Ұлттық кітапханада Фарабиге қатысты 3000-ға жуық кітап бар (фото)

2623

Алматыда Ұлттық кітапханың «Қазақстан кітаптары» оқу залында көрнекті ғалым, ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған әл-Фараби ғылыми орталығы ашылды.

Салтанатты шарада Қазақстанның Еңбек Ері, халық жазушысы Олжас Сүлейменов, Алматы қаласындағы ЮНЕСКО кеңесінің директоры Криста Пиккат, белгілі шығыстанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Әбсаттар Дербісәлі, философия ғылымдарының докторы, профессор Жақыпбек Алтаевтар сөз сөйлеп, Фараби туралы баяндама жасап, мерейтоймен құттықтап өтті.

Орталықтың басты мақсаты – Шығыстың ұлы ұстазы, философ, ерте ортағасырлық энциклопедист-ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің рухани және ғылыми мұрасын ұлықтау, көпшілікке тарату.

 ҚР Ұлттық кітапханасындағы әл-Фараби ғылыми орталығы әл-Фараби еңбектерінің және ҚР Ұлттық кітапханасының қорындағы ол туралы жарық көрген басылымдардың тұрақты түрде қызмет көрсететін, баршаға ашық қолжетімді көрмесі іспетті. Орталықта әл-Фарабидің өмірі мен шығармашылығы туралы материалдар, философтың еңбектері және оның әлем халықтарының түрлі тілдеріне аударылған шығармалары, белгілі отандық және шетелдік ғалымдардың, философтардың, тарихшылардың зерттеулері, электрондық басылымдар, мерзімді басылымдардан алынған құжаттардың дерекқоры, еңбектерінің жинағы бар. Орталық қоры үнемі жаңа басылымдармен және материалдармен толықтырылатын болады.

ҚР Ұлттық кітапханасындағы әл-Фараби ғылыми орталығы ойшылдың ғылыми еңбектерінің мұрасын терең зерделеуге және көпшілік іс-шараларды өткізуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Орталықта белгілі Фарабитанушы ғалымдармен, академиктермен кездесулер ұйымдастыру, тақырыптық байқаулар, экскурсиялар  әл-Фараби туралы фильмдер көрсету және т.б. іс-шаралар өткізуге қажетті жағдайлар жасалады.

Орталық «Агро–Пром Бастау» жеке серіктестігінің құрылтайшылары Арман Сарынов және Бақыт Қыдыковтың  қолдауымен ашылды.

Әбсаттар Дербісәлі, Шығыстанушы ғалым:

-Ұлттық кітапханада әл-Фараби орталығының ашылуы өте дұрыс қадам. Бұл Фарабитанушылар үшін өте қуанышты жаңалық.

Жақында «Әл-Фараби — даланың дара тұлғасы» деген кітапты жазып шықтым. Кітап бір-екі айдың көлемінде шығып қалады. Кітап араб тіліндегі дереккөздерге сүйеніп, жазылды. Мен әл-Фарабидің жүрген жолын толықтай аралап шықтым. Ғұламаны зерттегендер өте көп. Әлем таныған. Қазірдің өзінде де қызығушылық жоғары.  Шет елдердегі кітапханалардың бірқатарында әл-Фарабидің қолжазба еңбектері сақталған. Оның барлығына көшірме жасап, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне табыстадым.

 Бақытжамал Оспанова, Ұлттық кітапхана директоры:

-Биыл әл-Фарабидің мерейтойы ЮНЕСКО аясында және мемлекеттік деңгейде кең көлемде аталып жатыр. Біздің тарапымыздан ашылып отырған, ғылыми орталықтың Фараби мұрасын насихаттауда өзіндік мәні бар. Орталық аясында көптеген мәдени шаралар өтеді. Ғылыми конференциялар, дөңгелек үстелдер, кітап  көрмелері ұйымдастырылады, пікір алмасулар мен талқылаулар өтеді. Сонымен қатар, биыл біз әл-Фарабидің барлық еңбектерін цифрландырып, электронды топтамасын ұсынуды жоспарлап отырмыз. Жарты пайызға жуығы цифрлық форматқа көшірілді.

Жақыпбек Алтаев, Фарабитанушы ғалым, профессор:

 -Бүгінгі ҚР Ұлттық кітапанасында ашылып отырған «әл-Фараби ғылыми орталығы» игі бастамалардың бастамасы болып отыр. Кітапхана ғылым мен мәдениеттің, ақыл мен парасаттың ордасы. Тәуелсіз Қазақстанның жас ұрпағы ұлы бабалар мұра етіп қалдырған білім бұлағынан сусындап, осы рухани құндылықтарды мұра етіп, оны жаңа тұжырымдалық негіз бен әдіснама арқылы дамытып, ұрпақтар сабақтастығын әрі қарай жалғастыра береді деген үміттеміз. Іске сәт, құрметті зиялы қауым!

Қаншайым Мақсатқызы, Ұлттық кітапханың Кітап қорын толықтыру қызметінің жетекшісі:

— Әл-Фараби ғылыми орталығының мақсаты-ғұламының насихаттау жұмысы. Бүгінгі күнде Ұлттық кітапхананың қорында әл-Фарабиге қатысты 3000-ға жуық бар. Кітаптардан бөлек, газет-журналдар,ұлы ойшыл туралы қорғаған ғалымдарымыздың диссертациялары мен авторефераттары сақталған. Мәселен, Әл-Фараби бойынша 16 ғалымның ғылыми диссертациялық еңбегі бар.Ол еңбектер, біздің диссертациялық бөлімізге қойылды. Бүгін ашылып отырған орталықта 600 дана кітап қойылды. Барлығы әл-Фарабидің мұраларына қатысты. Бұл жерде біріншіден әл-Фарабидің таңдамалы еңбектері, екіншіден әл-Фарабиді зерттеушілердің еңбектері, үшінші ғылымның барлық саласындағы әл-Фараби туралы еңбектер қамтылған. Егер әл-Фараби туралы көп іздене беретін болсақ, ғұламының еңбектері барлық ғылым саласын қамтиды. Өте ғажап! Әсіресе, философия, музыка, өнер саласында жазып кеткен еңбектері өте көп екен. Мұның барлығы біздің оқырмандарға өте қажет. Ой салады. Дұрыс бағыт-бағдар береді.

Бұл орталық мерейтойлық жыл аяқталғанша қызмет көрсетеді. Бұл ғылыми орталық болғандықтан, жыл көлемінде әр түрлі шаралар ұйымдастырылады. Орталық жоспар бойынша,  Әл-Фараби оқулары, ғылыми конференциялар, кітаптардың тұсаукесерлері өткізеді. Орталық Ұлттық кітапханаға әл-Фараби мұраларын тануға келген оқырмандар үшін өте қол жетімді. Өйткені, оқырмандар іздеген кітабын дәл осы жерден алып, оқуына болады. Тапсырып беріп, уақыт жоғалтпайды.

Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ

(Суреттерді түсірген автор)

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *