Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 24 Наурыз, 2024

Абай Сағитов, биология ғылымының докторы, профессор: Қандай ағаш өсірген дұрыс?

Қазақ даласының 4,5 пайызын ғана орман құрайтынын ескерсек, оның 2,5 пайызының сексеуіл екені мәлім болса, демек, ел аумағындағы тоғай алқабы бар-жоғы 2 пайыз. Ағашсыз өңірдің тұрғындары қандай ауамен тыныс алып жүргенін ойлау тіптен қиын.
2020 жылдың 1 қыркүйегінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты жолдауын ел назарына ұсынғаны белгілі. Жолдаудың 7-бөлімінде еліміз бойынша 2 млрд ағаш отырғызу керегі туралы мәлімдеді. Жобаны іске асыру үшін әр мектеп ордасы, колледж, техникум, университет өз алдына миллиондап ағаш отырғызуға әрекет қылуы керек. Әрбір мектеп жоқ дегенде 500 түп ағаш отырғызуға тиіс. Ағашты жай отырғыза салмай, тамшылап суару техникасы арқылы күтіп-баптауды да назарға алған дұрыс.
Енді әрбір азамат ел аумағындағы ағаштың көбеюі үшін не істеп отыр және не істей алады деген сауалдың жауабын табуға ұмтылсақ. Жеке өзім 8 гектар жерге бақ өсірдім. Жаңғақ, алма, өрік отырғыздым. Ағаш отырғызудың машақаты көп болғанымен, оның өзіңе ғана емес, бүкіл адамзатқа әкелетін игілігі мол екенін ескере келе, бақ көлемін ұлғайту да ұлағатты іс екенін аңғаруға болады. Бір жағынан, бақтағы жеміс ағашының өнімін жинаймыз, екінші жағынан, көмірқышқыл газын сіңіріп алып, ауаға оттегін жаятын ғажайыбын байқаймыз. Негізінде, көмірқышқыл газын оттегіге айналдыратын ағаш жетерлік. Мәселен, қазір туранганы (немесе азиялық теректі) өсіріп жатырмыз. Бұл ағаш құмды және тұзды топырақтарда өседі. Оның қуатты тамыр жүйесі топыраққа 30 метрге дейін тереңдей алады. Ол азиялық терек құм шөгінділерінің астынан жерасты суын тауып, ең қатаң жағдайда тіршілік етуге қауқарлы. Тамыры тереңге бір тартса, әрі қарай ерекше күтіп-баптаусыз өзі-ақ өсіп жетіле береді. Яғни ел аумағына осындай ағаштарды молынан өсірсек, ұтарымыз да көп болмақ. 
Қазір, өкінішке қарай Алматы қаласында ағаш кесудің жарысы басталып кеткендей көрінеді. Бұлай жалғастыра берсек, қаланың барлық жасыл желегін құртып алуымыз мүмкін. Бұл қауіпке түрлі зиянкестердің көбейгенін қосыңыз. Ауыл шаруашылығы министрлігі шетелдік бипрепараттарды тіркеудің орнына, бірыңғай улы химикаттар мен пестицидтерге ден қойған. Бұл препараттардың сапалы диагностикасын дәл анықтау үшін 30 миллион доллардан аса тұратын заманауи жабдық жоқ екенін назардан шығармайық. Еуропа, АҚШ, Қытай, тіпті Өзбекстан 2023 жылдан бастап пестицидтерден толығымен бас тартты және зиянды организмдермен күресуде пайдалы жәндіктер болып саналатын биологиялық заттар мен феромон тұзақтарын пайдаланып, органикалық егіншілікке көшті.
Ал Қазақстан, өкінішке қарай, улы химикаттар үйіндісіне айналып келеді. Сондықтан Үкімет бұл қауіпті мәселе туралы ойлап, ауылшаруашылық өнімдерінде 10 есе көп, адамдарды уландыратын және орман зиянкестерімен күресуде тиімді емес улы химикаттарды қолдануды үзілді-кесілді тоқтатуы керек деген пікірдемін. 
Мәселені айттық қой, енді одан шығатын жолды да іздеп көрсек. Қазақстанның топырағында тез тамыр тартып кететін, жылдам өсетін ағаш жоқ емес, бар. Міне, сондай ағаштарды және қоршаған ортаға пайдасы көп, эстетикалық тұрғыдан да оңтайлы, қазіргі қала ауруы – аллергияны көп қоздырмайтын тал-дарақтар туралы айта кетсем деймін. 
Елімізде өсіруге қолайлы ағаштың бірі – Шынар дер едім. Шынар – Балқан түбегінде, сондай-ақ Қиыр және Таяу Шығыс елдерінде тамыр жайған өсімдік. Бұл ағаштың басты қасиеті қа­йың сияқты тез өсетінінде. Жас шынар жылына екі метрге дейін биіктеуі мүмкін. Ол ылғалды топырақ пен жарықты жақсы көреді. Шынар 15 градусқа дейінгі аяздан қорықпай өсе береді. Қазақстанда шынардың мамықсыз түрін өсірген дұрыс. Мамыр айының аяғына қарай күн жылынғанда шынарды отырғызсақ, күзде 3 метрге дейін өседі. Шынардың биіктігі 15 метрге жетсе, жапырақтары 1 т дейін көмірқышқыл газын оттегіге айналдырып жібере алады. 
Елімізде өсіруге қолайлы тағы бір ағаш – терек. Оны тұрмыстық мақсатта, отын үшін өсіреді. Теректің көлеңкесінде қарағайлар жақсы өседі. Қырым қарағайы да елімізде жақсы өсуге тиіс ағаш. Бірде Калифорниядан қарағай алып келдік. Жалпы, қарағайдың ағашы мықты және қатты. Оны кеме құрылысында, авиацияда, теміржолда және құрылыста кеңінен қолданады. Қарағайдың діңінде шайыр көп мөлшерде кездеседі. Одан скипидар мен канифоль алынады. Бұл ағаш жылына 1м 60 см биіктейді.
Акацияның биіктігі 25–30 метрге жетеді. Өсімдіктің отаны – Солтүстік Америка. Емдік қасиеті, әдемілігі және ағашы мықты болғандықтан, Еуропа елдерінде ХVІІІ ғасырдан өсіріледі. Біздің елде де тез тамыр жаятын ағаштың бірі.
Жиде еліміздің барлық өңірінде өседі. Биіктігі 10 метрге дейін жетеді. Жапырақтарының үстіңгі беті сұрғылт көк, астыңғы жағы ақшыл, діңі мен бұтақтары жылтыр, қызыл қоңыр түсті. Жапырақтары сопақша келген, ұзындығы 3–8 см, ені 0,4–1,8 см. Гүлінің жұпар иісі жүз метрге дейін жетеді. Жиденің гүлінен ара бал жинайды. Жаңғақ ағашының да қоршаған ортаға пайдасы мол әрі еккенге тиімді. Жаңғақтың арасында шырша, арша сынды ағаштар жақсы өседі. Яғни елімізде жидені де, жаңғақты да көбірек егуге тырысқан жөн.
Жер аумағының 70 пайызын орман алып жатқан АҚШ-та белгілі бір азаматтың 100 га жері болса, оның 5 гектарын ағашты көбейту мақсатында көшет отырғызады екен. Олар әрбір ағашты еккеннен кейін «іс бітті» деп қарап отырмайды. Америкалықтар әрбір ағашқа ерекше күтіммен қарап, оны баптайды, тазалайды, қорғайды. Зиянкестер түссе, ағашқа баспалдақ арқылы шығып, құлаққа арнайы есту құралын тағып, сол зиянкесті іздеп тауып алады. Ағаштың зақымдалған бөлігін кесіп алып, инъекция жасайды. Бір сөзбен айтқанда, әрбір ағаштың өмірі үшін күреседі. Алматыда, мәселен, зиянкес түсті деп ағашты кесуге құмарлар көп. Бізде де ағашты кесуге ұмтылмай, діңіне зиянкес ұя салғанымен, тамыры терең әрі сау ағаштың әрі қарай өсуіне жағдай жасауымыз керек. 
Ағаш отырғызу – тәрбие. Ауыл адамдарына ағаш отырғызу кәсібін үйретсе, сол іске баулыса дұрыс болар еді. Бұл, бір жағынан, егіншіліктің дамуына да жол ашады. Сондықтан әр көктем сайын ағаш отырғызарда «Қандай ағаш өсірген дұрыс?» деп ойланып қойған да дұрыс.

 

5721 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз