Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • ҮРКЕР
  • 23 Сәуір, 2010

Үш әңгіме

d18dd0bbd18cd0bcd0b8d180d0b0Эльмира ЕРІКҚЫЗЫ Алматы облысы Іле ауданы қазіргі Өтеген батыр кентінде туған. 2004 жылы Оңтүстік Қазақстан Гуманитарлық академиясының журналистика факультетін, 2008 жылы әл-Фараби атындағы ҚазМУ-дың магистратурасын бітірді. Бұған дейін мен үшін есімі белгісіз болып келген жастың қолжазбасын сәл-пәл күдікпен, аздаған сенімсіздікпен қолға алған едім. Ол күдігім ұзаққа барған жоқ. Өмірден ойып алынып, қағазға көшіріле салғандай көзбояуы жоқ көріністер еліктіріп алып кеткенін сезбей қалыппын. Сезіміңді толықтап, басыңнан өткен қал-жағдайларды еске түсіріп, баурап алып, босатпай қоятын жаны бар қолжазба болып шықты. Жазу үшін жаратылған жастың қалам тартысы. Ара-арасында: «Ау, мына ой менің басыма да келген еді ғой, неге өстіп қағазға түсірмегенмін» деп қызығып қалған жерлерім де болды. Тіпті бұған дейін жұртқа танылмаған жас қаламның туындысы дейтін емес, кейбір тәжірибелі жазушылардың кітабынан табыла бермейтін балталасаң бұзылмайтын, қалыптан құйылғандай тұтас, сом тіркестер таңғалдырмас еркіңе қоймайды. Эльмира Ерікқызының қаламы бір жерде нәзік сезімді өнер адамдарының ішкі толғаныстарын, жараланғыш жаны мен өнер құдіретін суреттеуге жаратылғандай көрінсе, енді бірде қарапайым қазақ әйелінің жан-дүниесін астан-кестең етіп жатқан тұрмыс түйткілдерін жарқыратып жайып салудың шебері болып танылады. Және қай салаға қалам тербесе де қысылатын түрі көрінбейді. Талабың ұштала берсін, қаламың суымасын, ойыңды тот баспасын, жазбай тұра алмайтын жағдайларды жұрт алдына жайып сал, «Рас-ау» дегізіп, бас шұлғыта бер. Әсия Орынбаева, жазушы. ЕҢБЕКҚОР АНА Жат бауыр күздің сүйек сорар кезі. Әйтсе де күннің көзі шақырайып, жылымшы жылуымен жан біткенді демеп-ақ тұр. Осы күнді пайдаланып қалуды ойлаған ана тандырдағы соңғы күлшелерді асығыс үзіп алды. Бар қаптарды жинап, бір-бірінің үстіне тәктеп, ортасына сабы бір метрге жетпейтін тапал кетпенін қойып дөңгелете орады да, кенеп жіппен қатты матап байлап қойды. Бір шыны шайын төңкере сіміріп алып, буындысын қолтығына қысты да, масаққа қарай бет алды. Онысы жеті-сегіз шақырым жердегі Қоқан жолдың күнгей бетін көлемдеп алған Аңырақай алқабындағы картоптың масағы еді. Жаз бойы дамыл таппай таңның атуы – күннің батуымен тайталаса тырбаңдаған диқандар еңбегін түгел жинап, Құдайға шүкірін жасап, өз үйі, өлең төсектеріне кеткеніне екі күн. Науқанның нағыз қызған шағы. Өйткені диқандардан қалған бірен-саран картопты жер түртіп жүріп әр жерден бір жинайтын масақ берекесінің күні өлшеулі. Әрі кетсе төрт-бес күн. Әне, шынжырлы зіл табан трактордың алыстан дауысы естіледі. Ертең-бүрсігүні бұл алқаптың да арса-арсасын шығармақ. Қалған картоптың бірінді-екіндісін қақ жарып, топырақпен қоса түте-түтесін шығармақ. Не де болса әрекетке берекет. Айдалған жерде де қалыбынан ажырамағандар әр жерде бір домалап жататыны болса да, айдалмаған жердің берері көп екені сөзсіз. Әбден буыны солып, бұратылып жатқан қоңыр сарғыш сабақтарын да аракідік кездестіресің. Мұндайда асықпай қолыңдағы кетпенмен көлемін кеңдеу алып қазбаласаң, кемі жеті-сегіз, әрісі жиырма дана картоп аласың. Кейде жүріп бара жатқаныңда борпылдақ топырақтың астындағыны табаның да тауып жататыны бар. «Шыныменен жыласаң, соқыр көзден жас шығады» демекші, жан аямағанға айналайын Жер-ананың берері көп қой. Масақ қызығына түсіп кеткен ана адымы алқапты айнала шақырым-шақырым жерлерді табан астына тастап келеді. Толған қаптың аузын кенеп жіппен буып, теңкейтіп қалдыруда. Белі ашып кеткенде ғана біраз бойын тіктеп тұрғаны болмаса, әр кезде бір, кеудесін кере дем алып, екі қолын арқаға сілкіп-сілкіп ұйығанын жазғаны болмаса, маңдай тері мұрнының ұшына домалап, тыным табар емес. Шамасы сағат он болмай келген Сағадат ана бір тыным көрмей үшінші қапты толтырғанда барып, қабына сүйеніп отыра кетті. Екінді болып қалыпты-ау деді алқына дем алып. Еңбекшіл ананы аңдып тұрған күн, болдың ба дегендей рай танытты. Сәтте пайда болған ала бұлттар күннің көзін қалқалап қаз бауырлай бастады. «Қой, тұрайын. Ауа райы бұзылайын деді», – деп күбірледі өз-өзіне. Ала бұлттың көз жасы ащы болғанымен ашылуы тез, бірақ алакөлеңкелеп бастап алдайтын бұлттың шелектеп төгіп-төгіп алатыны да бар. Құдай сақтасын, ондайда мына топырақ әп-сәтте қойыртпаққа айналады. Қаптарды қойыртпақтан алып шығу оңай емес. Тастап кету ойға сиымсыз. Ал қаптарға қарауыл болып айдалада қалай қалмақ?! Құдай сақтасын! – деді тағы да өз ойынан шошығандай. Еткен еңбегім еш болмаса игі еді. Ентігі басылар-басылмас: «Е, Пірім! Өзің қуат бер!» – деп орнынан тұрды да қабын арқалап, аялдамаға бет алды. – Қызумен жүдә ұзап кеткен екем-ау», – деді бір-екі шақырымдайдан көрінген аялдамаға қарап. Бұлт қоюланып, тамшы тамған сайын адымын жылдамдатты. Бір түнеріп, бір күлімдеп, сауық үйіндегі түрлі-түсті шам жарығындай жыпылық атып тұрған күннің көзін қою бұлт көмкерді. Қабағын тарс түйіп, түнерген көк күмбез екіндіден ақшамға ауысқан уақытты емес, ақшамнан құптанға ауысқандағы қоңырқай уақытты елестетіп, ана көңілін жабырқатып тастады. «Ойпырмай-ә, қалай болар екен» деген оймен бір дем алмай бірінші қабын аялдамаға жеткізді-ау, әйтеуір. Аялдамада 20-ның ар жақ-бер жағындағы өңді бойжеткеннен басқа жан жоқ. «Түрі жақсыдан түңілме» деген осы, қызым-ақ қарайды қаптарыма, – деген сенімді ойда арқасындағы ерке қаптың аузындағы кенеп жіпті ұстап тұрып: – Қарағым, сағатың неше болды? – Тура 4 болды. – Соңғы автобустың келуіне әлі 2 сағат бар екен-ау, ә, шамасы, – деп қызға сұрақ қоя қиылып қарады. – Иә, апа. – Айналайын, ендеше мына қапты қарайлап қойшы, мен қалған қаптарды жеткізіп алайын. – Мейлі, апа. – Алда жарығым-ай, өркенің өссін, балам. Риза болған ана алқапқа қарай ұшып барады. Батыстан қозғалған жел ананың майда гүлді ақ көйлегін желпілдетіп, қолымнан келер көмегім осы дегендей арқасынан итерген болады. Қою бұлтты тесіп өткен өктем тамшылар қара жерді тырс-тырс түрте бастағаны болмаса шелектеп құйғысы жоқ. Ананы аяған дана табиғаттың қою бұлттары батыс желмен ымдасты да жазылып сала берді. Тысыр-тысыр сыңай танытқандары жоқ іздегендей жер бауырлап басылып қалды. Айналайын құдай тірлігіңді оңғарам десе әп-сәтте ғой деп қуанған ана екінші қапты да бір тоқтамай жеткізді. Соңғы түйенің жүгі ауыр, соңғы қап маңдай терін домалатып әкеп, мұрнының ұшынан етегіне ытқыта берді. Арқасын жіпсіткен ерке қап бір арқаға мініп, бір жерге түсіп жатты. Қайта-қайта тоқтап жүріп, соңғы үшінші қабын да аялдамаға жеткізіп алды. Аналық пейілмен ризашылық білдірген ана қызға қарады да: – Өмірде кемдік көрме! – деп, ойлы көзбен қаптарға қадала қарап қалған қызды қарауылдықтан босатты. Бұл кезде күндізгі бар жарығын дәу табаққа сыйғызып үлгерген мол шапағатты күннің ұшқыны жылт-жылт етіп еңбекшіл ананың жүзін жалап жатты. Анадайдан қауын бас пұшық автобус көрінді. Ауыл тіршілігіне бұл таңсық емес. Үш қап, бір кемпірді мінгізді де тартып отырды. Бір жақсысы үйі төрт жолдың торабында, аялдамаға түссе болды, арасы он қадам. Апам неге кешікті екен деп терезеден қарайлап тұрған қызы автобустан түскен бетте жүгіріп шықты. Қаптарды көтеріспек болған қызына қарап, «әліңді біл» дегендей ым танытты да, он қадамға өзі-ақ лып-лып етіп тасып алды. Еңбекқор адамның еті бір қызып алса, шаршаудың не екенін ұқпайды ғой. Қызыл гүлді сәтін көрпешеге отырғаны сол, бодандықтан құтылғандай буын-буындары босап кете барды. – Уһ...һ! – деді ысқырық аралас әуенмен. Өкпесін суыра шыққан ұзақ демнің әсерінен кере қарыс кеудесін кері итерген жұдырықтай қызыл еттің тынысы тездеп барып басылды. Шөл қысқанын таңдайына тілінің шып-шып құрғақ жабысқанынан білді. Жез мойын қоңыр гүлді шәйнегінен бір пиала шай құйып ішті, маңдайы жіпсіп суық тер шықты. «Алла бұйырып, сәбіз бен пияз масағына барып алсам, қыстай ырзық», – деп ойлады тағы да. Күн мен түннің дәнекершісі іңір жарықтыққа бар тірлік ілініп тұрғандай қарбалас басталады. Көше топырағының борпылын аспанға атып, үйде қалған бұзауын немесе қозысын жеп қоятындай маңырап-мөңіреп ауылды бастарына көтеріп, өрістен мал қайтады. Желіндері жарылардай тырсылдап, сыздағандары бақташының күні бойғы еңбегіне басын бір-ақ сілкіп, кес-кестеп қайырғанына қарамай үйге еңкілдейді кеп. Алды боп дарбазаңды теуіп тұратын да, немесе шарбақты жыға-мыға аула аралап, қорадағы кішкентайына емірене жететіндер де солар. Шаршаған демін шығаруға минөт тапшылық еткен ана: «Балаларымның аузындағы ағын жырып, қайтеді-ей, мына ебедейсіз! Өй, малмысың деген-ай, ә!» – деп шелегін ала жүгірді... Бүгін кешкі ас мәзірі уақыттан алданды. Малдарды жайғастырып келген ана: «Айналайындар-ай, қарындарың ашыпты-ау, көздерің кіртиіп», – деп қара домалақтарына бір-бір қарап алды да, жеңіл-желпіге кірісті. Аналық мейірім қай ананы тыныштыққа бөлер дейсің. Жүгіріп жүріп дайындаған асын дастарханға әкелді. Шиеттейлері дастархан жағалап отыра қалды. Сонда барып анасы шын дем алды. Әне, томпиған құлындары ұйқыға кетті. Ертеңгі тірліктің қамына ойша кіріскен Сағадат ана: «Қап, қоңыр ала саулықтың жүнін бүгін де ала алмадым-ау», – деді жеңіл күрсініп. Тағы ойлады: «Алла бұйырып, пияз бен сәбіз масаққа барып алсам...» КӨҢІЛМЕН СҮРТІЛГЕН КӨЗ ЖАСЫ – Өй, желөкпе! – Итше күшіктемей тұрғанда ажырас дедік пе саған!? Әлі де кеш емес! Саған таңдап тұрып 18 жастағы қызды әпереміз!.. Кезекті керістің кезегінде айтылған бұл сөздер жерге қарап, сүмірейіп тұрған иі жұмсақ күйеуі Еркінге айтылғанмен, атылған оқтай Нұргүлдің жүрегіне қадалды. Сүйеніш таяғын шошаңдата бір жоғары көтеріп, бір күйеуінің жүзіне тақап, әзірейіл көргендей селкілдеп тұрған ақбас шалдың кейпін мезетте-ақ көңіл шіркін «жарқ» еткізіп суретке түсіріп алды. Ләм-мимі жоқ бойшаң да кең иықты қайын атасы мен қатқан қара енесі де, байы өлген қатындарша бүйірін таянып, «көріп алайын сені» деп шіреніп тұрған қисық аяқ Қайранкүл де – бәрі-бәрі сурет болды да қалды. Бар былапытқа көніп тұрған асау жүрек осы сөздерді естігенде арнасынан атылды. Қан жылады. Жүрегінен шыққан жылымшы жасы көз жанарына жабысты. Моншақтар тырс-тырс етегіне төгілді. Денесін мұз қарыды. Сең соқты. Амалы аунап түсіп, абдырағаннан айтқаны мынау болды. – Мейлі ажырасамын. Ұлдарыңызға 18 жастағы қыз тисе, мені алам дейтіндер де кезекте тұрады, – деді. Ондағысы «Мен де жерде қалмаймын» деген ойы еді. Сап тоқтаған ағайынсымақ атасы таяғын шошаң еткізіп: «Естідің ғой?» – деді келіннің қайынатасына қарап жымыңдап күліп. Осы сөзінен Нұргүл өмір бойы «кезекке тұрғызып, бірінен соң бірін қабылдайтын жезөкше» болып өтерін білді ме? Адалдығын бір-ақ таптаған қайынжұрттың жаласын бір өмір арқалаймын деп ойлады ма! Бірақ мұндай уытты жаланың да уы Нұргүлге осы бір сөздің әсерінен әріректе екен. «Итше күшіктемей тұрғанда ажырас!..» Ішін тартып именіп қалған сол уақыттың өзі қанша естігісі келмегенімен сыбайласы – табиғат заңына бағынып, осы сөздің куәсі болғанына да 20 жыл! Содан бері бұл көрініс Нұргүл үшін сол сәттегідей есінде. Қай жерде, қай уақытта, қалай өңмен айтылғаны, өзінің дәл сол кезде қандай күйде қалғаны – бәрі-бәрі сол қалпында. Өңменінен өтіп қолқасына жеткен осы сөз санасынан оңалмастай орын алған екен. «Ел не демейді, ит не жемейді» дейтін анасының сөзін есіне алып, қаншалықты салмақты ойды шақырып, қолды бір-ақ сілтейін дегенімен түк шықпады. Кеудесін қақ бөліп, көңілінің парша-паршасын шығарған, жүрегіне қадалып, жанын жаралаған бұл сөзді ұмытуға күші жетпеді. Күші жетпегені былай тұрсын, осыған жетіп жығылатын талай келте ақыл оспадарлардың уытты сөздері мен желкесін жауыр қылған өсек жаласы оқта-текте араласа бұл сөз күн санап есіне ене береді. Сөздің құдіреті жайында Нұргүлдің сөз қозғағысы жоқ. Саңылауы бар тірі пенде бар жақсылығын, бар тауқыметін осы сөзден табатыны белгілі. Сонда да сөз құдіреттілігіне бас шайқап, терең ойда таң қалып отыр. Басқасы басқа, осы сөз есіне түскенде желінге жабысқан аш кене елестейді. Төрт аяқты жануардың желініне жабысқанды көзі шалған иесінің алып тастары хақ. Жануардан бетер көзсіз болмаса егер. Ал бұның көкірегіне жабысқан тас кенені кім алмақ?! Ол көкірек көзді көруші құдіреті күшті Құдайдың ғана қолынан келмек. Құлақ сорлы естігеннің құрбаны. Көз байғұс көргеніне жазықты. Жүрек мырза өзіне жеткенінен тартады не тартса да. Қожайын-миға дауа жоқ. Қағып алғанын қойыртпақтап жинай береді, жинай береді. Сол қойыртпағын тиесілі органдарға жіберіп отыратын қожайын-мидың дәл осы сөзіне жұдырықтай қызыл еттің иелік еткенін қарашы?! «Сөзіңді біреу сөйлесе, аузың қышып бара ма, ісіңді біреу істесе, қолың қышып бара ма?» демекші, талғап талқыға салар-салмас бағыныштыларына бағыттап қоя салатын қожайын-ми ақырын ойлап па?! Қалған көңіл, ауырған жүрек, қажыған ойдың ақыбаты айналып кеп өзіне келетінін біле ме? Келгенде де анау-мынау емес, бір күні болмаса бір күні күре тамырын кере айналып жатқан қызыл ағындының аяғы ызадан шапшып, өзіне қарай тап бермесіне кепіл бола ма өзі?! Қызыл ағынның көтерілісі оңай емес! Құдай сақтасын. Шындап көтерілсе қайнаған миыңды бір сәтте-ақ қақ бөлер! Сондықтан, бар биліктің басы деп қарап, қызыл ағындының бастауы қызыл етке бас ұрған абзал. Ми-қожайын мұны білмейді дейсің бе? Біледі. Бәрін сезеді, бәріне ақыл-ойы жетеді. Жеме-жемге келгенде өзінің жүрекке бағынышты екенін де біледі. Көңілдің пәктігін, жүректің нәзіктігін, көкірек көздің ашықтығын да біледі. Білмейтіні – өзгелердің миы, өзгелердің жүрегі, өзгелердің көңілі, өзгелердің көкірек көзінің бітеу не ашықтығы! Жүрегі ақ болса, көңілі таза болса, сондай сөзді айтар ма еді? Жүрегі бар адам біреудің жүрегіне біз сұғар ма еді? Миы бар адам өмір-ұстаздан үйренбес пе еді? Өзі сияқты жас болса бір сәрі, көрмегені көп қой, бәрін кейін түсінер дейтін. Алпысты алқымдаған ағайынсымақ атадан естіген бұл сөзін қалай түсінбек, неге жорымақ?! Осы сөзді тыңдап тұрса да, ләм деуге шамасы келмеген, қайта сөзін қостағандай болып тосырайып тұрған ата-енесін не деп жазғырмақ? Өмірді босқа сүрген демек пе? Айқайы күшті ағайынсымақтан қорқады демек пе? Құқайы күштіге құл болғандар деп сөкпек пе? Иілген басы екі бұтының арасына кіріп кете жаздап тұрған жуас күйеуіне не демек? Әке-шешесі ләм дей алмағанда бұған не жорық. Сен неге үндемейсің демек пе? Жоқ әлде, оның жуас екені, жігерсіз екенін әке-шешесінің алдында, мынадай жанжалдың кезінде бетіне баспақ па? Онымен қай ұшпаққа шықпақ?! «Балам, дүйім жұртқа Жаратқан да жақпайды» деуші еді данышпан анасы. Жаратушы бір Алла жақпағанда жаратылған бұған жол болсын! Өмір оңай емес! Қолмен ұстап, көзбен көргендей емес! Өмірдің қатпарына талай адамның сілесі қатқан. Бұл жалған талай жазықсызды жалмаған. Талайдың көзін бақырайтып қойып, дымын құртқан. Ақылдыны ақымақтың аяғына салып берген. Өр кеуделіні ез кеуделінің табанына таптатқан. Қасиеттіні қасиетсіздің алдына дедектетіп әкеп басын идірген. Иә! Иә! Өмір сөйткен. Өмірдің басы бала, ортасы адам, Қартайып шал болған соң, кетті шамаң. Мақтап жүрген өмірің осы болса, Үш-ақ ауыз өлеңмен болды тәмам, – деп ақиық ақын Шәкәрім атам жырлағандай мақтап жүрген өмір өстеді. Тым ақылдысың деп Абайға тас атқан! Таланттысың деп Мұқағалиды мазақ қылған! Көрегенсің деп Шәкәрімді құдыққа тастаған! Ақиқатты айтасың деп Бауыржанға жала жапқан! Сұлусың деп Сәкеннің көзін ойған... өмірді: Өмірдің басы бала, ортасы надан, Қартайып шал болса да талтаң-талтаң. Өмір болмай өмірем қалсаң игі Көргім жоқ! Көрінбесін сенің қараң, – демегенде ше? Жалған өмір жалғасын тауып тұрғанда мұндай олқылықтар жібін үзбек емес. Кеудеңді қушитып, көзіңді бақырайтқаны бақырайтқан. Шыдасаң әне, шыдамасаң міне. Атыласың ба, жоқ, асыласың ба? Артыңдағы шиеттейді қайтесің? Өр кеуде, адал көңіліңді қайтесің? Жазықсыз жүрек, биік ақылды ше? Бар жазығың ашық ауыз, аңқылдақ болғаның ба? Жоқ, алғау-далғау алаңғасарлығың ба? Әлде қулық-сұмдықтан жұрдай қалған әз жаның ба?!. Түсінен шошып оянғандай селк ете қалды. Өмірдің өзі сабалап тастағандай денесі дел-сал. Қайырмаса қайырылатын түрі жоқ мына шіркін қожайын мидың қияннан. Немене, жалғанның ішін жарып тастап, ішек-қарнын ақтарғандағы небір данышпанның пәлсапасы бірдеңе тапты ма? Ақырғы аялдамаға жетем дей-дей ада болды емес пе бәрі де? Дүние шексіз. Алланың құдіреті шексіз. Жаратқанын жалғанға тастап қойған Алланың қолында бар ақиқат. Бір нүктеге қадала қараған Нұргүлдің «Балам гөлсің-ау. Мейлі, гөл, ақыр түбі – көл деген, Алла ақырыңды берсін» дейтін асыл анасының сөзі түсті есіне. Ақ көңіл, ашық ауыздығынан өмірден қанша құқай көргенімен өзінің осындай адам болып жаралғанына тағы да қуанды. Итше күшіктеп, бауырына басқан кішкентай үрпек күшігі бүгінде елге таныла бастаған өнер иесі. Ер жетсе де еркелейтін сол күшігін бауырына басып, «Құлыным менің!» – деді емірене иіскеген анасы көзінің жасын көңілімен сүртіп. ӨКІНДІ ҺӘМ ӨКІНБЕДІ Көңілі жабырқаған табиғат шіркіннің де тартыншақ аттай кейіншектейтіні несі екен! Дүние әлем-жәлем. Асылы, қазір күз емес, көктем-тұғын. Құлпырып тұрған көктем күні жабыққан күз кейпін киіп алғандай. Сидиған ұсқынсыз ағаштардың басында не қайтып келгені, не қайтып кетері белгісіз құстар бір-бірімен қырылысып, ұрсып жатқан долы қатындарша шықылықтайды. Енді ашылған қызғалдақтай болып сары-қызыл теңдессіз түске еніп, құлпырып тұрған аспан өңі сұр бозданып шыға келді. Таң рауаны да осыншалық көріксіз болар ма еді?!. Қара жердің сиқы мынау. Қапаланған баладай қабағы қатулы. Ойыншығын бермейтін қызғаншақтай жасыл желегін шеңгелдеп алғанын қара! Пәтуасыз дүние-ай! Ары-бері сабылған адамдар не тындырып жүр дейсің. Киген киімдері жарасса ше?! Асыққан, алқынған, жосыған біреулер. Өмірден ойып тұрып орын алатындай, әйтеуір. Пендемісің деген-ай, ә! Көк түтінге қақалған кеңістікті қара! Мыжырайған биік-биік зәулім үйлер бір-біріне мұң шаға ма, қалай?! Әйтеуір, жанды да, жансыз да тоз-тоз. Сиқы кеткен дүниеден сыпырылып шығып кетсем бе екен?!. Бір уақ көзін жұмып, көріністен бейхабар қалыстық танытты. Иә, ол бүгін қатты өкініп отыр. Әттең! Алтын уақыты – қалтаға құйылған айранның сары суындай сылдырапты. Күрмеуге келмейтін қысқа жіпті байлаймын деумен көп күнді өңгеріпті. Бейпіл ауыз бәтшағарлардың өтірік-өсектерінің өрті шалып, шоқ жалатқан көп жылдары сары уайымға салыпты. «Әрі тартса өгіз өледі, бері тартса арба сынадыға» салынып, екі ел арасын еріксіз тоздырардай болыпты. Әрі қараса жүрегі жұлынар, бері қараса адамилығы жойыларға түсіп, екі оттың – екі махаббаттың ортасында қалыпты. Жоқ, қалмапты, адамилықты ғашықтықтан жоғары қойыпты. Бірақ ғашықтық қоя ма? Жуас түйенің жосынына түсіріп жүндепті. Қыз – мұңлық. Асыл анасын ғана ойлап қана қоймай, тумалас бауырларын көп ойлапты. Үш жасынан әнші болам деп қиял-қиянға батқаны бос әуре болып шықты. Асудан асқақ арманы алқымынан қысып шыбын жанын шырылдатқанымен қолынан келері болмапты. Ақындық атты абзалдың жанын жағалап, ым-ишара танытқалы да бақандай жиырма бес жыл өтіп кетіпті. Бірінші мүшелінде-ақ төрт жолды шималағаны болмаса, ол да жайына қалыпты. Енді міне, қос арманы кеудесін кере күрсініп тұр. Шырмауық тағдырдың талтаңбай тәлкегі әбден жүйкесін жұқартыпты. Жұқарған жүйкенің саулығына қаяу салғалы қашан. Дімкәс денесі жатаған да болды. Асыл жанына араша түссем деумен сезімталдығы сызат көрсетіп, нәзік жүрегі шым-шымдайтынды шығарды. Өзі қартайса да көңіл қартаймайдысы аймандай болды. Отыздың бесеуінде алпыстың көңіліне құрық салып үлгеріпті. «Қап! Әттең-ай!» – деді есіл уақыттың есесіне абыржып. Бәрін айт та, бірін айт, қатты ашындырып отырғаны әнші болу арманы еді. Осынша жыл ойынан бір шықпай қойған арман азабының ауыр боларын ойлап па?! Әттең-ай! Бармағын тістеп, қос балтырын жұдырықтады. «Той өткен соң қамшыңды құйрығыңа бас» деген... Әлден уақыттан соң сыбыр естілгендей болды құлағына. Қайтсін енді, өткіншідегі өзек өртер өкініші шалажансар халінен хабар жеткізген шығар. Сол-ақ екен, бүкіл болмыс-бітімін жауламаққа өкіну және өкінбеу келіп сардарларша сапқа тұрды. Екіге бөлінген сардарлардың шарқ-шұрқ шайқасы басталды. Шарқ-шұрқ шайқас ортасынан тері сорғалаған шалажансар шумақтар қаша жөнелді... «Уһ, жаным-ай», – дегендей болды аждаһадан құтылғандай кейіпте. Қойын-қонышына дейін бар тылсымды тығып алған мына дүниеге қарап: « – О, менің атым Қожа болып қашанғы жүре берем», – дегісі келді. Төңкерілген көк тостаған аспанға қарап аңырағысы келді. Бойындағы тұнып тұрған талантын адам-пенденің аңғармағаны ма? Аңғал мінез, адал пейілін бір пенденің елемегені ме? Кір шалмаған өр көңілі мен үлбіреген нәзік сезімін жан атаулының сезбегені ме? Жоқ, аңғарды, еледі, сезді. Ең әуелі аңғарған әрине, асыл анасы еді. Астанаға асу арманына аттанар алдында: – Алдыңнан жарылқасын, балам, – деп ақ батасын бергенде анасының жүзінде үміт ұшқыны жарқ еткен. Иә, иә! Айтқандай: – Саған дуа кеткен, сен кем болмайсың, – деп маңдайынан иіскеп-сүйіп қоятын нағашысы аңғарған. Тіпті, нағашысы алыстағыны көріп-білетін көреген әулиедей аңғарған. – Үлкен үміт күтіп едім, өмірдің сынына ерте түсті, ерте тұрмыс құрды, – деген өкініш сөзін өзіне естіртпей, өзге студенттерге оңаша айтудан жаңылмаған алғашқы ұстазы аңғарған. Аңғарғандардың барлығы бүгінде бақилық. Бәрі де уақытынан ерте озды. Арғы дүниені көруге тым асықты. Иә, жетімдіктің ауырлығы көңілге зіл артты. Ең оңай жолы осы деп маржан-моншақ бола қалатын көз жасы да беріштеніп кеудеде қатты. Бәрі аңғарғанымен, өзін-өзі аңғармағаны жанына аяздай батты. Өресі жеткенімен өктемдігі жетпегенге налыды. Балалықты әбден балағаттады. Бір ғасыр жасасаң, бір ғасыр үйренесіңді ұстап алып, жер соқтырғысы келді. – Бәріне кінәлі сенсің! – деді уақытқа. – Дәлелің жоқ, мені ешқашан ұстай алмайсың! – дейді уақыт. – Алдамшысың! – деді тағы да өкпесі қара қазандай болып. Алдамшы уақыт миығынан күліп: – Өзіңнен көр, – дейді. – Инеліктің қанатындай аяушылық болсашы?! – деді күңгір-күңгір уақытпен ұрысқысы келіп. Уақыт серінің селк етер түрі жоқ. Өтірік өзеурегенсіп өмір тұр. Өмірге бар болмысымен жеріп қарады да, міз бақпайтын бетбақ уақыттың бетіне бір-ақ түкірді. Сөйтті де, саусақтарымен салбыраған басын сүйеп отыра кетті. Көп отырды. Онсыз да ойшыл адамға бұл отырыс оңайға соқпады. Қаумалаған көп ойлар «Керқұла атты Кендебайдағы» самұрық алып құстай қанатын кеңге жайып отырғанды бір-ақ қысып, қымтап алды. Қатты қысты. Қанатының қауырсыны бар болмысына батып кетті. Жан тәсілім болар ма еді, қайтер еді, қос аққудай қатар жүзген сабыры мен ақылын шақырмағанда. Екеуі екі жақтан келіп басу айтты. Қаумалаған орынсыз ойлар мен қам қиялды ақыл батырың тырқыратып қуып шықсын-ай кеп. Сабыр мықтың неше жылғы сары уайымды сылқ еткізіп жерге бір-ақ ұрды. Сөйтті де, екеуі екі жағынан демеп, көтеріп алды. Анасының аялы алақанын екінші рет сезгендей болды. Көп жылдан бері жанына жалау болған қанағат пен шүкіршілігі жетіп келгенде, қуаныштан кеудеде қатқан беріш тарс жарылып, көңілі босап кетті. Мөлдір моншақтар жанарын жуып, домаласын ай кеп. Бойын тез тіктеді, қас-қағымға қасқайып тұрып тағы бір қадалып қарады. Өзін ұшатын құстай жеңіл сезінді. Дүние шыр етіп, жаңа туды, жасарды, жарқырады. Жоқ, тағдыр тәлкекке салмапты, талқыға салыпты, сынапты. Жоқ, жүйкесі де жұқармапты, қайта өмірдің қайрағына қайрала-қайрала өткірленіп алыпты. Жоқ, өмірге жеріп қарамады, желіп қарады. Өзіне жиіркеніп емес, жүректеніп қарады. Екі қолын аспанға қарай көтеріп тұрып, кең тыныстады. Табиғат-ананың кеудесін иіскеді. Теңдесі табылмас жұпар иіс. Анам менің! – деді тағы табиғатты түгел айқара құшаққа алмақ болып. Осы сәт өзінің де табиғат-анадан кем емес екенін сезініп, жүрегі алаулап ұшты. Ұлдары мен қызын құшағына қысты. – Құлыным менің! Алтыным менің! Жарығым менің! Күнім менің! Өмірім менің!.. *** Ол өкінбеді. Ол бүгін қатты қуанып отыр. Алланың жаратқан жалғанына жарқын жүзін нұр жамылдыра қарайды. Он сегіз мың ғаламға тәу етті. Ол басын сәждеге қойып Аллаға құлшылық етті. Тәубасы таң рауанымен бірге шығып, шүкірі іңір аттандырумен болды. Жақсының шапағатының қаншалықты құдіретті болатынын жете сезінді. «Е-е-е, мейлі», – деді асыл анасының сөзін қайталап. Өмірдің бар мән-мағынасы тек осы сөзде жатқандай еді. Өйткені адамның Аллаға деген махаббаты мен пайғамбарларға деген сенімінен кейінгі орында осы сөз тұрғандай. Анасы марқұмның аузынан ес танығалы бері көп естіген сөзін бүгінде өзі сан мың қайталайды. Ойпырмай-ә, соншалықты биікке көтерген бұл сөздің құдіреті не екен деген сұрақ әсте ойына келмейді. Бұл сөздің құдіреті өмір атаулыдағы қақ жарылған қарама-қайшылықты бірдей ұстап тұратын мықты тұтқа рөлінде тұрғандығын ол жақсы біледі. Жетесіздің қылығын көргенде де, санасыздың сөзін естігенде де, дұшпанның табасы еңсесін езгенде де, жаманның жамандық ойлаған сәтінде де, тағы толып жатқан қарама-қайшылықтың қараңғысынан туған келеңсіздіктерге бірден-бір төтеп берер күш осы сөзде жататын. Ондайда бұл сөз «жаманға айтқан ақылың далаға атқан оқпен тең» немесе «ар жағына бермесе, айтқанменен пайда жоқ»-тың рөлін атқарады. Өз басына өзгелердің қызыға қарағанында да, ұл-қыздарының тәрбиесіне шаттанғанында да, достарының құрметіне бөленгенінде де, тағы толып жатқан қарама-қайшылықтың жарығынан жарқырай көрінетін қуаныш атаулының бәріне бірдей ишара танытып, құлшылыққа түсіретін де осы сөз. Ондайда бұл сөз «Е, жаратқан ием, көрсеткеніңе шүкір!», «Ұзағынан сүйіндір!», «Баянды ете көр!», «Тәуба!», «Шүкір!» дейтін сөздердің рөлінде тұрады. Өте биік пайым-парасаттылықтың, салмақты сабырлылықтың, асқан ақылдың, көнбіс шыдамдылықтың, табанды төзімнің кілті осы бір сөзде екенін қазір ол анық аңғарды. Бір әңгімені айтып келе жатып, жан-жағына жалтаң-жалтаң қараған анасы «Е-е-е, мейлі», – деп бітіре салуының себебін де енді түсінді. Оның ар жағындағы «Сендер қазір түсінбейсіңдер, уақыт сағаты келмей, әйтпесе, бастарыңа келгенде білерсіңдер» дегені жатады екен. Қорыққан мен қуанған бірдей. Қуаныш кернеп, көз жасқа ерік тиді. Қуаныштың моншақ маржандары қарашықтан нәп-нәзік болып, қарғып-қарғып домалай бастады. Өткен қиыншылықтар қамшының жарты сабындай болып, өмірден елес берді. Ойлап қараса, түкке тұрғысыз, бос әурешілік, босқа күйбеңдік, бекер күйінушілік, пәрменсіз пендешілік сияқты. Жоқ, – дейді тағы өзі. Бұл – өмір мектебі. «Жаманды айт та, жақсыны қойып қой», – дейтін анасы.

1566 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз