Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Qazaq gazetteri TV
  • 01 Наурыз, 2022

Нұрперзент Домбайдың «Ұлт жаны» кітабының тұсауы кесілді

Алматыдағы Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасында белгілі журналист Нұрперзент Домбайдың “Ұлт жаны” кітабының тұсаукесері өтті. 
Тұсаукесер рәсіміне қаламгердің замандастары, бірге оқыған достары,  отбасы және өмірінің соңына дейін еңбек еткен ұжымы “Қазақ газеттері” серіктестігіне қарасты  бірқатар басылымдардың басшылары мен журналистер, жалпы оқырмандар қатысты. 
Шараға жиналғандар Нұрперзент Домбайды еске алып, жылы естеліктер айтты. Бірге оқыған дос-жарандары сонау студенттік шақтағы досқа адал, сөзге берік бозбала достарының дүниеден таза жүрегін кір шалмастан өткенін айтып,  көркем мінезі, тап-таза болмысы туралы ғибратты естеліктермен бөлісті. Қызметтес әріптестері үнемі жымиып қана тұратын жылы жүзін, еңбекқорлығы мен кісілік келбетін еске алысты. 


“Адамгершілікті, ар тазалығын жоғары қойып, үлкенге құрметін, кішіге қамқорлығын көрсетуден бір танбаған жақсы адамның енді мәңгілік өмірі басталды. Бүгінгі тұсауы кесіліп отырған кітабы ұлт руханиятына қосылған құнды қазынаның бірі”,-деді шарада сөз алған курстас досы, белгілі ғалым Гүлзия Пірәлиева. 

Жинақтың тұсау кесер рәсімін Нұрперзент Домбайдың туған күні қарсаңында ұйымдастырып, игі іске дәнекер болған “Ана тілі” газетінің ұжымы қаламгердің жарына сый-сыяпат жасап, лайықты құрмет көрсетті. 

Шара соңында қаламгердің жары жазушыны еске алып, оқырмандарға жаңа жинақты таныстырып, осындай игі шара ұйымдастыруға ат салысқан жандардың барлығына жүрекжарды алғысын білдірді. 

Кешке Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының өнерпаздары қатысып, ән-жырдан шашу шашты. 

ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Ақпарат саласының үздігі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Нұрперзент ДОМБАЙ ұлт руханиятына өлшеусіз еңбек сіңірген қаламгер. Саналы ғұмырын отандық журналистикаға арнаған Нұрперзент Домбайдың көзі тірісінде «Елбасы және ел», «Адалдықтың ақ жолы», «Адамдық айнасы», «Жүрек үні», «Жеңімпаз», «Елім деп соғар жүрегім», «Алғыс арқалаған азамат», «Күй құдіреті» секілді кітаптары жарық көрген. Бүгін тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартқан “Ұлт жаны” жинағына қаламгердің тілге қатысты әр жылдарда жарық көрген мақалалары, сұхбаттары мен ой-толғамдары еніп отыр.

25328 рет

көрсетілді

245

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз