Ассамблея қайырымдылық жұмыстарын жалғастырды

126

Президент Қ.К. Тоқаев өз мәлімдемесінде «Бүгінде бүкіл еліміз дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің қайсарлығына тәнті болуда. Олар – адам өміріне араша түсіп жатқан бүгінгі күннің батырлары. Сондықтан, пандемияға қарсы күрестің алдыңғы легінде жүргендерге қосымша қолдау көрсету жөнінде шешім қабылдадым. Дәрігерлерге және медицина қызметкерлеріне 3 ай бойы қосымша үстеме ақы төленеді. Медицина қызметкерлерінің өмірін сақтандыру мәселесі де шешімін тапты. Әрине, ақ халатты абзал жандар бұдан да зор қолдауға лайық» деп атап өтті.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Мемлекет басшысының үндеуіне үн қоса отырып, біздің барлығымыздың қауіпсіздігіміз үшін күнделікті өз денсаулықтары мен өмірлерін қатерге тігіп жүрген дәрігерлерге, медбикелер мен санитарларға қолдау көрсету акциясын ұйымдастырды.

2020 жылғы 3 сәуірде республикалық #bizbirgemiz акциясы аясында Алматы қаласы Қазақстан халқы ассамблеясы Алматы облысының № 11 шағын стансасына көмек берді.

1 млн теңге сомасында 160 азық-түлік сөмкесі жиналып, жедел жәрдемнің 71 қызметкеріне таратылды.

Акцияға ҚХА Кәсіпкерлер қауымдастығы, Долкунтай Абдулхалил басшылық ететін «Metall Prom Group» ЖШС қолдауымен «Қазақстан ұйғырларларының республикалық этномәдени орталығы», Алматы қаласы «Жаңғыру жолы» РЖҚ еріктілері атсалысты.

Бүгін шағын стансаның медициналық қызметкерлері Т.Қ. Жүргенов ат. Қазақ ұлттық өнер академиясының жатақханасына орналастырылып, жұмысқа ауысыммен шығуда. Олар өз отбасылары мен жақындарын қалдыра отырып, ештеңеге қарамастан аянбай еңбек етуде.

Бұдан бұрын СҚО ҚХА жанындағы «Ассамблея» бірлескен қоры Петропавл қалалық ауруханасының дәрігерлері үшін обаға қарсы 25 қорғаныш костюм жиынтығын сатып алған болатын. Тағы 10 арнайы костюм сатып алу жоспарланып отыр.

Нұр-Сұлтан қ. Қазақстан халқы Ассамблеясының «Радима» белорус этномәдени орталығының төрағасы, композитор Дмитрий Останькович қазақстандық медиктерге арнап «Посвящение врачам» атты өлең жазды.

Профилактикалық жұмыстар аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері еліміздің барлық өңірлерінде күшейтілген карантин енгізілмес бұрын мұқтаж жандарға 170 мыңға жуық қорғаныс маскаларын таратып, 3,5 миллион теңгеге жуық сомада материалдық көмек көрсетті, оны қазақстандық 700-ден астам отбасы алды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Біз біргеміз!» акциясы жалғасуда.




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *