Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 20 Желтоқсан, 2021

Алматыда биыл тұрғын үй құрылысының көлемі артты

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Алматы қаласы Жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан Ахмеджанов мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz.

Ол пандемияның қиын кезеңінде пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемі 8%-ға өскенін айтты.

Осы жылдың 11 айында коммерциялық құрылыс есебінен 13 322 пәтер және бюджет есебінен 1 326 пәтер пайдалануға берілген. Сондай-ақ, 10 мың шаршы метрден астам жатақхана және 2 313 жеке тұрғын үй салынды.

А. Ахмеджанов тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру – Мемлекет басшысы қойған басым міндеттердің бірі екенін еске салды. Сондықтан Алматыда пандемия кезінде тұрғын үй құрылысының азайғаны дағдарысқа қарсы шаралардың уақтылығы мен өзектілігін көрсетеді.

Сондай-ақ, ол жаңа тұрғын үйлер негізінен қалаға қосылған аумақтарда салынатынын және ол «Жаңа Алматының» дамуына ықпал ететінін хабарлады.

Бас архитектор атап өткендей, жаңа тұрғын үймен бірге қалада әлеуметтік инфрақұрылым құрылып, мектептер мен балабақшалар салынуда. Қазіргі уақытта мегаполисте 12,5 мыңнан астам оқушы орнына арналған сегіз мемлекеттік мектеп салынуда. Оның үшеуін жыл соңына дейін тапсыру жоспарланған.

Оқу жылының басынан бері 2 656 орынды 13 жекеменшік мектеп ашылды. Жыл соңына дейін 8 263 орынды 17 жапсарлас құрылыс салу жоспарланған болатын. Олардың 11-іне балалар партаға отырды. Осылайша, жыл соңына дейін 16 мыңнан астам жаңа оқу орны ашылады, - деді А. Ахмеджанов.

Сонымен қатар, Алматыда үш мемлекеттік балабақшаның құрылысы аяқталды, 72 жеке балабақша ашылды.

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев «Алматы – 2050» Стратегиясында белгіленген «шетсіз қала» қағидатын ұстана отырып, тұрғын үй шаршы метрлерін заманауи мектептермен, балабақшалармен және денсаулық сақтау объектілерімен бірге енгізу міндетін алға қойған болатын.

 

 

374 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз