Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 03 Сәуір, 2024

Гуманитарлық көмек қабылдау орталықтары қалай жұмыс істеп жатыр?

Қазір еліміздің әр қаласында су тасқынынан зардап шеккендерге гумантитарлық көмек көрсету орталықтары жұмыс істеп жатыр. Біз Алматы қаласындағы гуманитарлық көмек көрсету орталығына барып, орталықтың жұмысын көзімізбен көріп қайттық. 

Алматы қаласы Алмалы ауданының комьюнити орталығында ашылған қабылдау пунктінің жұмысына қаланың 10-нан астам ірі волонтерлік ұйымы («QAMQOR CHARITY» ҚҚ, «Қазақстан волонтерлар лигасы» ҚҚ, СФРМ, Black Sea Fund «Newman» және т.б.) мен 50-ден астам ерікті жұмылдырылған. Алматы қаласы волонтерлер орталығының жетекшісі Бағдат Анарбаеваның айтуынша, қала тұрғындары мен кәсіпкерлер барынша көмек көрсетіп жатыр.

«Су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға жиналған азық-түлік және тұрмыстық заттарды енді жөнелтуге дайындап жатырмыз. Ақтөбе, Орал қалалары қазіргі таңда басты назарда. Зардап шеккен аймақтармен байланысты күшейтіп, нақты керек тауарлардың тізімін жасап, оларды күнделікті жаңартып отырмыз», - дейді Бағдат Анарбаева.

Алматылықтар 3 күн ішінде 1 тоннадан астам гуманитарлық көмек жинаған. Еріктілердің сөзінше, матрацтар, жеке гигиеналық заттар, генераторлар мен поуербанктер, қол жарықтары көп қажет. Сонымен бірге балалардыңжөргектеріне (памперстер) де сұраныс көп екен. 

«Киімдер мен азық-түліктер көптеп түсіп жатыр. Біздің талаптарға сәйкес, азық-түліктер ұзақ мерзімді сақталатын болуы шарт. Ал киімдер бойынша көбіне сыртқы жылы киімдер мен етіктер қажет. Сонымен қатар, олардың жаңа болғаны абзал», - дейді еріктілер. 

Қазіргі уақытта әуе компанияларымен келісім жүргізіліп жатыр. Жиналған заттарды ұшақпен, не жүк көліктерімен жөнелту жоспарланып отыр. 

Айта кетейік, таңғы 10:00-ден кешкі 19:00-ге дейін есігі ашық көмек көрсету орталығында жұмыс қызып жатыр. Жастар жиналып, тауарларды қораптарға бөліп салып, іріктеп, әрбір қорапқа қорап ішіндегі тауарлардың аттарын жазады. Соңынан арнайы жапсырма жапсырылып, тиісті аймаққа жөнелтіледі.

Еріктілердің де жас екрешілігі әр түрлі. Мысалы, Зере есімді ерікті мектеп оқушысы екен. Бірақ жас та болса бас болып, көмекке жұмылған көпшіліктің ортасына табылған ол өз ісіне риза. 

«Адамдарға көмектесу өзіме ұнайды. Зардап шеккен аймақтарға аз да болса көмегімді тигізу мен үшін қуаныш. Сондықтан 1.5 жылдан бері осы салада қызмет етіп келемін», - дейді ол. 

Көмек қолын созуға кәсіпкерлер және белсенді жастардан бөлек қарапайым  қала тұрғындары да ағылып келіп жатыр. Көмекке керекті заттар алып келген қала тұрғыны Алина ханымды біз есік алдында жолықтырдық. 

«Не көмек көрсетерімді білмей жатырмын. Хабарларға қарағанда таза төсек жабындылары жетіспей жатқанын естідім. Сонымен қатар, азық-түліктер де керек деді. Қолымнан келгенше алып келіп отырмын», - дейді қала тұрғыны. 

Егер сіз де су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға көмек көрсетемін десеңіз, Алматы қаласы, Байтұрсынов көшесі, 2 үйге келіңіз. Керекті тауарлар мен оларға қойылатын талаптарды жоғарыда атап өттік. 

Қиындықпен қоғам болып бірге күресу еліміздің татулығы мен ынтымағын күшейте түседі. Күшіміз бірлікте!

Айгерім Құтжанова

"Қазақ газеттері"

5091 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз