«ҚДСЖМ» ҚМУ – академиялық әділдік үшін

171

«ҚДСЖМ» Қазақстандық медицина университеті құжаттардың бұрмалануын тоқтату мақсатында, медициналық және фармацевтикалық білімі бар мамандарға қайта даярлау және біліктілігін арттыру циклдерінен өту туралы QR коды бар куәліктер мен сертификаттарды бере бастады. Бұл туралы «ҚДСЖМ» Қазақстандық медицина университетінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Бүгінгі таңда университет жаңа үлгідегі 1000-ға жуық құжаттар берді. Медициналық жоғары оқу орындары үшін бұл ЖОО қабылдаған академиялық әділдік саясаты, яғни сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және жалған мәліметтен азат білім ортасын қалыптастыру мақсатында білім беру саласындағы құжаттарды заңсыз алуға жол бермеу аясында жүзеге асырылатын біршама жаңа тәжірибе болып табылады. Сонымен қатар, QR-кодтың енгізілуі университет белсенді түрде енгізіп отырған цифрландырудың нәтижесі болып табылады. QR-кодтар жүйесі («ағылш. QR — quick response, жылдам жауап беру») өзінің ыңғайлылығына, үлкен көлемдегі ақпаратты жылдам оқи алатындығына байланысты күнделікті практикаға жылдам енді, ол үшін тек камерасы бар ұялы телефон қажет.

«QR-кодты сканерлеу кезінде университеттің сайтына сілтеме автоматты түрде ашылады, онда оқу күні туралы, біліктілігін арттыру немесе қайта даярлау циклінің атауы, академиялық сағаттар саны және құжаттың тіркеу нөмірі туралы нақты ақпараттарды көруге болады. Цифрлық технологияларды енгізе отырып, біз денсаулық сақтауды цифрландырудың жалпы тұжырымдамасы шеңберінде бүкіл оқу процесін халыққа қолжетімді етуді жоспарлап отырмыз», — деп жаңалықпен бөлісті Қазақстандық медициналық университетінің ректоры Ардақ Әуезова.

QR-код, ең алдымен, Жұмыс беруші үшін мобильдік қосымшаның көмегімен құжаттың түпнұсқалығын тексеруге өте ыңғайлы. Осыған байланысты, білім беру ұйымдарында аталған технологияны қолдану білім берудің ашықтығын және мамандардың үздіксіз кәсіби дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, ал бұл өз кезегінде көрсетілетін білім беру қызметтерінің сапасын арттырады, өйткені «сатып алынған» деп аталып кеткен сертификаттарды алуға жол жабады. Білім беру нарығында, кейбір ұйымдар тарапынан осындай қызмет түріне лицензия берілмегендіктен, қосымша білім беру саласындағы білім беру қызметтерін әділетсіз енгізу фактілері көп кездесетіні бәрімізге мәлім. Ал QR-кодтың болуы, сондай-ақ жосықсыз білім беру қызметтерін берушілерді жоюға мүмкіндік береді.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *