Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 20 Наурыз, 2021

Ел болам десең, бесігіңді түзе!

       Бала – бақыт. Баланың тәтті күлкісі – әлемдегі баға жетпес байлықтардың бірі. Сəбидің нәзік әрі сезімтал болатыны соншалық, жанын жаралау оңай келеді. Әйтсе де, балалық шақта салынған сызат, өсе келе өмірлік жараға алып келуі мүмкін. Ересек шақтағы психикалық ауытқулар да, дәл осы бала кездегі ауыр жағдайлардың салдарынан туындайды.

        Бүгінгі ата-аналардың көпшілігін бала үшін бір уақытта мейірімді де қатал бола білу, барлық жағдайда сырлас жақын дос бола білу сынды мәселелер жиі ойландырады. Әрине, баланы тәрбиелеу арқылы біз, бүтін бір ұлтты тәрбиелейміз. Ендеше, балам жақсы болсын десеңіз бала тәрбиелеуде оң нәтижесін беретін төмендегі пайдалы кеңестерге жүгінуді ұсынамыз:

Кез келген іс секілді бала тәрбиесі де сатылы деңгейде жүргізілгені жөн. Тәрбиенің жемісі баланы жасына қарай тәрбиелеген кезде ғана берекелі болмақ.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» демекші, ата-ана қандай қылық жасаса да, бала да сондай қадамға баратыны сөзсіз. Себебі, ең бірінші олар үйдегі әкесі мен анасынан үлгі алады. Сондықтан, бала сіздің айнаңыз екенін ұмытпаңыз!

Егер көңіл-күйіңіз жоқ болса, баланы тәрбиелеуге кіріспеңіз. Баламен жақсы қарым-қатынасты орнату үшін ата-ананың жақсы көңіл-күйде болуы маңызды. Өйткені, сіздің жарқын энергияңыз балаға жақсы әсер етеді.

Бала үшін сырлас дос болып, кез келген уақытта қолдайтын, ақыл-кеңес беретін жақынына айналыңыз.

Перзентіңізді өмірлік ұстанымына берік, тұрақты әрі адал болуды үйретіңіз!

Бос уақытыңыз болса, балаға көңіл бөліңіз.. Бала өзіне бөлінген көңіл арқылы өзін әркез сенімді сезінеді.

Өз айналасындағы адамдарды, өмірді сүюді үйретіңіз. Бұл бір жағынан, оның қоғамда жеке ойы бар дара тұлға болып қалыптасуына әсер етеді. Екінші жағынан, баланың өзімшіл болуына тосқауыл болады.

Баламен тілдесу барысында оның көзіне тіке қарап, оны мұқият тыңдай біліңіз. Сол арқылы сіз оның жан дүниесіне тереңінен үңіліп, алаңдатқан мәселелерін нақты түсіне аласыз.

Егер балаңызбен ренжісіп қалсаңыз, оның бірнеше күнге созылуына жол бермеңіз. Бұл жағдайда балаңызбен тез татуласуды қолға алыңыз. Реніш балаңызды қатты уайымға салуы мүмкін.

Балаңызды жиі мақтап, сіздің өміріңіздегі оның орны жайлы айтып отырыңыз. Ол баланың шыңдалуына әсер етіп, үйге қарай асығуына себеп болады.

Баланың пікірі мен жеке таңдауына құлақ асыңыз. Иә, сіздің онымен мүлдем келіспеуіңіз мүмкін, бірақ оның ойын құрметтеп, сынға алмағаныңыз дұрыс.

Баланы өзі жасаған әр іске жауап беруге үйретіңіз. Шешім қабылдау, таңдау сынды құқықтарды өзіне қалдырыңыз.

Ол орындай алмайтын талаптар қоюдан алшақ болыңыз. «Ата-анамның үмітін ақтай алмадым» деген ой баланы үлкен күйзеліске алып келеді.

Ешқашан өткен шақта жасаған қателіктерін бетіне баспаңыз. Ол оның болашағына кедергі келтіріп, өзіне деген сенімділіктің жойылуына септігін тигізеді. 

Балаға мына бағалы қасиеттерді дарытуға тырысыңыз, керек болса өзіңізді дарытуға міндеттемін деп санаңыз. Олар: жауапкершілік, құрмет, шешім қабылдау. Себебі, өз өміріне жауапкершілікпен қарайтын, алдына кезіккен әр адамға құрмет көрсететін, қиын күнде еңсесін тік ұстайтын адамның биік шыңдарды бағындыратыны хақ.

 

         Ардақты ата-ана, өткенге өкініп, «әттең-ай, ата-аналық парызымды орындай алмадым» деп өкінішке бой алдырғыңыз келмесе, бала тәрбиелеу жолында барлық мүмкіндікті қолданыңыз! Сонда ғана сіз әрқашан өз перзентіңізбен мақтанатын боласыз!

 

Дайындаған Ақерке Сабырқызы

 

2329 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз