Бас мүфти Қордай ауданына барғанда не айтты? (видео)

215

Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бастаған жұмыс тобы арнайы Жамбыл облысы, Қордай ауданына барды, — деп хабарлайды kazgazeta.kz muftyat.kz-ке сілтеме жасап.

Алғашқы жұмысын ол Қордай ауданындағы қақтығыста қаза тапқан Дархан Әбдірахымның отбасына барып, ата-анасы мен туған-туыстарынан көңіл айтудан бастады.

«Бұл – Алланың сынағы. «Тас түскен жеріне ауыр» деген. Қайғылы жағдайды естігенде егіліп, тілектес болдық. Қайғыңызға ортақпыз. Адам ұрпағымен мың жасайды. Енді Дарханыңыздың балаларын өсіріп, солардың қызығын көріңіз», — деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Одан кейін Наурызбай қажы Тағанұлы Сортөбе елдімекенінде қайтыс болған Рамазан Харсановтың үйіне де арнайы барды. Әлі де абыр-сабыр күй кешіп отырған әулетке басу айтып, сабырға шақырды.

«Бұл – өзімізге де, өзге ге де сабақ болды. Мұсылманның  мұсылман алдындағы  міндеттері бірі – бауырына мейірімді болу. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мүміндер бір-біріне сүйіспеншілік, мейірімділік және жанашырлық танытуда біртұтас дене тәрізді. Адамның бір жері ауырса, ұйқысы қашып, ыстығы көтеріліп, бүкіл денесі ауырған жерінің мұңына ортақтасады» деген. Міне, біз де соған сай амал етуіміз керек»  деді Бас мүфти қара жамылған отбасыға көңіл айта барып.

Наурызбай қажы Тағанұлы осы сапарында Сортөбе елдімекенінде тұратын дүнген ұлтының өкілдерімен де кездесіп, бірлік, татулық турасында уағыз айтты.

Сонымен қатар, Жамбыл облысындағы діни ахуал мен дүнген ауылдарының қазіргі хәлін білуге арнайы келген Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Қордай қарилар дайындау орталығының жай-күйімен танысты.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *