Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 19 Мамыр, 2022

Референдумда келер ұрпақтың да тағдырына әсер ететін келелі шешімдер қабылданады - Досаев

5 маусымда өтетін республикалық референдум – соңғы 27 жыл ішінде тұңғыш рет өткізілетін, тарихи мәні зор, ел өміріндегі елеулі оқиға. Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев Наурызбай ауданы тұрғындарымен кездесу барысында айтты.

Алматы әкімінің айтуынша, референдум дегеніміз - зайырлы, құқықтық мемлекет үшін маңызды өзгерістерді халықпен кеңесе отырып шешу.

«Осынау бүкілхалықтық референдумда еліміздің Конституциясына енгізілетін іргелі өзгерістер мен толықтырулар дауысқа салынбақ. Конституция – ел өмірінің барлық саласын қамтып, мемлекеттіліктің негізін, қоғамдық қатынастардың өзегін реттейтін басты заң, ерекше ұстын болғандықтан, оған енгізілетін өзгерістерді көп болып талқылау, кеңесе отырып ортақ шешім қабылдау – айрықша маңызды», - деді қала әкімі.

Сондай-ақ, Ерболат Досаев бұл референдумнан еліміздің ешбір азаматы қалыс қалмауы керек екенін атап өтті. «Мұнда халықтың бүгінгі өмірі ғана емес, ертеңгі ұрпақ, келер буынның да тағдырына тікелей әсер ететін келелі шешімдер қабылданбақ. Еліміздің болашағына, қоғам өміріне бейжай қарамайтын барша азамат, қаламыздың тұрғындары осынау маңызды шараға бір кісідей атсалысып, өз таңдауын жасайды деп сенемін. Өйткені, бұл – азаматтық ұстанымымыздың көрсеткіші, елдігімізге сын. Ендеше, әрқайсымыз межелі күні аталған шараның басынан табылайық», - деді Ерболат Досаев алматылықтардың алдында.

Фото: Фото: NUR.KZ / Владимир Третьяков 

61 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Сіздің электронды пошта жарияланбайды. Қатарды міндетті түрде толтырыңыз *