Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 26 Тамыз, 2021

Биыл 6000 отбасы көшуі керек

Солтүстік өңірлерге көшкен отбасы бірден 3 мәселенің шешіміне қол жеткізеді. Баспана, тұрақты жұмыс, шаруашылық жер. Ал мемлекет үшін -жұмыс күші, демография, қалыпты экономикалық даму сақталады.

Мұның сыртында ең бастысы соңғы кездері жиі талқыға түскен ұлттық мәселелер-тіл, діл, дін, руханият көптің қалауымен өз шешімін табар еді. Сондықтан да аталған ортақ мақсаттардың шешімі біркүндікті емес, көпжылдықты талап ететіндіктен, солтүстікке көші-қонды тұтас ел болып жүргізуге атсалысуымыз қажет.

Биыл Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Еңбек» бағдарламасы бойынша Солтүстік өңірлерге қоныс аударушылар үшін 6039 отбасыға квота бөлді. Ал шетелден келген қандастарымызға 1426 отбасыға квота ұсынылып отыр.

Қандастарымыз үшін Ақмола облысы – 258, ШҚО – 195, Қостанай – 350, Павлодар – 500, СҚО 123 адамды қабылдауға дайын. Ал ішкі көші-қон үшін ШҚО-ға 637 квота дайындалса, Қостанай 455 адамды қабылдайды. Павлодар облысы 2600 адамды қабылдаса, СҚО 2347 тұрғынды қарсы алмақ. Бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бақылауында тұрған маңызды тапсырма.

Түркістан облыс әкімдігі, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы және «Nur Otan» партиясының Түркістан облыстық филиалы «Еңбек» бағдарламасын жүзеге асыру бойынша бірлесіп жұмыс атқарып келеді.

Биыл жыл басынан бері 7 айда Солтүстік өңірлерге Түркістан облысынан 302 отбасы, яғни, 1341 тұрғын қоныс аударды. Бұл – республика бойынша қоныс аударушылардың 30 пайызы. Өңірде көші-қонды ұйымдастыру және ақпараттық жұмыстар күшейтілді. Жетекші партияның филиалдары, барлық аудан, қаладағы жұмыспен қамту орталықтары бұл бағытта бірлесе жұмыс атқаруда. Депутаттарымыз бен белсенді азаматтарымыз да стратегиялық маңызды іске үлес қосуда. Мәселен қоғам белсендісі, кәсіпкер Жаңабай Ағабеков биыл арнайы автобус бөліп, қоныс аударуға ниеттілерді Солтүстікке апарып келді. Өзі көші-қонды насихаттап, демеушілік танытып жүр.

Осы жұмыстар нәтижесінде биыл аудандарда жұмыс жандана түсті. Мысалы 2020 жылы барлығы 347 отбасы - 1066 адам қоныс аударса, биыл 7 айдың өзінде осы көрсеткішке жақындап қалдық. Жыл соңына дейін деректер толығатыны анық. Былтыр Сайрам ауданынан 42 отбасы құрамында 141 адам көшсе, биыл 7 айдың өзінде 150 тұрғын жаңа мекенге көшіп отыр. Сонымен бірге Жетісай (118 адам), Сарыағаш (142 адам) аудандарында да қозғалыс бар.

Пандемия экономикаға ғана емес, көші-қонға да кері әсерін тигізіп жатыр. Дегенмен біз бұл жұмысты тоқтатпаймыз. Карантин көптеген жоспарларды өзгертті. Енді онлайн бағытта насихатқа барынша көңіл бөліп, коммуникацияның барлық түрін қолданатын боламыз. Жуырда телеграмм әлеуметтік желісінен «Түркістаннан – Теріскейге» атты арнайы арна іске қосылды. Оған мына https://t.me/joinchat/vcDAgk2Cet9hOGYy сілтеме арқылы тіркеліп, «Еңбек» бағдарламасы туралы тұрақты түрде мәлімет алуға болады. Сонымен бірге Түркістан облысындағы аудан, қалалардағы жұмыспен қамту орталықтарының арнайы мамандарының байланыс нөмірлерін назарларыңызға ұсынуды жөн көрдім. Солтүстікке көшу бойынша сұрақтарға жан-жақты жауап береді.

Бағдарлама басталған 6 жылдың ішінде Түркістан өңірінен 2024 отбасы - 7381 адам көшіпті. Халқының саны 3,2 млнға жақындаған, жылына 80 мың сәби туылатын Түркістан, Шымкент үшін бұл көп емес. Тағы да еселей түсуіміз керек.

Бейсен Тәжібаев

636 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз