Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 01 Сәуір, 2024

Кітапқұмар ұлт жас ұрпақтан қалыптасады

Сағын Иманбаева, Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесі №4 кітапхана-бөлімшесінің басшысы

Кітапханашы – адамзатқа құндылық сыйлайтын мамандық. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда кітапхана ісін жетілдіру, жас ұрпақтың кітапқұмарлығын ояту, Ұлттық кітап күнін белгілеу, жастардың шығармашылығын, білімін ұштауына мүмкіндік беру турасында келелі ой айтып, игілікті іске жұмылуға шақырды. Біздің Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесі №4  кітапхана-бөлімшесінің басшысы Сағын Иманбаевамен арадағы әңгімеміз осы төңіректе өрбіді.

– Сағын Кәденқызы, бүкіл өміріңіз ағартушылыққа, кітапханаға байланыс­ты өтіп жатыр. Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда Президент қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру қажеттігін атап өтіп, депутаттар тарапынан түскен Ұлттық кітап күнін белгілеуді қолдады. Сіз не дейсіз?
– Кітап – адамзаттың баға жетпес ұлы құндылығы, мәдениет пен руханияттың теңдесі жоқ  сарқылмас рухани қазынасы. Кітап бетінде адамзат тіршілігінің сан қилы құпия сыры сақталған. Кітап – уақыт пен кеңістіктің тынысына толы адамзат ойының жемісі. Кітап – ғылым мен білімнің қайнар бұлағы. Кітап – адамның жан дүниесінің  рухани қазынасы. Кітап оқу білімділікті, мәдениеттілікті, адамның өзін-өзі тануын білдіреді. Философиялық тұрғыда ой толғаған Абай атамыз: «Артық ғылым кітапта, ерінбей оқып көруге», – десе,  ұлы драматург Шекспир: «Кітап маған тақтан да қымбат», – деген.  Көрнекті жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Адамды адам   еткен – Кітап, адамзат еткен – кітапхана» деп кітаптың құдіретін, оның мәртебесін асқақтатып көрсетуінде де үлкен мән бары сөзсіз. 
Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаевтың кітап пен кітапхананың қоғамдағы орнын ерекше атап көрсетуі, барша кітапханашылар қауымы үшін үлкен жаңалық, жаңашыл бастама болды.  Мемлекет басшысының Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы ұсынысы барлық кітапсү­йер қауымға ерекше бір серпіліс сыйлады. Ұлттық кітап күнін белгілеу – халқымыздың асыл мұрасы кітапқа көрсетілген  құрмет, ал кітапханашы үшін үлкен жауапкершілік. 
– Бүгінгі кітапхананың жай-күйі қалай? Оқырманға қызмет етуге толыққанды мүмкіндік бар ма?
– Алматы қаласының көптеген кітапханасы заман талабына сай  жаңғыртылып, модернизациядан өтіп, заманауи үрдіске сай өз оқырманына жаңа форматта кітап­хана қызметі көрсетіліп жатыр. Барлық кітап­хана жаңа ақпараттық технологиялық құралдармен, жаңа жиһаздармен, заманауи интерьермен жабдықталды. 
Бүгінде қала  кітапханалары білім іздеген жастардың басын қосатын, халықтың рухани жан дүниесін байытуға өз үлесін қосатын және білім іздеген әр оқырманға бағыт-бағдар беретін руханият ордасына айналып отыр. Алматылық оқырманның кітап оқу мәдениетін қалыптастыратын, оқырманның білім көкжиегін кеңейтуге ықпал жасайтын жаңа форматта әртүрлі кешенді мәдени іс-шаралар ұйымдас­тыру арқылы әдебиет әлемдегі жаңалықтарды жарнамалаушы, ұлттық рухани құндылықтарды насихаттаушы мәдени орталыққа, сондай-ақ жастарды қызықтыратын дәстүрлі және жаңа әдістермен кітап фестивалін, әдеби челендж-байқаулар, шығармашылық бенефистер, түрлі танымдық кештер, дөңгелек үстелдер, әдеби конкурстар және басқа мәдени іс-шараларды онлайн, оффлайн түрінде өткізетін пікір алмасу орталығына, түрлі үйірмелер мен жобалар аясында ақпараттық жұмыс жүргізетін ірі креативті хаб-орталықтарға айналғаны қуантады. 
Кітапхана қорлары  қазақ тілінде жарық көрген отандық және әлемдік классиктердің озық туындыларымен толықтырылып жатыр. Қазірдің өзінде жастардың кітап оқуға деген құлшынысын арттыру мақсатында түрлі шаралар өтіп жатыр ғой. Кітапхана үрдістері «МегаПро» автоматтандырылған ақпараттық-кітапханалық бағдарламаға көшіріліп, кітап қорын электрондық-цифр­лық ресурсқа көшіру жұмысы кеңінен жүргізіліп жатыр.
Мен өзім қызмет атқаратын Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесі №4 кітапхана-бөлімшесі 2021 жылы   Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен кітапханада модернизациялау жұмысы жүргізілді. Бүгінгі таңда кітапхана – пайдаланушылар мен кітап, ақпараттық ресурстар арасындағы алтын көпір, жастарға ұлттық рухани тәрбие беретін, ірі ақпараттық мәдениет ошағы және қаламыздағы ең үздік кітапханалардың бірі. Кітапхана заман талабына сай жаңа ақпараттық технологиялық құралдармен жабдықталған. 70 мыңнан астам кітап қоры, 100-ден астам ресейлік және респуб­ликалық мерзімді басылымдар бар. Жыл сайын 12 мыңнан астам оқырманға сапалы ақпараттық-кітапханалық қызмет көрсетіп, оларға 276 мыңнан астам кітап береді. Кітапхана қызметкерлері де үнемі қаламыз­дың мәдени және саяси-қоғамдық өміріне белсене қатысып, оқырманды ұлттық құндылықтар мен қазақстандық патриотизмге тәрбиелеу мақсатында жаңа форматта түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастыруда нәтижелі еңбек етіп келеді.  Кітапханада оқырманға қызмет көрсететін тіркеу орны, оқу залы, абонемент, интернет залы, медиа­зал, балалар бөлімі, кітап сақтау бөлімдері бар. Оқырманға тәжірибелі, кәсіби білікті 16 қызметкер сапалы қызмет көрсетеді. Бөлім қызметкерлері өз оқырманын ұлттық әдебиетіміз бен мәдениетіміздің бай мұрасымен, туған өлке тарихымен, әлем жазушыларының озық туындыларымен, ақпараттық технологиялар жүйесіндегі өзгерістермен, күнделікті   жаңалықтармен  уақтылы таныстырып отырады.
– Кейде іздеген кітабымызды таба алмаймыз. Кітапхана оқыр­ман сұранысын қаншалықты қанағаттандырып отыр?
– Сауалыңыздың төркінін түсіндім, нақты жауап берейін. Кітап көбінесе 2–3 данадан, кейбір сұранымы жоғары кітаптар тек бір данадан келеді. Кітапханада жоқ кітаптарды Орталық кітапханадан, басқа кітапхана-бөлімшелерінен кітап­ханааралық абонемент арқылы алып береміз. Кейбір өте керекті ғылыми кітаптарды (баспалардың, жазушылар мен ақындардың өтініші бойынша) Ғылым ордасының кітапханасынан, ЖОО кітапханаларынан алып береміз. Әсіресе «Өнер» баспасы бұрын аз данамен шыққан кітаптарды жаңадан басып шығарады. Ол кісілер іздеген кітап біздің кітапхана қорында жоқ болған кездері болды, өтініштері бойынша басқа кітапханалардан алып бердік. Қандай оқырман (кішкентай баладан зейнеткерге дейін) болмасын, біздің кітапханадан кітапсыз қайтпайды, оқырманның кез келген сұранысын орындауға тырысамыз.
Кітапхана қоры жоғары іскерлік әдебиеттермен, «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру»  бағдарламасы аясында шыққан ғылыми-танымдық  және отандық әдеби шығармалармен, мерзімді басылымдармен уақтылы толықтырылып отырады. Оқырман өз білімін тек кітап қоры арқылы ғана емес, интернет жүйесі ұсынатын жаңа ақпараттармен және «Юрист» анықтамалық базасындағы мәліметтер арқылы да тегін толықтырады. Кітапхана жұмысында жаңа технологияларды қолдану кітапхана қызметінің сапасын арттырып, оқырман санын толықтырып, олардың  білім деңгейінің көтерілуіне көп пайдасын тигізуде. 
Бүгінгі оқырман жастардың талабы да заман талабына сай өте жоғары, олардың сұранысын қанағаттандыруға біздің кітапханада жаңа деңгейде жауап беруге барлық жағдай жасалған. Кітапхана Алмалы ауданында орналасқан  Білім беру мекемелерімен, мәдениет ошақтарымен, Қазақстан Жазушылар одағымен, Ардагерлер алқасымен, кітап баспаларымен тығыз байланыс орнатып, олармен  бірлесе оқырманның біліми, мәдени белсенділігін арттыратын, жастардың бойында қазақ халқының ұлттық мінезі мен намысын қалыптастыратын, туған халқының тарихына, тіліне, өнеріне сүйіспеншілігін тудыратын мәдени іс-шараларды жаңа әдістермен өткізуге көп көңіл бөледі. Сонымен қатар жастарды бос уақытын қызықты әрі тиімді  өткізуі үшін кітапханамызда бірнеше клуб пен үйірме бар: «Руханият» кітапқұмарлар клубы, «Домбыра-дастан», «Дарын»,  «Ардагер», «Шебер қолдар», «Отбасылық кітап оқу» т.б. Клубтар мен үйірмелердің негізгі міндеті – отандық және әлемдік әдебиеттің үздік туындыларын насихаттау, жастарды кітап оқу мәдениетіне тәрбиелеу және кітап оқу арқылы өзін-өзі тәрбиелеуге деген талғамын ояту, оқуға бағыт-бағдар беру, қала тұрғындарын кітапхана қызметін белсенді пайдалануға тарту, жастарды қолөнерге, шығармашылыққа баулу. 
Биыл кітапханамыздың кітап қоры әрбір оқырманның сұранысына орай  мемлекеттік тапсырыспен шыққан сұранымы жоғары жаңа кітаптармен, электрондық оқулықтар мен қазақ әдебиеті классиктерінің шығармаларымен толықтырылды. Сондай-ақ «Мазмұндама» баспасынан шыққан «Qazaqsha 100 BESTSELLER», «Оқуға тиіс 10 кітап», «Әдеби өлкетануды дамыту», «Жаңа қазақ әдебиеті» сериясымен шыққан мотивациялық кітаптар, үздік аударма бестселлер, тарихи шығармалармен толықтырылды. Қазақ әдебиетін модернизациялау, әлемдік деңгейге көтеру мақсатында бұрын-соңды еш жерде жарияланбаған туындыларды жинақтаған «Жаңа қазақ әдебиеті» сериясымен шыққан шығармалар мен жастарды әдеби кітаптар оқуға ынталандыру, поэзия оқуға қызықтыру, шығармашылыққа, шешендікке баулу мақсатында «Тәуелсіздік сөзі» сериясымен Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен шыққан жас ақындардың жаңадан шыққан әдеби кітаптары кешенді іс-шаралар арқылы кеңінен насихатталады.
– Білімді, белсенді жастар көп. Дегенмен сапалы ұлтқа айналу үшін жастардың кітап оқуға құлшынысын қалай арттырамыз?
– Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз кітап оқуға деген сүйіспеншілікті бастауыш сыныптан бастап қалыптастырсақ қана кітап оқитын ел бола аламыз. Ал жас ұрпақтың сауатты болуы үшін балалардың көркем әдебиет оқуы өте маңызды» дегені белгілі. Осыған орай,  кітапханалар әрда­йым мемлекет саясатын насихаттайтын орталық ретінде оқырманның кітап оқу мәдениетін қалыптастыру қажеттігіне  көп мән беруі керек. Біз кітап оқуға деген сүйіспеншілігін ерте жастан, баланың мектепте оқып жүрген кезінен бастап қалыптастыруымыз керек. Кішкентайынан кітап оқуға құлшынысы бар балалар мен жасөспірімдердің болашақта жетістікке жету мүмкіндігі жоғары болады. Сол себепті көптеген елдер «кітап оқуға» шақырудың түрлі-түрлі тәсілдерін ойлап тауып жатыр. Техника мен заманауи гаджеттер дамыды десек те, оларды басқару үшін білім қажет. Біздің кітапханада балаларды үзбей кітап оқуға қызықтыратын іс-шаралардан мысал келтірейін: «Жарқын жазды кітаппен қарсы аламыз», «Үкілі үміт», «Отбасымызбен бірге оқиық» т.б. жобалар бар. Жобалардың мақсаты – балаларды көркем әдебиет оқуға ынталандыру, поэзияға деген сүйіспеншілігін қалыптастыру, шығармашылығын шыңдау, шешендік өнерге баулу. 
Бұл жобалар аясында кітапхана қызметкерлері кітапханаға келген бүлдіршін оқыр­манға жаз айында оқуға тиіс кітаптардың тізімін беріп, жеңімпаз оқырманды құнды кітаптармен марапаттап отырады. Ата-­анасына балаларын кітап оқуға үйретуді, кітап оқуды баланың бойындағы дағдыға айналдыруды қадағалауды тапсырады. Біздің кітапхана мен «Өнер», «Жазушы», «Мектеп» баспаларымен тығыз тұрақты серіктестік байланыс орнатылған. Баспаларға сыйлыққа түскен кітаптар кітап буккроссингілері, әдеби байқаулар және ойын-викториналар кезінде тегін таратылады, бұл да балаларды кітап оқуға ынталандыратын тиімді әдістердің бірі деп білеміз, себебі жеңімпаз атанып, сыйлыққа алған кітабын бала қызығып оқиды деген ойдамыз.
«Жарқын жазда – 100 кітап оқиық» атты жобамыздың мақсаты – балалардың жазғы демалыста 100 және одан да көп кітап оқуын үндеу. Оқырманға жаз айында оқуға тиіс кітаптардың тізімі арнайы дайындалады және әрбір оқырман өзіне қызықты кітаптарды таңдап, жаз айларында оқи алады. Алайда әлі де кітапханаларда балалар қызығып оқитын, әдемі безендірілген кітаптардың саны аздау және баспалардан шыққан жаңа кітаптар кітапхана қорына кешігіп түседі. 
Жастайынан кітап оқыған бала көзі ашық, білімді, саналы азамат болып қалыптасады. Әрине, бүгінгі заманда жас ұрпақтың басты назары әлеуметтік желі, ғаламтор болып отырған кезде, олардың кітап оқуға құштарлығы азайып барады. Осыған орай, «Балалар кітапханасы» жобасы аясында шыққан кітаптарды жаңа әдістермен насихаттаудың әдістерін іздестіру керек. Жас буынның кітап оқуға қызығушылығын ояту мақсатында  ата-­ана – мектеп – кітапхана – баспа арасында тығыз шығармашылық байланыс орнатылып, нақты жүйелі жұмыс жүргізілсе дейміз. Болашақта балаларды кітап оқуға қызықтыру мақсатында мектеп бағдарламасына әдеби кітаптарды дауыстап оқытып, рөлге бөліп оқып, қойылым қою, кітапты талдап, ой бөлісуге тәрбиелейтін арнайы сағаттар бөлінсе, балалардың бо­йында кітап оқу дағдысын қалыптастыруға әсері мол болар еді. Біздің кітапханада жас ұрпақты кітап оқуға қызықтыратын, жаңа қызықты кітаптарды насихаттайтын «Алматы – оқырман қала» акциясын, «КітапФест» фестивалін, «Кітап оқуды сәнге айналдыр», «Жазда 100 кітап оқы», «Жастар оқуға тиіс 50 кітап», «Оқуға құштар оқырман», «Дарынды оқырман – дара тұлға», «Жұлдызды отбасылық оқырман» атты  әдеби байқаулар, зияткерлік ойындар мен кітап буккроссингілері сияқты әдеби іс-шаралар кешенді түрде өтеді. 
Бүгінгідей ақпараттық қоғамда оқу мен «кітап оқитын адам» ұлттық құндылыққа айналып бара жатыр. Кітап оқитын ұлт – кітап оқитын балалардан, жас ұрпақтан қалыптасады. Кітап оқымайтын жасөспірімдермен тұрақты түрде жұмыс істеудің түрлі тәсілдерін жаңа әдістермен іздестіріп, оларды кітап оқуға ынталандыра білу керек. Заманауи  жастардың талғамына сай әсем безендірілген трендтегі сұранымы жоғары мотивациялық кітаптармен кітап қорын уақтылы толықтырып отырған дұрыс. 
«Ұлттық кітап күні» мерекесі – зайырлы еліміздегі кітап оқитын жастардың қатарын арттыруға бағытталған мемлекеттік деңгейдегі үлкен бастама болмақ. Бұл бастама аясында кітапхана қоры отандық және әлемдік әдебиет пен көркем мәдениеттің озық туындыларымен толығып, талғамы жоғары оқырман қызықты кітаптармен уақтылы танысатынына  сенеміз.
Білімді, ойы жүйрік, бәсекеге қабілетті, дарынды, рухани-адамгершілігі бар тұлғаны тек қана жаңа тұрпатты, кәсіби жаңғырған кітапханашы ғана тәрбиелей алады, сондықтан біліміміз бен қажыр-қайратымызды арманы асқақ, рухы биік ұрпақ тәрбиесіне аянбай қызмет етуге арнаймыз.
– Әңгімеңізге рақмет!

967 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз