арасындағы келісу процесі толығымен автоматтандырылған. Осылайша құжаттарды жіберу және олардың әрқайсысынан жауап алу уақыты қысқарады екен.
– Мысалы, Сәулет жоспарлау тапсырмасы мен техникалық шарттарды алу үшін қағаз түрінде өтініш беріліп, оны мемлекеттік орган мен коммуналдық қызметтерге жіберуге 1 айға дейін уақыт жұмсалады, — деді  аймақ басшысы. – Ал, электронды портал арқылы 6 жұмыс күні ішінде, кейде, тіпті, оданда ерте өтініш берушіге жауап қайтарылады.
Нұрлан Ноғаевтың сөзіне сүйенсек, аймақта жыл басынан бері азаматтардың 2 598 өтінімі қабылданып, 1 915 электронды түрде қызмет берілген екен. Сонымен бірге,  Атырау облысында тұрғындардың Ахуалдық орталықпен тікелей байланысын орнату мақсатында «Үндеу» сервис жүйесі іске қосылды. Одан бөлек, облыстың әлеуметтік-маңызды объектілерінің мекен жайы, жер учаскесінің кадастрлық нөмірі бойынша іздеу сервисі жасақталып, іске қосылды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.
Қарастырылып отырған кезең аралығында  Атырау облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте 384 қылмыс тіркелді (2017  — 130, 2018 — 137 және 2019 ж. 9 айында  — 117), бұл  республикадағы сыбайлас жемқорлық фактілерінің жалпы санының (5859)   6,5%-ын құрайды.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *