Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 06 Тамыз, 2021

Жабайы алма бақтарын сақтау болашақ үшін маңызды

Қазақ жеміс-көкөніс ғылыми зерттеу институты 2-6 тамыз күндері «Алманың атамекеніне саяхат» атты бес күндік ғылыми экспедиция өткізді. «Жоңғар Алатауы ұлттық паркі» аумағында өткен экспедицияға институт ғалымдары, шетелдік әріптестер, экологтар және баспасөз өкілдері қатысты.

Сапар алдында институтта өткен брифингте «Қазақ жеміс-көкөніс ғылыми зерттеу институты» ЖШС директоры Серік Садықов іс-шараның мақсат-міндеті жөнінде айта келіп, алманың қазіргі мәдени сұрыптарын өсіруде жабайы алма ағаштарын сақтаудың маңызды екеніне тоқталды. Қазіргі таңда Қазақстан алманың отаны екені дүние жүзі ғалымдары тарапынан мойындалған. Біздің еліміздегі Тарбағатай, Іле Алатауы, Жоңғар Алатауы бөктерлерінде Сиверс алмасының ормандары миллиондаған жылдардан бері бар екені дәлелденген. Атақты Алматы апорты осы жабайы алманы селекциялау жолымен алынған мәдени сұрыптың бірі. Қазіргі күні де 1000-1700 м биікте өсетін жабайы алма тұқымдарын пайдалану негізінде алманың түрлі сұрыптары алынады. Сиверс алмасы академик Аймақ Жанғалиевтің кірісуімен Қызыл кітапқа енгізілген.

Алайда қазіргі таңда жабайы алма белдеуіне үлкен қауіп төніп тұр. Экологиялық проблемалар, жаһандық жылыну, антропогендік фактор, бактериялық аурулар, өсімдік зиянкестері және басқа себептер Сиверс алмасы ормандарының жылдан-жылға азаюына, алма белдеуінің ескіруіне әкеп соғуда. Сондықтан ғалымдар бірегей алма бағын сақтап қалуға бүкіл қоғам назарын аударып, дабыл қағып отыр.

Ғылыми экспедицияға қатысушылар Жоңғар Алатауы ұлттық паркі аумағындағы жабайы алма өсетін белдеуді көзімен көріп, ғалымдардың зерттеу жұмыстарымен танысты. Мұнда Қазақ жеміс-көкөніс ғылыми зерттеу институтының арнайы тұқымдық учаскелері бар, ғалымдар тұрақты түрде мониторинг жүргізіп отырады. Атап айтқанда, алманың жаңа сұрыптарын алу, өсімдік зиянкестерінің пайда болуы себептері, оларды жою жолдары, алма ағашын табиғи жолмен сақтап қалу және т.б. Ғалымдар зерттеу жұмыстарын жүргізуде Ұлттық қорық қызметкерлері тарапынан көп көмек көрсетілетінін атап өтті.

Биология ғылымдарының докторы, профессор, Сиверс алмасын сақтау жөніндегі Халықаралық қор құрылтайшыларының бірі Наталья Огарьдің айтуынша, ерекше алма бағының гендік қорын сақтап қалу үшін жұмыстар жүргізіліп жатыр. Біраз уақыт бұрын Қазақстан генетикалық биоматериалдар

саудасы туралы халықаралық конвенцияны ратификациялады. Яғни қазақстандық биогенетикалық қор мемлекет қорғауына алынған.

Экспедиция мүшелері – француз ғалымы Ольга Киселева және Германия үкіметінің өкілі Тимур Шефер Қазақстанда жабайы алма бақтарын сақтау қалу дүние жүзі үшін маңызды екенін алға тартты. Қазақстандағы Сиверс алмасы дүние жүзі бойынша мәдени алма сұрыптарының негізгі көзі, түп-тамыры болып есептеледі. Бұл болашақ ұрпақ үшін керек. Сол себепті еуропалық әріптестер Сиверс алмасын сақтауға қатысты жобаларға қолдау танытып келеді.

Сондай-ақ ғылыми экспедиция барысында институттың биотехнологиялар зертханасының меңгерушісі, биология ғылымдарының кандидаты Светлана Долгих «Сиверс алмасының және кәдімгі өріктің генетикалық түрлерін генбанкте сақтау» деген тақырыпта баяндама жасады. Ғалым Қазақ жеміс-көкөніс ғылыми зерттеу институты зертханаларында жабайы алма мен өріктің табиғи түрлерін сақтап қалу жөнінде атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Ал Жер өңдеу және өсімдіктану ҒЗИ қызметкері Жанна Исина Сиверс алмасының зиянкестері және олармен күрес туралы айтты.

Жалпы отандық биолог және ботаник ғалымдар Сиверс алмасын сақтау бағытында жүйелі зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Іле Алатауы бөктерлерінде түрлі себептермен жабайы алма ағаштары өсетін табиғи ареалдың көлемі азаюына байланысты, ендігі міндет – Жоңғар Алатауы аумағындағы Сиверс алмасын осы қалпында сақтау. Және де ғылыми-зерттеу мекемелерінде гендік қор банкін қалыптастыру қажет. Бұл үшін мемлекет және қоғам тарапынан тиісті назар аударылуы, ғалымдарға қаржылай қолдау көрсету мәселесі күн тәртібінде тұр.

ДИНА ИМАМБАЕВА

1626 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз