Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 08 Қыркүйек, 2022

ШЫН АСЫЛДЫҢ РУХЫ ӨЛМЕЙДІ

«Журналистика – екінің біріне бағына бермейтін, жалына қол тигізбейтін мамандық. Бұл жолға түсу үшін әуелі таза жүрек, терең түйсік пен асқан сезімталдық керек» дейді ілгерідегілер. Бүгінде Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қайнар ауылының тумасы Алтынбек Сәрсенбайұлының өмірі жоғарыда айтқан пікірді қуаттайды.

Тұлға – бүкіл болмысты бойына сіңірген адам.  Ол – саналы, білімді, еліне адал, рухани құндылықтарға бай. Осындай жанды танымал қаламгер Алтынбек Сәрсенбайұлының есімімен байланыстырғанды жөн көрдім. Ой мен сөздің хас шебері, қазақ мәдениеті мен көркем сөз тарихына дербес құндылығын қосқан қаламгер. Демек, ол елін сүйген, халқының дәстүрі мен мәдениетін ерекше құрметтеген.

Алтынбек Сәрсенбайұлы журналистік-редакторлық қызметінде күрмеуі ауқымды әлеуметтік, ұлттық мәселелерді кеңінен қамтыған. Өзі қозғаған тақырып жайын өндірте жазып, ұлт мәселесін шешуге, қазақ баспасөзі мен әдебиетінің рухани қорының толығуына өзіндік үлесін қосқаны белгілі. Өзі қызмет еткен, басшылық жасаған басылымдар арқылы қоғамдық сананың тамыр жаюына көп күш салды.

Тақырыпты астарлы әзіл, ащы сын арқылы тауып қоя білу – нағыз шеберлік. Бұл автордың журналистік-редакторлық қызметіндегі өзіндік даралығы еді. Мақала жазудың майталманы Алтынбек, шындық, әділдік жолынан таймай, ешкімнен қаймықпай шынайы жаза білетін. Халықтың алдына ашық шығып, сол халықтың сөзін қаймықпай, батыл жазып, халықтың үні болды. «Жазушы Алтынбек  өзі басқарған аталмыш газеттің беделін көтеріп, санын арттырды. Қуғынға ұшыраған өзге де зиялыларға ара түсіп, шындықты шырқыратып жеткізді. «Өркен – Горизонтты» ол жастардың ғана емес, жасамыстардың да іздеп жүріп оқитын газетіне айналдырды» деп Әбсаттар қажы Дербісәлі Алтынбек Сәрсенбайұлының қызметіне жоғары баға береді. Өзі де «Мен 1989 жылы жиырма алты жасымда «Горизонт», «Өркен» деген газеттердің редакторы болдым. «Горизонт» 30 мың,  «Өркен» 100 мың таралыммен шығатын. Сонда бір мәселені ұғындым, менің әр нөмірге қойған қолым – тарихқа қалдырған таңбам, айғағым» деп қызметіне, мамандығына деген адалдығын айқын танытады. Журналистиканың ерекшелігі – кез келген жазылған, айтылған ақпараттардың бәрі де тасқа басылып қалатынында. Міне, біз Алтынбек ағаның осы ерекшелікті бағамдай біліп, әр көтерген тақырыбы мен шындық, әділет жолында шырылдаған шындықты жалпақ жұртқа жариялау жолында жауапкершілікті берік ұстана білгендігін байқаймыз. Қаламгердің ұлттық мүдде, мемлекет, ел, жас ұрпақ келешегі жайында жазған мақалалары қоғам сұранысын дөп баса білді. Қаламгер толғаған ауқымды тақырып пен өзекті мәселелер көрініс тапқан мақалалар өз құндылығын жоғалтпасы анық.

Өмірі – аңыз, тағдыры – толқын Алтынбек Сәрсенбайұлы қоғамдық істерде, мемлекеттік қызметте, тәуелсіз Қазақстанның іргесін қалауға қатысты салада, баспасөзде, сөз өнерінде білікті болған. Оның еңбектері, тағылымды сұхбаттары мен мақалалары мемлекет тарапынан жоғары дәрежеге ие. Жаңашылдық пен жаңалыққа жаны құмар, прогресшіл тұлға, шыншыл әрі жүректі журналист ретінде танылған Алтынбекті халқы ұмытпайтыны анық. Қазақ мәдениетіне сөзбен кірпіш тұрғызып, ал өркениетіне тәуелсіз елдің символын сомдаған рухы нұрлы тұлғаның ғұмыры қапыда қиылмағанда, елінің тарих көшінде атқарар еңбегі толассыз болар ма еді... Артында қалдырған жарық ізі ұрпақ игілігі жолында өшпесі анық. Ел үшін қызмет жасаған біртуар зиялы, рухты ерді дәріптеуді болашақ ұрпақ бағалайды деген сенімдемін.

Зымырап уақыт өткен сайын, уақыттың көші алға жылжыған шақта көп дүниені топырақ басып қалады. Алайда мәңгілік дүние болады. Анығын айтқанда, Алтынбек Сәрсенбайұлының сөзі, өзі, болмысы мәңгілік! Талғамы биік, танымы терең зерттеушінің күш-қайратын сарп етіп жазған еңбектері сан мың шәкірттер жанына сан ғасыр шырақ жағары сөзсіз.

Халқына мәңгілік мұра қалдырған адамды өлді деуге бола ма?! Иә, биыл туғанына 60 жыл толған Алтынбек Сәрсенбайұлының есімі болашаққа бет алған ұрпақ көшінің алдында ұран болып жүреріне күмән жоқ. Батыс әдебиетшілерінің арасында «Күнтізбеде тек ақындардың туған күні ғана бар, өлген күні жоқ, болған емес» дейтін ұғым бар. Сол айтқандай, Алтынбек Сәрсенбайұлының есімі де халқының жүрегінде мәңгілік сақталып тұрады.

Динара БОРАНБАЙ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Журналистика факультеті

Баспагерлік-редакторлық

 және дизайнерлік өнер

кафедрасының 3 курс студенті

725 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз