Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 26 Шілде, 2021

Аятжан Ахметжанұлы: Обал ғой, балаларыңызға!

Қазіргі уақытта орыс сыныбына сабақ беретін мұғалімдер табылмай жатыр. Бірақ баласын орысша оқытқысы келетін ата-аналар азаймай отыр. Ал мұның себебі неде? Мұны түсіну үшін ұстаз Аятжан Ахметжанұлының пікіріне назар салыңыз.

-«Адам осынша ақиқатты мойындамас топас бола ма?

Өзіңіздің емес, балаңыздың болашағын ойрандап жатқаныңызды білесіз бе?

Төрт жыл бұрын «Орыс сыныбында оқитын қазақстандық балаларға жаным ашиды» деп көлемді мақала жазған едім. ( Сілтеме https://kazbilim.kz/?p=5299)

Төрт жыл өтті, әлі орыс сыныбына жүгіретін ата-аналар көбейіп жатыр.

Айналайын, ата-аналар, көздеріңізді ашыңыздаршы! Мына посттағыдай жыласаңыз да амал жоқ! Енді Қазақстанда орыс сыныбының болашағы жоқ!

Неге? Жоғарыдағы аталған мақаланы оқып шығыңыз. Оған 4 жылда қалыптасқан дүниеге байланысты бір-екі мәселені айтайын!

Біріншіден, жыласаңыз да, орыс сыныбына бастауыш мұғалімі де, жоғары сынып мұғалімі де табылмайды!

Неге?

Бірінші, қазір бітіруші түлектерде қазақ/орыс сыныбының үлесі - 75% / 25%. Ал орыс сыныбын бітірген түлектердің басым бөлігі этникалық орыстар Ресейге кетіп жатыр. Қазақстанда қалатын бөлігі санаулы ғана. Ал олардың білім нәтижесі туралы айтудың өзі қиын. Себебі 10-15 жыл бойы университетке қазақ тобы 90-мен түскен мамандыққа орыс тобы 70-пен әрең түсті.

Екінші, өткен жылдан бастап университетке грант іріктеуі тілге бөлінбейді. Бұның әсерінен қазір қазақ сыныбы орыс сыныптарына тіпті грантқа түсу мүмкіндігін де қалдырмайды. Университеттердің орыс топтары жаппай жабылуда. Қазақ топтарында 100 бала жүрсе, орыс топтарында 4-5 бала оқып жүр. Бұл - болашақта да маман тапшылығы ешқашан жойылмайды деген сөз.

Үшінші, қазір кез келген мектеп директорынан сұрасаңыз, орыс сыныбына мұғалім таппайды. Көбі зейнет жасынан асып кеткен. Ал қазақ сыныбына мұғалім іріктеп алуға мүмкіндік бар. Ал орыс сыныбына іріктеу жоқ, табылғанын алады. Тіпті таппағандықтан сыныптарды 30-40-45 оқушыдан етіп ұстайды. Ал қазақ сыныптары 20-25 тен отырады. Амалы жоқ! Орыс сыныбына мұғалім жоқ!

Енді айналайын, ата-аналар, осындай жағдайды көріп тұрып, құрып жоғалып бара жатқан орыс сыныбына балаңызды бересіз бе? Обал ғой, балаларыңызға!

Екіншіден, қазір жарылып кетсеңіз де ҰБТ тапсырған түлектердің орыс тілінде тапсырғандардың орташа балы қазақ тілінде тапсырғандардан әлдеқайда төмен. Неге? Білім сапасы төмен! Мойындамасаңыз да, мойындасаңыз да шындық осы.

Үшіншіден, орыс сыныбы сіз балаңызды бергенмен енді азая береді, азая береді. Таза орыс мектебі енді ешқашан жаңадан ашылмайды. Ал аралас мектептердегі орыс сыныбы жоғала береді. Оны сіз құтқара алмайсыз. Онда мектепте қазақ сыныбы көбейген сайын барлық басымдық қазақ сыныбына беріледі. Себебі олар көп. Тәрбие іс-шаралары қазақ тіліне ауысады. Ал сіздің балаңыз тіл білмей шеттей береді. Жаныңыз ашымай ма балаңызға?

Бұның бәрін билік жасамайды. Тарих өзі жасайды. Барлығын жоғарыдағы мақалада дәлелдеп бергенмiн. Әрине, сізге мойындау қиын шығар, бірақ ертең балаңыз үлкейген сайын сезесіз. Ол кезде бәрі кеш!

Қазақстан - қазақтың байырғы тарихи отаны. Оның жалғыз мемлекеттік тілі бар, ол - қазақ тілі!

Ал болашақ мектептер тек мемлекеттік тілде болатын күн жақын. Қазақ тәуелсіздік алғалы 30 жыл болды, ояныңыз, құрметті орыс тобына баласын сүйрегіш ата-аналар!

Сіздің балаңызға бiздiң жанымыз ашиды. Ал сіз өзіңіздің балаңызды ойлаңыз!»,-деді Аятжан Ахметжанұлы өзінің жазбасында.

846 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз