Мемлекеттік академиялық филармонияның ұйымдастыруымен «Кездер-ай» ән кеші өтті

161

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясының ұйымдастыруымен «Кездер-ай» ән кеші өтті. Дәстүрге айналған ретро әндер мерекесін астаналықтардың асыға күткені келген халықтың қарасынан байқалды. Сондай-ақ, биылғы кеш жылдағыдан жаңашылдықтарымен ерекшеленді. Филармония әртістері алдымен қызыл кілеммен жүріп өтіп, келген көрерменнің ықыласына бөленді. Бұл туралы филармонияның баспасөз қызметі хабарлайды.

Иә, ел мәдениетінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан, өткен жылдардың өлмес әндерін орындап жүрген өнерпаздарға құрмет көрсетілді. Атап айтар болсақ, Қазақстан және Татарстанның халық әртісі Нұржамал Үсенбаева, еліміздің еңбек сіңірген әртісі Бағдат Сәмединова, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері: Айгүл Қосанова, Алтынай Жорабаева, Майра Ілиясова, Дина Хамзина, Бибігүл Жанұзақ және тағы да басқа елге белгілі, филармонияның белді өнерпаздары қызыл кілемде халықтың қошеметіне қарық болды.

Бұл кеште барша патша көңілді көрермен ретро әндермен жастық шаққа сапар шекті. Әр заманда дүниеге келген қазақтың сазды, назды, әуезді әндері тыңдарманға ерекше әсер сыйлағаны сөзсіз. Әсіресе, «қазақ вальсінің королі» Шәмшінің шығармаларын ел қосыла шырқады. Жақсы әнге жаны құмар көрермен қауым, алыста қалған аяулы сәттер әлеміне сағына күткен әндер кешіне келіп, сол бір сұлу әндер тізбегін қалықтап, қайтқан құстар қанатының сусылындай сәулелі мұңға, сағынышты сазға бөленіп ерекше ықыласпен тарқасты.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *