Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 23 Мамыр, 2022

Анадолыдағы симпозиум ортақ жобаларға жол ашты

Түркияның орталық бөлігіндегі тарихи Нийде қаласында Түркі Дүниесінің II Халықаралық коммуникация және өнер симпозиумы 12-14 мамыр аралығында өтті.

Анадолыдағы бұл көне қаланың өзіндік бай тарихы мен көрікті жерлері бар екен.  Іс-шараны Өмер Халисдемир университеті, Түркі Дүниесі Журналистер Федерациясы және Түрік Дүниесінің Мәдениет, Өнер және Кино Қоры ұйымдастырды. Халықаралық іс-шараға Түркия, Солтүстік Кипр, Македония, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Әзірбайжаннан ғалымдар мен өнер қайраткерлері, баспасөз өкілдері, студенттер және көптеген қонақтар қатысты.

Ашылу салтанатында Өмер Халисдемир университетінің ректоры, профессор Хасан Услу,  Түркі Дүниесі Журналистер Федерациясының  президенті Мендерес Демир құттықтау сөз сөйледі. Кездесулер бетпе-бет және онлайн режимінде өтті.

Симпозиумда түркі әлемі аясындағы қарым-қатынас пен өнер саласындағы ғылыми зерттеулердің барлық түрі талқыланып, ғалымдар мен өнер адамдары өз тәжірибелерімен бөлісіп, болашақта түрік әлемінде ортақ жобаларға жол ашты. Мысалы, «Журналистика», «Қоғаммен байланыс», «Альтернативті медиа зерттеулері», «Коммуникация және этика», «Мәдениетаралық коммуникация», «Өнер тарихы», «Әлеуметтік медиа», «Саяси коммуникация», «Кино», «Музыка» және т.б. тақырыптар талқыланды.

Кездесулер аяқталған соң  журналистика факультетінің деканы,  профессор Зия Авшар Симпозиум қатысушыларына ғылыми баяндамасы үшін, сертификаттарын табыс етті. Іс-шараның бірінші күнінің кешінде Өмер Халисдемир университетінің ректоры, профессор Хасан Услудың, облыс, қала әкімдері  және оның көмекшілерінің қатысуымен мерекелік кеш ұйымдастырылып, қонақтарға кешкі ас берілді.

Халықаралық деңгейде ұйымдастырылған шара жоғары деңгейде өтіп, университеттің әкімшілік ұжымы мен ректоры, профессор Хасан Услу бізді жылы лебізбен қарсы алды. Университет студенттері өз шығармаларынан суреттер көрмесін дайындады. Әдемі суреттердің арасынан Қазақстаннан келіп, білім алып жатқан студенттеріміздің де салған шығармаларын көріп  тамашаладық. Университет студенттері дайындаған түріктің  халық музыкасы концерті де өте ұнады.

Біздің  әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бірнеше жыл бұрын Өмер Халисдемир атындағы университетімен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойған болатын. Ағымдағы жылдың наурыз айында Журналистика факультетінің «Қоғаммен байланыс» бөлімінің магистранттары  осы  Білім Ордасында ғылыми тағылымдамадан өтіп, дәрістер алды.

Іссапар барысында Журналистика факультетінің деканы, профессор  Зия Авшар мырзамен келешектегі ортақ білім бағдарламалары, ынтымақтастығымызды нығайту туралы сұхбаттастық. Іс-шара аяқталғаннан кейін, бізді автобуспен армандар қаласы -  Кападокияның ең әдемі жерлеріне саяхаттауға  апарды. Біз «UCHHYSAKH» бекінісін, «UCH GÜZELLIK» тауларын, саз шебері Шабахтың ұстаханасында қонақта болып қайттық.

Түркі Дүниесінің II Халықаралық коммуникация және өнер Симпозиумын тамаша ұйымдастырғаны және қонақжайлылығы үшін,  университет ректоры, профессор Хасан Услу мен  Түркі Дүниесі Журналистер Федерациясының  президенті Мендерес Демирге алғыс білдіріп, жұмыстарына  сәттілік тілегіміз келеді.

Сафура Бөрібаева,

ф.ғ.к., әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,

Журналистика факультетінің

ЮНЕСКО-ның журналистика және

коммуникация кафедрасы

513 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз