Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • ҮРКЕР
  • 23 Сәуір, 2010

Көк төбет ұлиды алыстан, алайда ол дауыс жат маған.

d0bad183d0b0d0bdd18bd188-d0b4d0b0d0bbd0b5d0b911Қуаныш Дәлей – 1975 жылы 8 желтоқсанда Шығыс Түркістанның Алтай аймағы, Көктоғай ауданына қарасты Үліңгір өзені бойында дүниеге келген. 1997 жылы Күйтұн қаласындағы қытай мемлекеттік педагогикалық университетінде қытай тілі факультетін бітірген. Қазір Көктоғай ауданы, Шәкүрті қалалық орта мектебінде мұғалім.. Бірнеше дүркін мүшәйралардың жеңімпазы.

Романтика

Шарап ішіп шаттанатын мен емес,
Шалқып сөйлеп мақтанатын мен емес.
Қиялымда:
Хордың қызы күн сынды,
Не бір ұлы соғыстар мен төбелес!...

Қанжарларын айға білеп атылған,
Арыстан бас жауынгерлер –
Батырлар!
Сағыныштан жаны уланған арулар,
Қанға басын тығып өлген ақындар...

Құба түзде қайраңдаған кемелер –
Көп төбелер...
Құлазыған төбелер...
Күңгірт бояу –
Кешкі сағым...
Мұңлы аймақ,
Қу сүйекте көктеп тұрған жебелер!!!

Жүрегімді қарып өткен түнгі ызғар,
Әрі жақын әрі шалғай жұлдыздар.
Бұрымынан жалбыз иісі бұрқырап,
Ермен дәмі ернінде бар гүл-қыздар...

Төсін керген түнім барда паңдана,
Қолым созып қайтем жарық таңға ана!
Қиялымда:
Айбынды һәм такаппар
Және мұңлы сол дала.

Мұңлы дала,
Жоқ рухы –
Жоқ ермен...
Батыр да жоқ,
Ақын да жоқ...
Мен – өлгем!!!
Құлағы жоқ адамдардан безініп,
Өз мүрдеме өлең оқып берем мен...

Өмір қашан тазарған-ды кір-қоңнан,
Бабам айтқан:
Әй, қу жалған,
Бұл жалған!!
Аққу құсқа кетті айналып рухым,
Мүрдемді іздеп қапылыста ұрланған...

Күресінге көмген гүлдер –
Таза арлар,
Тұманды ойлар...
Мұңлы, сырлы ғазалдар.
Тағылымдар –
Тас мүсіндер балбалдар...
Мағынасыз қақтығыстар,
Мазарлар...

Жеті ұжымақ –
Жеткізетін жол қалмай,
Жеті тозақ –
Бізге пана болғандай!!
Екі дүние ортасында сенделген,
Сен де,
Мен де,
Бәріміз де сормаңдай!...

Ақ ордалар албастыға мекен боп,
Билейді олар жүрегіңді мекендеп.
Ойламайсың...
Ойлатпайды және олар,
Бұл сахара өзімдікі екен деп!!

Қарақшылар –
Қаны сұйық көзелдер,
Торуылдап жатыр алда кезеңдер...
Сары құмның баса алмайды сарығын,
Тамырымда тулап аққан өзендер!

Жеті ұжымақ –
Жеткізетін жол қалмай,
Жеті тозақ –
Бізге пана болғандай!!
Екі дүние ортасында сенделген,
Сен де,
Мен де,
Бәріміз де сормаңдай!...

Сақтар

Сақтар!
Сендерді сүйемін,
Табаным астында жатса да
Топыраққа айналған сүйегің!

Сақтар!
Даланың ғажайып ұлдары,
Тарих бетінің жоғалмас парағы.
Қара өлеңімнің қасиетті ырғағы,
Ана тілімнің құламас жалауы...

Тұлпарлар табаны
Ұшырған шаң – тозаң қолқаны қабады.
Сары дөң үстіртін жүр әлі мекендеп,
Сондағы рухым –
Қолында садағы.

Сақтар!
Жорыққа шығар ем мен сен боп,
Өрлігің жебесе қамшы боп.
Дегенмен өлі арыстанның мәнісі жоқ...
Мен дағы болғанмын қансырап,
Аспанға қараймын кемсеңдеп,
Алайда,
Көзімде тамшы жоқ!...

Өзіңнен жалғасқан бүгінге,
Тек, күшім қалғандай тілімде.
Үмітім жаралы –
Оны да ұмытып барады,
Кеткен бір ұрпағың
Жүрегі іріңдеп...

Жылдарға жасырған айбынын,
Уақыт тонаған байлығын,
Мекенімнің мезгілсіз құрбаны
Сақтар!!
Құйрық – жалы күзеліп тұлданған айғырым!

Сақтар!
Сендерді сүйемін,
Табаным астында жатса да
Топыраққа айналған сүйегің...

Дала

Дала!
Терлеген тебінгім жоғалып,
Ақ найзам майырыла сынған жер.
Иенге тігілген ақ ордам тоналып,
Көкірегім шарасыз тынған жер...

Дала!
Ордасы қайғының,
Жер бауырлай ұшатын түтіні.
Көкбөрі Жәнібек айбынын,
Ұрлатқан мезгілге
Тұқымы...

Дала!
Сен менің бүгінгі,
Тәркі еткен опасыз жалғанды;
Тісім қыршып түсірген тілімді,
Дәуірге сіңдіріп ділімді,
Дауылдар ап қашқан үнімді,
Сосын –
Өзіне тіреп отырған қанжарды...

Сен құрисың –
Тұқымың тудырған жанжалдан,
Мен құримын –
Өз қолым сілтеген қанжардан!!
... ...
Дала...
Дала...
Айхай – и – и, дала!!!...

Түн. Көкжал. Жан айқайы...

1

Қанжар тұмсығыңды айға шаншып,
Ұлисың...
Ақыры –
Ай нұры өзіңді бауыздап,
Көз жасың мөлтілдеп
Тамады жайқын түн хауызға...
Құрисың!
Көкбурыл жоныңнан жалтылдап сағымдар...
Жанарың жай оты
Жарқылдап
Түндерге –
Шамшырақ жағылған!
Табаның астында әппақ қар,
Әппақ қар астында көп қақпан...
Көп қақпан –
Қабырлар!!

Сіңсін бір ғарышқа,
Көзіңнен ұшқындап көк жалын
Ұли ғой көкжалым!
Сол менің даламның дауысы
Жаралы...
Таң түнге ауысып барады,
Әттеген!!
Көк төбет ұлиды алыста,
Алайда –
Ол дауыс жат маған...

Атырам таңдарды,
Батырам күндерді
Дыбырсыз...
Үнсіздік ішінде өлі әлем,
(Үнсіздік ішінде тоңар ем...)
Айқай –
Жеп қойған бір-бірлеп,
Жататын күмбірлеп
Үндерді...
Батады күрең ай қабарып,
Тау – тілсіз,
Дала – өлік...
Қыр – үнсіз!!
Жылаймын мен сосын
Қу басты құшақтап,
Өлтірем өзімді
Өз қолым пышақ сап...
Әттең – ң – ң – ң...

2

Сексеуіл...
Нар құмдар –
Тастаңдар, осында қалғым бар!
Кейуана өлеңім
Тұншығып келемін...
Артымда зор қуғын,
Қажыдым,
Болдырдым,
Алдым жар!
(Бұл менің ең соңғы өлеңім!)

Сортаң қақ.
Селтиген сарыбалақ.
Ай нұрын жамылған ұлы өлкем...
Қашқынмын,
Намысы қасқырдың
Өлі бір рухымды таңбалап,
Кетермін, кетермін...
Діттеген жеріме жетермін,
Қансырап өтермін
Өмірден
Мен сені сағынып күні ертең –
Ай нұрын жамылған төсіне
Қайғы-мұң қазығы қағылған
Ұлы өлкем!!!

Тажалдың қаһары,
Ажалдың апаны –
Кешегі керімсал кең далам!
Таулар...
Құз...
Құм...
Өзендер...
Бәріне табыттар орнаған!
Аһ ұрып –
Көкбөрі ақындар ақыры
Күнаға батады сөзі өлген!!

Ұлимын...
Ұлимын –
Ең биік шыңдарға шығып ап.
Ең биік шыңдарда құримын
Жатармын сол жерде тыным ап...

Келгенде соңғы сәт
Кешігіп атқан бір таңға ұқсап,
Бостандық –
Сенімен сүйісіп,
Жуармын көзімнің жасымен
Қаныма сіңген бір жусанның иісін!!!...

Жоңғария

1
Жоңғария –
Алып қазан бұл
Пісіп тұр онда дәмді астар...
Тораңғы – ақын
Төккенде мұңлы ғазал жыр
Ұйқысынан
Оянады жылап таңғы аспан!

2

Сексеуіл –
Саусағын құмға тығып
Жазады өлең...
Селеу
Жантақ
Сарбалақ
Көл
Алдамшы елес
Жоңғария ғажап әлем!!...

3

Алып жайқын теңіз боп
Бетпақ дала –
Неге алдайсың
Алданасың
Негіз жоқ?!
Шаршаймын мен түндер бойы
Жайқын құм
Арасынан сені іздеп –
Бостандық?!...

4

Жоңғария –
Аңыздағы мың бір түннің елесі...
Бірақ
Саған еніп кеткен жолдар
Оралмайды
О несі?!

5

Қағыр құм –
Самал
Не жел?
Тымық.
Иә,
Дауыл...
Мұң...
Уақыттың уысында үгілген
Қурап түскен жапырағы сабырдың.
Мен тағы да сағындым
Өзіңді –
Жалғыздық...

6

Мұнда келіп пана тапқан
Ғасырлардың өксігі
Булығады
Жылай алмай
Көмейіне кеткен тағдыр тас тығып...
Шөл меңдеткен
Кәрі құм –
Енді немен басар екен сарығын?!

... Білмеймін...

7

Тоқтаған ба, тораңғының ғазалы,
Қырат,
Қырқа,
Құм жалдар
Маусымның табанында тозады...
Жоңғария –
Өртенген құм,
Жалған елес –
Көк теңіз...
Тағы
Тағы
Қаңсып қалған қазаны...

8

Ішінде ауыр табыттың
Жоңғария –
Үнсіз өксиді алып құм!!!...

1395 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз