Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • ҮРКЕР
  • 23 Сәуір, 2010

Сары күзге сағынышымды ұшырдым

d0b4d0b8d0bdd0b0d180d0b02Сайран да салған сайран күн, Есімді алып еліткен. Көзімнен ұшқан қайран күн, Қыз-жүрегімді еріткен. Талайдың көзін сүрінтіп, Көңілінде жүрген қыз едік. Қабырғасын ердің бүгілтіп, Көкірегенде қалған күз едік... Ерніне салып естелік, Бал болып тамған сөздер-ай... Кездесуге де кеш келіп, Төзімін үзер кездер-ай... Жанына дерт боп жабысып, Жігітке болдық арман-қыз. Тәнімен түн боп алысып, Әйел боп әзер қалғанбыз... Жүректе қалды сызат-мұң, Уақытқа сендік өтпелі. Жылайтын болдық ұзақ-түн, Аллаға айтып өкпені... Ол мұңның бәрі мөлдір ед, Махаббат еді желісі... Бұл күнгі жарым кім білед, ...Сол сезімдердің жемісі... * * * Мен сол күн сұлуланып, Қарай бердім жүзіңе жиі ұрланып. Көкте тұрды Күн-ием көмкеріліп, Ұялшақтау қызының күйін бағып. Мен сол күн күліп жүргем, Кездеріңді ұмытып түңілдірген. Саған деген сезімнің жалын болып, Өзімді өртейтінін бұрын білгем. Сен сол күн қарамадың... Өзің жаққа құмартып қадаламын. Қабақ түйсең-күйзеліп, күлгеніңе - күлімсіреп отырам бар амалым... Сен сол күн бөлек едің... (Бір намысқа, ашуға бөгелемін!) Бүгінгі азабыңды сезген болсам, ...Дәл кеше құшағыңда сөнер едім! * * * Жарымнан да безіндім... Жырдың ғана құдіретін аңсадым... Тірлігімнің табанында езілдім, Бәрінен де шаршадым... Ләззатымның балынан да ұшындым, ...Неге екенін сұрама... Сары күзге сағынышымды ұшырдым, Батқым келді күнәға... Мендік өмір – босағаға байланған, Деймін, «өлең керек пе?» Отбасымның ошағына айналғам... Күнәларым – етекте... Ар жолына садаға қып тастағам, Тыншымаған жанымды. Құс жастықты қасіретімдей жастанам, Кім түсінсін халімді?! * * * Биігіңмен сүйсіндірген ақылдым, Тәніме кеп тапталдың. Ақ таңыңды ай түнетіп атырдың, Сымбатыма сақталдың. Аппақ бұлтты бесік етіп тербеттің, Аспаныңа асылып... Шөліркеген шөл далаға мен кеттім, Құмға ізімді жасырып. Деміңменен өртедің де бір демде, Нөсер болып шашылдың... Жауыныңның жауратпасын білдім де, Қауыз болып ашылдым. Көздеріңнен құлағанда кірпігің, Көкте жүрген екенбіз... Үмітіне үзілгенде үрпінің, Адасқанбыз екеуміз... Жалғаса да берер ме еді Жарық күн, Жасын келіп түспесе! Жай отына жанып бір сәт жатыппын, ...Дәл осы кез бітпесе! * * * Жұмыс іздеп жүрдім, Жұмыс та таптым ыңғайлы, Талдайтын тіпті, таразылайтын жыр жайлы. Ақындығымнан, қатындығым озған шығар-ау, Бастығым келіп миығыменен ымдайды. Тағы да кеттім, арыма салып салмақты, Түсінетін сірә, шыныменен жан жоқ па? Пейілі таза ағалар бізде қалмапты, Сандырақ ойым сан жақта... Жүрегімнің үнін тыңдатқым келген талайға, Көркіме келіп, күл болып кеткен ерлерің. Түңілмедім де, түсінгенім еді алайда, Еркек дегенің, еркектігіне сенгенін! Азаппен күлгем, мазағына төзіп тағдырдың, Ертеңгі шығар күнімде, білем, арай бар. Үстелге талай бір тілім арыз қалдырдым, «Тұрақсыз ғой деп» сөгеді бәлкім талайлар. Қалыпқа симас, табытқа сияр қалпыммен, Жарық әлемде, жарқылдап жүрсем, арманым. Жазылған жырым, жасаса мәңгі халқыммен, Бес күндік өмір бермей-ақ қойсын қалғанын! Динара Мәлікова

1440 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз