Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 27 Сәуір, 2024

Қазақстандық курсанттар математикадан халықаралық олимпиадада үшінші орын алды

Алматыда ТМД-ға мүше мемлекеттер жоғары әскери оқу орындарының курсанттары арасында математикадан VIII Халықаралық олимпиаданың жеңімпаздарын құттықтау рәсімі өтті.

Марапаттау рәсіміне Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы полковник Мұрат Олжабаев, ТМД-ға мүше елдер қорғаныс министрлері кеңесі хатшысының көмекшісі полковник Олег Пивень, Алматы Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының бастығы полковник Қайрат Дәуітов қатысты. 

Аталған біріншілікте Қазақстан командасы үшінші орын иеленді. Екінші орын Беларусь курсанттарына бұйырды. Олимпиаданың бас жүлдесі – Ресей Федерациясы Қорғаныс министрінің ауыспалы кубогы мен оның символын – мүсіншені Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің атынан Ресей құрамасы алды. 

Жеке біріншіліктің қорытындысы бойынша қазақстандық Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының курсанты Нұрберген Ізғали қола медальге ие болды. Күміс жүлдені Беларусь Республикасының Әскери академиясынан Серафим Василевский алды. Ал армия генералы А. В. Хрулев атындағы Ресей материалдық-техникалық қамтамасыз ету әскери академиясының өкілі Владимир Заревин алтын медаль еншіледі.

Өзбекстан мен Қырғызстаннан келген олимпиада қатысушылары ерекше тапқырлықтары үшін алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Қорытындылай келе, ҚР Қорғаныс министрлігі Әскери білім және ғылым департаментінің бастығы полковник Мұрат Олжабаев мұндай іс-шаралар достық байланысты дамытуға және әскери жоғары оқу орындары арасында ғылыми білім беру тәжірибесімен алмасуға ықпал ететінін атап өтті. 

Әскери білім ордасының тәрбие және идеологиялық жұмыс басқармасының жеке құрамы қатысушыларға арнап маңызды бағдарлама ұйымдастырды. Шетелдік жоғары оқу орындардың курсанттары мұражайларға барып, Алматының көрікті жерлерімен танысты. Оларға арнап әскери-спорттық жарыстар да өткізілді. Онда Қазақстан командасы үздік деп танылды. Екінші – Қырғызстан, үшінші орын Өзбекстан курсанттарына бұйырды.

167 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз