Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 28 Сәуір, 2024

«Қазақстанда қазақ тілін өзге ұлт өкілдері де үйретіп жүр» – Назипа Шанаи

Сәуір айының жиырма бесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» атты ХХХІІІ сессиясының отырысы өтті. Ассамблея отырысында Президент қандай маңызды мәселелерді тілге тиек етті? Жер әлемді су басып жатқан қиын шақтан қалай есен-аман шығамыз? Қазақстан халқы Ассамблеясы қазақ халқына қажет пе? 

Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат бойынша Ұлттық комиссия мүшесі, ҚХА Аналар кеңесі төрағасы Назипа Шанаи Ыдырысқызымен сұхбаттасудың сәті түскен еді. 

 

– Мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясы сессиясында айтқан маңызды мәлімдемелері туралы ойыңыз қандай?

– Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі миссиясы – ортақтасу, бірлесу. Ал оның артында «қол ұшын созу» деген ұлы мән жатыр. Сондықтан Мемлекет басшысының Қазақстан халқы Ассамблеясы сессиясындағы ең маңызды ойлары –тасқын судан зардап шегіп отырған халыққа көмек көрсетудегі ауызбіршілікке бағытталды. Осындай қиын-қыстау кезеңде билік пен қоғамның бірлесе қиындықты еңсеруге  жұмылуы туралы, осы істің атқарылуы жолында тұрған әрекеттерді іске асыру жолдары,  еліміздің қиыншылықты ортақтаса жеңуде тұрақталған бірлігі  қалыптасқаны туралы айтты.

– Президент: «Ассамблея кейбір адамдар айтып жүргендей жасанды ұйым емес» деді. Осы Ассамблея ұйымы елімізге қаншалықты қажет деп ойлайсыз?

– Жалпы, Ассамблеяның қажеттілігі қаншалықты деген мәселе қоғамда жиі көтеріліп жатады. 1991 жылы Егемен алып, қуанып жатқан кезімізде өзге ұлттардың жерімізге деген өзге ойы бар екені анықталды. Сондықтан еліміздегі өзге ұлттардың басын біріктіріп, ұлт болып ұйыстыру мақсатында Ассамблея ұйымы құрылды. 
Жылына бір рет этномәдени бірлестіктердің басшыларын, қоғамның зиялы қауымын, Үкімет мүшелерін, Қазақстандағы шет мемлекеттердің елшілерін жинап сессия өткізіледі. Ол жерде Ассамблеяның төрағасы – Мемлекет басшысы еліміздің дамуына қатысты өзекті мәселелерді баяндайды және міндеттер қойылады, тапсырмалар беріледі. 

Өзге ұлт өкілдері басшыларының алдына қойылатын міндет – айтылған тапсырмаларды өз ұлысына жеткізу, түсіндіру және орындауды ұйымдастыру. 

Ассамблеяның сессиясы – ұлттық тәрбие сағаты.  Бұл – қазаққа рахмет айту арқылы өскелең ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыру,  ұлтына қарамастан елге еңбегі сіңген азаматтарды үлгі ретінде таныту, қоғамымыздың жақсылығын  паш ету, ортақ отанға қызмет істеуге ұйыстыру шарасы.

Әр сессияда сөз сөйлейтін өзге ұлт өкілдері міндетті түрде қазақ жеріне келген тарихына тоқтайды. Көп адамдар таң қалады – неге осыны қайталай береді деп. Қайталау қажет, себебі - кешегі қиыншылықты бірлесе еңсерген ұрпақ азайып барады. Ал тәуелсіз елде еркелеп өскен жастар ол тарихты білмейді – білмегендіктен бүгінгі қоғамдағы ауызбіршілікті бағалай алмай қалуы мүмкін деген қауіп бар. Көрші Ресейде кеше Ұлы Отан соғысының қан майданында фашистермен соғысқан аталардың немерелері бүгін отанының жүрек тұсында – Мәскеуде фашистік ұйымдар құрып, соны насихаттап отырған жоқ па? Олай болса, бас-басымен бытырамай, тарихи отанының бағытымен кетпей, бір ұйымның бастамасымен ұйымдасып отырғандығы артық емес пе? 

 Егер әр этномәдени бірлестік әр жерде жеке отыратын болса, сырттан келер әсердің жетегінде кету қауіпі бар емес пе? Сондықтан, Ата заңымызға сәйкес өз мәдениетін, салт-дәстүрін, тарихын үйренуге мүмкіндік жасалды.  

Достық үйі – бірлік үйі. 

Достық үйлерінің қажеттілігіне келетін болсақ – бұл ортақ бағытта жұмыс істеуді ұйымдастыру мақсатында құрылған мекеме.   

Жиналыс өткізуге арналған, хореографиялық, вокалдық, қол өнер, тағы басқа кабинеттер кестеге сәйкес жұмыс істеп, бірлескен тарихи музей, көрме залы, кітапхана болуы жұмысты жүйелеу үшін қажет. Ал, аптасына бір-екі рет келетін қоғамдық ұйым басшыларына жеке кабинетті жасап, жауып қою қажет емес. Ұйым басшысы өзін емес, мемлекет дамуына үлес қосып жатқан ұлтын, сол ұлттың асыл азаматтарын көрсетуі керек. Басшы болу үлкен жауапкершілік – Қазақстан бойынша, өз өңірі  бойынша өз ұлтына ақсақалдық жүргізу, сөзін өткізу, ұйымдастыра білу дегенді білдіреді. Көшбасшылар туралы пікір - жалпы сол ұлт туралы пікір болып қалыптасады. Бұл жұмыстың басы-қасында жоқ қаншама ұлт өкілі де сол «шапанның» астында қалады. Олай болатын болса, басшы болған азамат – өз ұлысын толығымен тануы қажет. Себебі, олар үшін жауап береді.

Тарихқа үңілсек, әлемнің барлық мемлекеттері, барлық басшылары әрдайым БІРЛІК формуласын іздейді екен. Себебі, бірлік – мемлекеттің тұрақты дамуының негізі.  Қазақстан бірлік формуласын Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылымы арқылы іске асырып отыр.

Бүгін  бұл ұйымның қажеттілігін халықаралық ұйымдар да, алып мемлекеттер де  мойындады. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтасу ұйымы (ОБСЕ) Ассамблеяның қызметін зерттеп, зерделеп, өзінің құрамындағы 56 елдің тіліне аударып, таратты. Сонда шығарған қорытындылары туралы айтқанда ұйым төрағасы «Бұл институт Еуропада жұмыс істеу үшін – қазақтарды көшіріп алуымыз керек», – деп ұлтымызға баға берді.  

Ал, әр ұлтқа санына қарай пайызбен өлшеп құқық берген Ұлыбритания өз қатесін мойындады. Қазақстан сияқты ұлтына қарамастан тең құқық пен қатар тең жауапкершілік арту ғана халықтың бірлігіне негіз болатынына көзі жетті. 

Негізі, біз бір мемлекетті құрайтын бір халықпыз бәріміз. Кететіндер кетіп, Қазақстанның Конституциясымен өмір                       сүремін дегендер қалған. Иә, біз бәріміз әртүрліміз. Тіпті бір қазақтың өзінің тұратын өңірі, өскен ортасы, руына қарай мінез-құлқы әртүрлі. Ұлттар мен ұлыстар да солай. Әр қайсысының этникалық мінезі бар – жақсы да, жаман да. Бірақ, мемлекеттің негізін құраушы ұлт – ҚАЗАҚТАР, бұл ортақ баған, тірек. Басқалардың да мәдениетті болуы сол негізгі ұлтқа байланысты. Қазақтар қазақша сөйлесе онда басқалар да сөйлейді,  мысалы Өзбекстандағы сияқты. Сондықтан да, қазақтардың үлгілі болуы – қоғамның үлгілі болуы үшін қажет. Бұл біздің алдымызда – мемлекет құраушы қазақ ұлтының алдында тұрған міндет.

Қазақстанды әлемдік өркениетке бейбітшілігімен танытқан, тұрақтылығымен инвестицияның құйылуына негіз болған, ұлттың ұйысуына себепші болып отырған бұл институт негізінен қоғам үшін, еліміздің болашағы үшін қажет. Тұрақтылық пен бейбіт өмірдің құнын кешегі өткен қаңтар қасіреті баршамызға да түсіндіріп өтті деп санаймын. 

Аналар жыламау үшін тәрбиелі ұрпақ өсу керек. Ассамблея құрылымдарын достық тәрбиесінің мектебі ретінде еліміздің әр азаматы қолдануына жол ашық. 

– «Өскелең ұрпақтың дүниетанымы тарихқа қатысты өкпе-реніштен ада болуы керек» деді Мемлекет басшысы. Қазіргі жазылып жатқан тарихқа көңіліңіз тола ма?

– Жалпы, өткенмен өмір сүру – өсірмейді. Өткеннен біз қашанда қорытынды шығаруымыз керек. Ал алға басу үшін даму қажет, өркендеу қажет. Ол туралы бүгін Мемлекет басшысы да  айтып өтті.  Олай болса, өткенге өкпелеп, көлеңкемізден қорқып өмір сұру қажет пе? Бұл мінез мақсатына жете алмағандарға тән. Ал біз – тәуелсіз мемлекеті бар, туы желбіреген, елтаңбасы жарқыраған елміз.  Қазіргі әлемде өзіңді дәлелдей алу – білім мен біліктілікке байланысты. Біз де сол бағытта жұмыс істеуіміз керек. 

Қазіргі жазылып жатқан тарих – ертеңнің еншісі. Бағаны келесі ұрпақ береді. Ал біз – сол тарихты жасап жатқандармыз. Сондықтан әрқайсымыз істеген ісімізге асқан жауапкершілікпен қарауымыз керек.

– Қазақ тілі уақыт өте келе этносаралық тілге айналады дегенге сенесіз бе?

Қазақ тілі уақыт өте келе этносаралық тілге айналуы мүмкін. Дәл қазір қазақ тілін үйрететін арнайы курсын ашып жатқан азаматтардың басым көпшілігі өзге ұлт өкілдері. Өкінішке қарай, өзге ұлт өкілдеріне қарағанда қазақтардың арасында өз тілін менсінбейтін, сөйлегісі келмейтін азаматтар көп. Сондықтан бара-бара өзге ұлт өкілдері  арасында қазақ тілі жақсы дамитынына сенемін. Ал қазақтардың қазақ тіліне деген сұранысы бойынша күмәнім бар... Бұл – үлкен қасірет.

- Жақында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жаңа заң шықты. Заңға көзқарасыңыз қандай?

- Тұрмыстық зорлыққа қарсы қабылданған заң – қазақ қоғамына қажет заң. Егер біздің қоғамда әйел мен балаға әлімжеттік көрсету аз болса, бұл заңның қажеттілігі болмас еді. Қоғам бізді осындай заңның қабылдануына мәжбүрлеп тұр. Заң қатаң болған сайын қоғам 100 пайыз түзеліп кетеді деп айту қиын. Екі күннің бірінде біз әлеуметтік желіден зорлық көрген адамдардың тағдырына куә болып жатырмыз. Ал зорлық көріп өмірден өткен әйелдің артында шынашақтай балалары қалады. Әкесі түрмеге түседі. Сонда 21 ғасырда өркениетті қоғам орнығып жатқан тұста біз сөзбен ештеңе шеше алмайтын болдық па? Өз ара қарым-қатынас құру жойылып барады. Қазақта мемлекетаралық соғысты да сөзбен тоқтатқан кездер болған ғой. Ал біз аядай ғана бір отбасының ішіндегі мәселені сөзбен шеше алмай отырмыз. Бұның артында тәрбиенің осалдығы ағараңдайды. Ер жігіттеріміз отбасыға жауапкершілікті үйренуі керек. Отаналарымыз балаларына мейірімділік пен парасаттылықты бойларына сіңіруі керек. Ол үшін ана мектебін қалыптастыруымыз керек. Себебі ана мектебі арқылы ұл да, қыз да дұрыс тәлім алады. Жалпы, бұл заң бізге ұзақ жылдар бойы бізге ауадай қажет болды. Бірақ қазақ қоғамы өзгеріп, отбасылық құндылықтар қалыптасып, адекватты азаматтар көбейсе, бұл заңды алып тастайтын күн туар...

 

Ақгүл АЙДАРБЕКҚЫЗЫ

 

369 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз