Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Аймақ тынысы
  • 15 Желтоқсан, 2020

Түркістанда Шəмші Қалдаяқов ескерткіші бой көтерді

Тәуелсіздік күні қарсаңында Түркістан қаласында əйгілі композитор Шәмші Қалдаяқовқа ескерткіш орнатылды. Ескерткіш «Ақжайық» музыка мектебінің алдында орын тепті. Композицияның ашылу салтанатына облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әлімжан Құртаев, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Көпен Әмірбек, музыкалық продюсер Қалдыбек Құрманалиев, «Ш.Қалдаяқов» пойызымен Алматыдан арнайы келген қонақтар, зиялы қауым өкілдері мен журналистер қатысты.

Түркістан облысы – қазақ даласына қаншама дарынды сыйлаған киелі мекен. Əнімен кең даланы тербетіп, «қазақ вальсінің королі» атанған, Қазақстан Республикасы Әнұранының авторы Шәмші Қалдаяқовтың биыл туғанына 90 жыл толып отыр. Отырарда туып, ән падишаһы атанған, қайталанбас дарын иесінің есімін ұлықтау – бізге артылған абыройлы міндет. Түркістан қаласының жаңа орталығында бой көтерген композитордың ескерткіші – облыс жұртшылығына, қазақ еліне мереке қарсаңында тамаша тарту болып отыр», - деді облыс әкімі.

Демеушілер есебінен қаржыландырылған ескерткіш қоладан құйылған. Биіктігі – 2,5 метр, ұзындығы – 3,5 метр. Авторы – Қазақстанның Еңбек сіңірген өнер қайраткері, кәсіби шебер мүсінші Тілеуберді Бинашев. Композицияда Қалдаяқовтың шығармашылық ой үстінде отырған сәті бейнеленген. «Сазгер бейнесінің жас жеткіншектерді өнерге, мәдениетке баулитын «Ақжайық» музыка мектебінің ауласында бой көтеруі – заңдылық. Халықтың суретке түсуіне, жақынырақ келіп көруіне ыңғайлы. Қазақ руханиятының жандануына өлшеусіз үлес қосып, бүкіл қазақ жерін тербеткен Шәмші бейнесі жас өнерпаздарды ізгілікке бағыттайтын бағдары болары сөзсіз. Түркі жұртының рухани астанасы – Түркістан қаласында дарынды тұлғалардың есімі ұлықталуы – қазақ руханиятындағы ілкімді істің бірі», - деді Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінен.



840 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз