Интернет – бала үшін қауіп-қатер көзі ме, әлде…

632

Егер де бұрынғы жылдары ата-аналар балаларына келер қауіпті тек үйден сыртқары жерден күтсе, қазіргі кездегі қауіп-қатер көзі — үйдегі компьютер мен баланың қолындағы ұялы телефоны. Бұл — қазіргі заман шындығы.
Бүгінгі күнде интернеттен келер қауіп салдары ядролық қарудан келер қауіппен теңестіріліп отырғаны жайдан-жай емес. Технологиялар біздің күнделікті өмірімізге етене кіріп кеткені соншалықты, біз олардың пайдасын ғана ойлап, зияны туралы жүйелі түрде бағамдай бермейміз.
Еліміз бойынша компьютер арқылы жоғары жылдамдықтағы интернетке қолжеткізе алатын абоненттер саны қазіргі таңда – 2,5 млн болса, ал ұялы байланыс желілері арқылы интернетке қолжеткізетіндер саны – 14,4 млн жеткен, бұл халық саны 18 млн ел үшін жоғары көрсеткіш.
Бұл жерде балалардың да алар үлесі жоғары екенін пайымдауға болады. Енді осы орайда мектеп жасындағы балалардың интернетке қолжетімділігі мен пайдалану деңгейін бір саралап көрейік.
2018 жылы ауылдық жерлерде балалардың интернетті қолдану үлесі – 70 пайызды жуықтаса, ал қалалық жерлерде 75,7 пайызды құраған.
Еліміз бойынша 6-15 жас аралығындағы интернет желісін пайдаланушыларды жалпы республика көлемінде алсақ, 2017 жылы 67,9 %, ал 2018 жылы 72,9%, бір жылдың ішінде олардың үлесі 5 пайызға артқанын көруге болады, ал қалалар бойынша тарқатсақ, Алматы қаласы бойынша 7 пайызға өскен, яғни 74,6%, ал Нұр-Сұлтан қаласы көлемінде аса үлкен өзгеріс бола қоймаған, 2017 жылы 77,9 пайыз болса, 2018 жылы 78,6 пайыз.
Ғаламдық желі әр түрлі жастағы адамдарға қолжетімді және түрлі мақсаттарда қолданылады. Алайда, егер үлкен жастағы адамдар интернет кеңістікті шарлағанда өз қауіпсіздіктерін сақтай алса, ал балалар көптеген қауіп-қатерлерге кезігеді, мәселен жеке басқа қатысты ақпараттарды аңдушы кибер-алаяқтар мен балалардың өз-өздеріне зиян келтіріп, қол жұмсауына итермелейтін «өлімге итермелеуші топтар» құрған тұзақтарға түсіп қалулары мүмкін.
ҚР БҒМ балалардың құқығын қорғау комитетінің 2018 жылғы баяндамасында жарияланған мәліметтерге сүйенсек, еліміздегі балалардың 50 пайызы кешкі сағат 22.00-ден кейін интернетте отырады, балалардың 30 пайызының интернет пен әлеуметтік желілерге психологиялық жағынан тәуелділігі өте жоғары. Сұралған балалардың 10 пайызы әлеуметтік желілер арқылы қатыгездікті, зорлық-зомбылық жән діни мазмұндағы идеяларды насихаттайтын материалдарға қолжеткізетінін айтқан. Балалардың 40 пайызы ата-аналарының олардың виртуалдық қызығушылықтарынан мүлдем хабары жоқ екенін мәлімдеген.
Әрине, желідегі достықтың жақсы тұстары көп, яғни балалар қатарластарымен ой бөліседі, проблемалары жайлы айтады, дегенмен мұның жағымсыз жағы да бар екенін айтқан жөн. Мысалға, 2016 жылы Сандж зерттеу орталығының зерттеулері бойынша 8-11 жастағы балалардың 2,7 пайызы, 12-17 жастағы жасөспірімдердің 7,1 пайызы өздерінің шынайы өмірдегіден виртуалды достарының көп екенін және оның ішінде 1,5 пайызы достарының мүлдем жоқ екенін жариялаған. Жасөспірімдердің 2,9 пайызы әлеуметтік желі, интернет, мобильді қосымша арқылы кемсітушілікке, зорлық-зомбылыққа ұшырағандарын хабарлаған.
Бұл көрсеткіштер бізді ойландыруы керек… Бір ғана, балалардың 10 пайызының әлеуметтік желілер арқылы қатыгездікті, зорлық-зомбылық және діни мазмұндағы идеяларды насихаттайтын материалдарға қолжеткізу фактісі, бұл салада мемлекеттік деңгейде қолданылатын балаларды зиянды ақпараттардан қорғау жүйесінің тиімсіз болып отырғандығын көрсетеді.
Жауапкершіліктің бір ұщы ата-аналарға да тиіп жатыр, олардың 40 пайызының балаларының виртуалдық қызығушылықтарынан мүлдем хабары жоқ… Бұл — дабыл қағатын жағдай.
Ата-аналар арасында жүргізілген сауалнамалар негізінде (2017 жыл) мектептердегі интернет қауіпсіздігі мәселесі жақсарғанын, алайда электрондық тәуелділікті (телефонға, әлеуметтік желілерге, бейне ойындарға, селфиге) жоюдың алдын-алу шараларының нашарлағанын көруге болады. Мәселен, интернет, әлеуметтік желі, WhatsApp-қа тәуелділік – 39,1%, ойынқұмарлық (жасөспірімдердің компьютерлік, мобильдік ойындарға тәуелділігі) — 20,5%.
2018 жылы 6-15 жас аралығындағы балалардың ұялы телефонды қолдану үлесіне келсек, ауылдық жерлерде – 89,5%, қалалық жерлерде -82,7%. Ауылдық жерде олардың үлесі қаламен салыстырғанда 7 пайызға жоғары екенін көруге болады.
Интернет желісіндегі ақпараттарды, ұлттық сегменттегі ресурстардың мазмұнын бақылау мақсатында және ұлттық қауіпсіздікті сақтау бағытында жағымсыз ақпарат көздерінің алдын алу үшін дамыған елдер жылына 10 немесе 100 миллион доллар шамасында ақша жұмсайды. Мұның бәрі тегін жасалып жатқан жоқ, олар интернет арқылы келер қауіптің салмағын сезініп, осындай қадамдарға баруда.
Біздің елімізде де интернетті заңдық тұрғыдан реттеуді жүйелі түрде жүргізіп, әсіресе жас балаларды зиянды ақпараттардан қорғау шараларын күшейтсек дұрыс болар еді, осы орайда бұл бағытта қолданылатын шетелдік тиімді тәсілдерді талдап көрсек.
Қазіргі таңда интернетті заңдық тұрғыдан реттеудің тәсілдері әр түрлі, дегенмен оларды екі әдіспен жинақтап көрсетуге болады. Біріншісі – мазмұндық сүзгіден өткізу тәсілі (контент-фильтр), яғни нақты бір белгіленген сөз тіркестері мен тақырыптардың жиі қолданыста болатындығын анықтау. Екіншісі – «файербол» тәсілін қолдану, яғни интернет қолданушылар шетелде жарияланған материалдарға қол жеткізе алмайды, оларға заңдық тұрғыдан шектеулер қойылған. Бұл тәсілдер біздің елімізде де қолданылады.
Әлемдегі дамыған елдердің бірі АҚШ-та бұл жоғарыда аталған мәселелерді өзін-өзі реттеу шараларын қолдану арқылы шешу жағы қарастырылған, мысалы интернеттегі материалдардың мазмұнына бақылау жасаудың бірнеше тәсілдер бар. Соның бірі — арнайы бағдарламалық пакеттері бар құрылғы орнату, яғни бұл арқылы балалардың порнографиялық сайттарға қолжетімділігі шектеледі.
Келесі бір тәсіл – қоғамдастықтар арнайы бағдарламалар жинақталған ата-аналар бақылауы қызметін қолдануды ұсынады. Сонымен қатар көптеген бағдарламалар белгілі бір сөздер жинағынан тұрады да, олар қызметтің бұғатталуына әкеліп соғады. Бұл аталған бағдарламаларға балама тәсіл ретінде порнография мен тұтынушыларға арналған бейәдеп мазмұндағы материалдарды бұғаттаудың онлайн жүйесі қолданылады. Бұл жағдайда бұғаттауды тұтынушы емес, интернетпен қамтамасыз етуші мекеме іске асырады, бұл орнатуы да қолданылуы оңай әдіс.
Ересектер үшін қалыпты жағдай болып есептелетін материалдарды көруден балаларды қорғау мәселесі көпшілікті көп қызықтыра бермейді. Көп жағдайда интернетте әдепсіз сипаттағы, бірақ үлкендерге арналған маңызды мақсаттарды көздейтін медициналық және ағартушылық бағыттағы материалдар мен өзара көмек қолын ұсыну бағытындағы қажетті ақпараттар болады. Мәселен, ересектер порнографиясы АҚШ-та конституциялық тұрғыдан қорғалған, сол себепті де оған Интернетте шектеу қоюға болмайды. Бұл жерде V-чиптерге, цензура қойылған бағдарламаларға, онлайн қызмет көрсетуші провайдерлердің контент-скриндеріне жеткілікті дәрежеде сұраныс болу қажеттігі ескеріледі. Бұл тәсілдер ересектердің заңдық тұрғыдан қорғалатын бостандықтарына еш нұқсан келтірмейді, ең ұтымдысы – балаларды зиянды ақпараттардан қорғауға мүмкіндік береді.
1984 жылдан бастап Ұлыбританияда «Телекоммуникация туралы» заң қызмет көрсетушіге емес (поставщик услуг), контентті қамтамасыз етушілерге (поставщик контента) қолданыла бастады. Бұған қарамастан интернет саласында қызмет көрсетушілер де бұған атүсті қарамай, өз жұмыстарын қауіп-қатерге тікпеуге келісті.
Біздің елімізде де интернет саласында қызмет көрсетушілер өз іштерінде реттеуші топтар құрып, заңсыз материалдарға бақылау орнату арқылы билікке көмектесуді мақсат етулері қажет. Бұл шаралар үлкендердің құқығын сақтай отырып, ересектерге арналған контенттен балаларды тиімді қорғай алар еді.
Мемлекет, интернет қолданушылар және қызмет ұсынушылар бірлесе отырып, көпшіліктің пікір еркіндігіне қол сұқпайтындай, балаларды Интернеттен қорғаудың жүйесін құрастырып шығарулары керек.
Балалардың интернет қауіпсіздігі мәселесіне келгенде ескерер жайт, біздің елімізде бұл бағытта арнайы мамандар жүргізген зерттеулердің аздығы, жүйеленген ақпараттардың жоқтығы, бар болса да қолжетімді еместігі. Ең бастысы, ата-аналар балаларының Интернеттегі материалдарға қолжетімділігін қатаң бақылап, өз жауапкершіліктерін арттырғандары дұрыс.
Орынтай Ошанова,
филология ғылымдарының кандидаты,
доцент




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *