Нұр-Сұлтан қаласында карантин аумағын кесіп өту бойынша 56 факт тіркелді

297

Қазақстан астанасында наурыздың 19-25 аралығында карантин аумағын кесіп өту бойынша 56 факт тіркелді. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Полиция басқармасының басшысы Ержан Сәденов мәлімдеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Осы уақыт аралығында елордаға кіріп-шығудың ерекше режимін бұзғаны үшін 56 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 31 азамат 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 9 азаматқа 10 АЕК көлемінде айыппұл салынды, ал қалған 16 тұлғаға қатысты материалдар соттың қарауына жолданды», – деді Ержан Сәденов. Полиция мәліметінше, карантин аумағын заңсыз кесіп өтпек болған 56 оқиғаның 10-ы карантин талабын автокөлікпен бұзуға қатысты тіркелген.

«Адамдар карантин аумағын айналма жолдармен, сондай-ақ жазық дала арқылы өтпек болған. Мұндай фактілердің барлығының жолы кесілді. Айталық, карантин аумағының іргесінде елді-мекен бар: тәртіп бұзушы жаяу ауылға 5 литр арақ алып өтпек болған. Алайда ол сол жерде ұсалды»,- деді Сәденов. Естеріңізге салсақ, 19 наурызда елордалық Полиция департаменті қызмет өткерудің ерекше режиміне көшірілді. Осыған байланысты Нұр-Сұлтан қаласының бойымен Жібек жолы, Қосшы, Қараөткел, Талапкер және Қоянды елді-мекендерін қамти отырып, көлік құралдарының барлық түрінің кіріп-шығуы мен азаматтардың бүкіл бағыттар бойынша жүріп-тұруын шектеу үшін денсаулық сақтау органдарымен, Ұлттық Ұлан және Қорғаныс министрлігінің әскерлерімен бірге 7 қадағалау бекеті орнатылды. Қадағалау бекеттерінің арасында жедел топтар жұмыс істейді. Олар жол талғамайтын көліктермен және әуеден бақылау дрондарымен қамтамасыз етілген.  ІІБ мәліметінше, бүгінгі күні айналма жол арқылы патрульдік жасақтар ілесе отырып, 2 мыңнан астам автокөлік және 3 600 азамат транзиттік маршрутпен өтті. Оған қоса, Нұр-Сұлтан қалалық прокуратурасының үйлестіруімен уақытша шектеулер мен шаралардың заңды жүзеге асырылуын қадағалауды қамтамасыз ету мақсатында құрамына прокуратура, полиция және мемлекеттік кіріс қызметкерлері шоғырланған жедел топ құрылды. Наурыздың 16-сы мен 25-сі аралығы құқыққорғау қызметкерлері карантин режимінің сақталуын бақылау мақсатында барлық ойын-сауық орындарын тексерді. Қалада жалпы саны 2000-нан асатын ойын-сауық орындары тіркелген. Ол — мейрамханалар, дәмханалар, барлар, караоке-барлар, түнгі клубтар, бильярд және компьютерлік клубтар, қоғамдық тамақтану орындары, моншалар, сауналар және т.б. Тексеру кезінде жұмыс істеп тұрған 75 нысан анықталды. Олардың иелері карантин режимін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Екі саунаның иесі 5 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, қалғандарына 10 АЕК көлемінде айыппұл салынды. 1 900-ға жуық объекті ішкі істер органдарының алдын ала ескертулері мен талаптары бойынша өздерінің жұмыстарын төтенше жағдай кезеңіне дер кезінде тоқтатты.

Бұдан бөлек, аталған уақыт аралығында медициналық бетперделер мен антисептиктерді заңсыз саудалаудың 30 дерегі анықталып, кәсіпкерлік қызметпен тиісті тіркеусіз айналысқаны үшін әкімшілік материалдар толтырылып, олардың барлығына айыппұл салынды.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *