- Айна
- 25 Мамыр, 2022
ҚазҰУ-да «Әл-Фараби - Иқбал» халықаралық форумы өтеді
27 мамыр күні Алматы қаласында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Халықаралық Түркі академиясы және Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының Ғылыми және техникалық ынтымақтастық жөніндегі тұрақты комитетінінің (COMSTECH) бірлесіп ұйымдастыруымен «Әл-Фараби - Иқбал» халықаралық форумы өтеді.
Форумның мақсаты Шығыс өркениеті аясында түркі және ислам әлемі халықтарының тарихи жады мен өркениеттік бірлігі жөніндегі сананың жаңғыруына ықпал ету, Түркі академиясы мен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше елдердің азаматтарын өзара танысуға, бір-бірінің тарихы мен мәдениеті туралы білімдерін насихаттауға, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы елдерінің ғылым мен техника саласындағы ұзақ мерзімді ынтымақтастығы арттыруға бағытталған.
Офлайн және онлайн форматта өтетін алқалы жиынға Түркі елдері мен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына мүше елдердің гуманитарлық сала ғалымдары, шығармашылық зиялы қауым өкілдері, дипломатиялық және депутаттық корпусының өкілдері, сарапшылары қатысады.
Атап айтқанда Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, ИЫҰ Ғылым және технологиялар жөніндегі тұрақты комитетінің (COMSCTECH) Бас үйлестірушісі Иқбал Чаудхари, ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары – Президенттің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі Ержан Қазыхан, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы-ректоры Жансейіт Tүймебаев, ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары Қуаныш Ерғалиев, БҰҰ Даму Бағдарламасының Қазақстан Республикасындағы Тұрақты Өкілі Якуп Бериш, ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Сұлтан Раев, Ислам тарихы, өнер мен мәдениет ғылыми-зерттеу орталығының (IRCICA) Бас директоры Махмуд Эрол Клыч, Пәкістан Сенатының адам құқықтары жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Уалид Иқбал, Қазақстан Республикасының Пәкістан Ислам Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ержан Қыстафин, Пәкістан Ислам Республикасының Қазақстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Саджад Ахмед Сихар, Ислам ынтымақтастығы ұйымы Бас хатшысының ғылым және технологиялар жөніндегі көмекшісі Aсқар Mусинов сынды тұлғалар қатысып, сөз сөйлейді.
Конференция аясында Иқбал философиясы: өткені, бүгіні, болашағы; Иқбал философиясы мен поэзиясының жаһандық әсері; ХХІ ғасыр сын-қатерлері және технология тақырыбы бойынша сессиялар өтеді.
715 рет
көрсетілді0
пікір