Алматыда заңсыз жұмыс істеген казино анықталды

430

Алматыда карантин кезінде жұмыс істеген заңсыз ойын мекемесі анықталды, деп хабарлайды ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі.

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы қаласы бойынша департаменті мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті ҚР Ұлттық ұланының «Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлімшесін тарта отырып, наурыз айынан бастап елдегі төтенше жағдай мен Алматы қаласындағы карантин режимі уақытында жұмыс істеген заңсыз ойын мекемесі әрекетінің жолын кесу бойынша ауқымды операция өткізді.

«Осы жедел-іздестіру іс-шарасы сәуірдің 24-інен 25-іне қараған түні өткізілді. Ведомстволардың қызметкерлері қаланың орталығында орналасқан әкімшілік ғимаратта 30-дан астам келуші мен персонал ұсталды. Құмар ойыны өтетін орынға кіру үшін арнайы өткізу жүйесі әрекет еткен, ол бойынша ішке тек тұрақты келуші ғана кіре алатын болған. Аумағы 1 000 шаршы метрден асатын казино ішінде тінту барысында покер мен америкалық рулеткаға арналған 6 үстел, көптеген ойын картасы мен фишкалар, сондай-ақ заңсыз әрекеттен түскен бір күндік ірі мөлшердегі ақша тәркіленген», делінген хабарламада.

Заңсыз ойын мекемесін ұйымдастыру фактісіне қатысты ҚР ҚК 307-бабының 2-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

«Жасырын казиноға» қатысқан адамдардың барлығына қатысты төтенше жағдай режимін бұзу фактісі бойынша әкімшілік хаттама толтырылған.

 




ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *