- Qazaq gazetteri TV
- 06 Мамыр, 2021
«Қазақ сахнасының ірі тұлғасы» көрмесі өтті

Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театрымен бірлесе отырып, ҚазССР Халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері Серке (Серәлі) Қожамқұловтың 125-жылдығына арналған «Қазақ сахнасының ірі тұлғасы» көрмесін өткізді.
Іс-шараға Алматы қаласы Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Д.Абзалиденұлы, М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры директорының орынбасары Ж.Толғанбай, театр директорының кеңесшісі, режиссер Е.Обаев, режиссер Ә.Рахимов, театр музейінің жетекшісі Н.Тамабекқызы, Серке Қожамқұловтың қызы М.Қожамқұлова және С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық-драма театрының директоры Д.Сәкенұлы қатысып,ақ пейіл, ақжарма тілектерін жеткізді.
Театр музейі қорынан арнайы «Қазақ сахнасының ірі тұлғасы» атты ұйымдастырылған көрменің лентасын Мәриям Қожамқұлова және режиссер Әубәкір Рахимов қиды.
Тақырыптық һәм хронологияық тұрғыдан жүйелі топтастырылған мазмұнды көрмеден театр жанкүйерлері актердің көзі тірісінде пайдаланған жеке заттары мен ойнаған спектакльдерінде киген костюмдерін, сондай-ақ театр сахнасы мен экранда сомдаған рөлдерінен тізбектелген фотосуреттер галереясын тамашалап, көзайым болды.
Көрме кәсіби ұлттық театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі Серке Қожамқұловтың бейнесін жаңғырту, театр тарланының шығармашылық өмір жолын өскелең ұрпаққа насихаттауды мақсат етеді.
Көрменің салтанатты ашылу рәсімінен соң қарашаңыраққа жиналған қауым Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» музыкалық драмасын тамашалады.
Жанарбек Әлихан

40560 рет
көрсетілді0
пікір