Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 20 Наурыз, 2021

Су сарсаңға салмасын

Адамға аса қажет ауамен қатар суды атауға тиістіміз. Өйткені су — ырыстың көзі, тіршіліктің нәрі. Мұндай маңызды қажеттілікпен қамтамасыз ету қай қоғамның да басты борышы.

Ұлт пәлсафасында суға қатысты тәмсіл жеткілікті. Соған сай қазақтың «таза болсаң, судай бол, бәрін жуып кетірген. Жақсы болсаң, жердей бол, бәрімізді өсірген», «су бергеннің — сауабы бар, су төккеннің жауабы бар» дегендей, қанатты сөз қалған. Жалпы, бүгін су тақырыбын қозғаудың сыры бар, олай болатыны, тірі ағза үшін таза су татымды байлық, көп тұтынатын тауар.

Қазір Жаңақорған ауданында ірі үш мәселе бар. Бірі – су! Ол да болса – Жаңақорған кентінде!

Ашығын айтқанда, кент, ауылдық елді мекендер бойынша орталықтандырылған ауыз су жүйесіне 91,4% қол жеткізілді. Орталықтандырылмаған 3 елді мекен (Кеңес, Қосүйеңкі, Құттықожа) скважинадан ауыз су пайдалануда. Енді ауыз су айналасындағы атқарылып жатқан жұмыстар мен жобаларды жан-жақты жеткізгім келеді. Жасыратыны жоқ, жыл сайын аудан халқының артуына байланысты ауыз су тартудың да өз мәселелері туындап тұрады.

Бүгінгі таңда Жаңақорған ауданында 35 елді мекен болса, оның 32 елді мекені орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған.

Мысалы, 2013 жылдан бастап Сунақата, Еңбек, Екпінді, Сүттіқұдық, Төменарық, Қожамберді, Жайылма және Жаңақорған кенті, барлығы 8 елді мекен «Жиделі» топтық су құбыры» желісі арқылы қамтылып келеді. Бұл желінің жабдықтары мен құрылғыларының тозығы жетті, соған сәйкес жоба - сметалық құжаты әзірленіп, 2021-2022 жылдары республикалық бюджеттен қаржыландыру үшін бюджеттік өтінімді Қызылорда облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына ұсынылды.

Тынымсыз тірлік кешу мен сауатты құжат әзірлеудің нәтижесінде 3 жоба (Сунақата, Төменарық, Екпінді) облыстың экономикалық жиынтық бағдарламасына еніп, республикалық бюджеттен 825,5 млн теңге қаражат қаралуы мақұлданды. Ал, «Жиделі топтық су құбырынан» қамтылатын Сүттіқұдық, Қожамберді, Жайылма елді-мекендерінің су жүйесін жаңғыртуға аудан бюджетінен жоба-сметалық құжат дайындалуға қаржы бөлінді. Ашығын айтқанда, кеңестік кезеңнен ауыз су үлкен мәселе болған Жаңақорған кенті күрделі жағдайдан шығып келеді. Бұл бағытта жобаның 2-ші кезеңінде – 40 км, 3-ші кезеңінде – 37,7 км, 4-ші кезеңінде – 194,1 км орталық ауыз су құбыры жүргізілген. Кенттегі 33 000 мың халықтың 33 пайызы «Жиделі» топтық су құбырының суын тұтынып отыр. Биыл, 2021 жылы кенттегі ауыз су сервистік желісінің құрылысы біткен жағдайда суға мұқтаждық тоқтап, сумен қамтамасыз ету мөлшерімен 100 процент деңгейге жетеміз. Қалған 24 елді мекен: - оқшау (локалды) су жүйелермен қамтылған.

Енді аудандағы елді мекендер бойынша мәселе мынадай: «Ақбұлақ» бағдарламасымен бастау алып «Нұрлы жол» бағдарламасымен жалғасын тауып құрылысы жүргізіліп жатқан «Сырдария және Талап топтық су құбырының құрылысы» жобасында Сырдария өзенінің шығыс беткейіндегі 12 елді мекеннің 19381 халқын және Сырдария өзенінің батыс беткейіндегі 16 елді мекеннің 23564 халқын таза ауыз сумен қамту қарастырылған. Бұл жұмыстар жоспар бойынша 2021 жылы толық аяқталуы тиіс.

Әрине, жұмыс жеткілікті. Оның уақтылы және сапалы атқарылуына қоғамдық бақылау жүргізіліп келеді.

Өздеріңізге белгілі, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында «Жаңақорған кентінің тұрғын үйлеріне су құбырын жеткізу сервистік желісін салу» жобасының мердігері мен басқа компанияның соттасуы салдарынан іс төрт айға жуық тоқтап қалды. Соның салдарынан өткен жылы толық бітіруге тиісті жұмыстар биыл жалғасып жатыр.

«Сырдария топтық су құбырының құрылысы» 2019 жылдың желтоқсан айында аяқталғанымен, сумен қамтамасыз етуші Бас тоған (Головной водозабор) Талап топтық су құбырының құрамында болуына байланысты, толыққанды іске қосылмай отыр. Осы жағдайлар тұрғындардың алаңдаушылығын туғызуда. Себебі, аталған нысандағы су ұңғымалары жобадағы су алу дебитінің жоспарынан суды кем беруде. Тіпті алдағы уақытта аудандағы 27 елді-мекенге су жеткізіп бере алмау күдігі көңілге ұялайды. Қазіргі таңда Талап топтық су құбырын 2021 жылдың соңына пайдалануға беру жоспарланған. Осыған сәйкес Сырдария топтық су құбыры да «Талаппен» қатар іске қосылатын болады.

Міне, осы жағдайларды жеткізе отырып, үстіміздегі жылдың сәтті қадамына тілеулес болып отырмыз. Бұл әлеуметтік мәселенің күре тамыры десек, ауыз суға тәуелділікті жоюға жұмыс жүріп жатыр.

Жақсы сөз – жарым ырыс деген, алдағы уақытта су сарсаңға салмасын деп тілейік. Күніміз шуақты, көліміз суатты, еліміз қуатты болсын!

Руслан Рүстемов, Қызылорда облысы Жаңақорған ауданының әкімі

846 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз