Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Инфографика
  • 12 Қыркүйек, 2022

Жаңа экономикалық саясаттың бағыттары белгіленді

Жетпісбай  Бекболатұлы,

әл-Фараби  атындағы ҚазҰУ профессоры

e-mail: Zhetpisbay.Bekbolatuly@kaznu.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қыркүйектің алғашқы жұлдызында жария етілген дәстүрлі халыққа Жолдауында қоғам өмірінің қордаланып қалған түйткілдері таразыға тартылды. Мәселен, еліміздің сан салалы шаруашылығын құбылмалы заман талабына икемдеп, даму өрістерін айқындау мақсатында «Жаңа экономикалық саясат» ұсынылып отыр. Тарихқа үңіл­сек, Америка құрама штаттарында 1933-1939 жылдар аралығында болған Ұлы тоқырау салдарын еңсеру, сондай-ақ өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, қаржы, энер­гетика және еңбек қатынастарындағы құрылымдық реформаларды жүзеге асыру үшін президент Франклин Рузвельт әкімшілігі «Жаңа бағыт» деп аталған, кедейлік пен жұмыссыздықты кемітуді көздейтін экономикалық және әлеуметтік бағдарламаны жүзеге асырған-тын. Президент Тоқаевтың «Жаңа экономикалық саясаты» да сапалық және инклюзивтік тұрғыдан халықтың әл-ауқатын арттыруды мақсат тұтады. Бұл бағдардың басты басымдықтары жеке кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру, яғни мемлекеттік капитализмнен және мемлекеттің экономикаға шектен тыс араласуынан бас тарту, бәсекелестікті дамыту, жұрттың бәріне бірдей мүмкіндік беру және ұлттық табысты әділ бөлу болып табылады.

Экономикамызда шешімін тосқан күрделі мәселелер жеткілікті, олар мамандарға да, жұртшылыққа да жақсы белгілі. Мәселен, шикізатқа тәуелділік сақталып отыр. Еңбек өнімділігі төмен, инновация жеткіліксіз. Ұлттық табыстың игілігін жұрттың бәрі бірдей көріп отырған жоқ. Әрине, мұның барлығы – күрделі түйіндер. Бірақ оны шешудің нақты жолдары бар. Атап айтқанда, бұл – макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономиканы әртараптандыру және цифрландыру, сондай-ақ шағын және орта бизнес пен адам капиталын дамыту, заң үстемдігін орнықтыру. Міне, мұның барлығы тың тәсілдерді, соны көзқарасты қажет етеді. Осыған орай баға саласында кезек күттірмейтін бірқатар маңызды міндеттерді шешу керек болады. Бұл ретте бағаны әкім­шілік жолмен реттеу тұтас салалардың инвестициялық тартымдылығын төмендететінін атап өткен жөн. Ол тауар тапшылығын туындатып, елді импортқа тәуелді етеді. Сондықтан баға белгілеу ісіне мемлекеттің араласуы­нан біртіндеп бас тарту қажет болады. Мұнымен бірге шығыстың бір бөлігін тарифтік смета аясында қайта бөлуге және табыстың белгілі бір бөлігін сақтап қалуға рұқсат беріледі. Қазіргі таңдағы ділгір мәселелердің бірі – экономиканы одан ары монополиясыздандыру үшін нақты институционалдық шешімдер қабылдау. Экономиканың тұрақты өсуі салық саясатын оңтайлы жүргізумен тікелей байланысты, сондықтан фискалды реттеуді қайта жаңғырту мақсатында келесі жылы жаңа Салық кодексі әзірленеді. Тағы бір басымдық – салықтық ынталандыру шараларының тиімділігін арттыру болып табылады. Ол үшін экономиканың түрлі салаларында сараланған салық мөлшерлемесіне көшу керек, пайданың технологиялық жаңғыруға және ғылыми әзірлемелерге жұмсалған бөлігіне салынатын корпоративті табыс салығын төмендету немесе одан босату қажет. Салық реформасы аясында «сән-салтанатқа салық» салуды енгізу көзделіп отыр. Мұның орта тапқа қатысы жоқ, бұл салық тек аса қымбат жылжымайтын мүлік пен автокөлік сатып алған кезде салынады. Мамандар салық саясатының тиімді болуы кеден жұмысының ашықтығына тығыз байланысты екендігін көптен тілге тиек етіп келеді. Сондықтан да салық және кеден саласындағы ақпараттық жүйелерді толық біріктіру ісін аяқтау маңызды. Бюджет саясатына реформа жасалып, бюджет кодексінде шекті нормативтер бекітіледі. Оны бюджетті жоспарлау және орындау кезінде міндетті түрде ұстану қажет болады. Бюджет үдерістері барынша жеңілдетіліп, мемлекеттік органдардың игерілмеген қаражатты келесі жылға қалдыруына мүмкіндік беріледі. Сол арқылы олар талай жыл сөз болып келе жатқан ақшаны бюджетке қайтарудың тиімсіз тәртібінен құтыла алады. Сонымен бірге бюджетке қатысты тәуекелдерді басқару жүйесі іске қосылып, бұл жүйе квазимемлекеттік секторды да қамтиды. Бұл ретте «халық қатысатын бюджет» жобасына тоқтала кеткеніміз жөн. Оның ауқымы кеңейіп, жобаға аудандық маңызы бар қалалар мен ауылдар тартылады. Келесі мәселе – бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнесті қолдау. Еңбекақы төлеу қорын көбейткен және салық төлемдерін арттырған кәсіпорындарға қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар мемлекеттен көмек алатын бизнес өкілдерін анықтайтын автоматты жүйе енгізіледі. Мемлекеттік сатып алудың мүлде жаңа жүйесі жасалады. Бағаның төмен болуы ғана емес, тауарлар мен қызметтердің сапасы да басты назарда болады. Мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алу бірыңғай платформаға көшіріледі. Осының бәрін жүзеге асыру үшін «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң қабылданбақ. Тағы бір түйін – мемлекет пен жекеменшік серіктестігінің жаңа үлгісіне көшу, бұған қол жеткізу үшін келісім-шарттар ашық және конкурстық негізде жасалатын болады. Келесі мәселе – аграрлық саланы өркендету. Бұл үшін кәсіпкерлерге жер телімдерін ашық әрі жедел бөлудің тиімді тәсілдері айқындалады. Әрбір аймақ пен елді мекенде бос жатқан немесе мақсатқа сай игерілмеген жердің бар-жоғы анықталып, бұл ақпарат бизнес өкілдеріне қолжетімді болады.

Ұлттық қор қаржысын тиімді жұмсау өте өзекті мәселе болып табылады. Көпшіліктің көкейінде жүрген осынау түйткілге арналған өткен аптадағы шолуымызда республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің қор қызметінің соңғы кезеңдегі қорытындылары туралы сыни пікірін келтірген болатынбыз. Осыған орай алдағы кезеңде қор қаражатының аса қажет инфрақұрылымды дамытуға және еліміз үшін маңызы зор жобаларды қаржыландыруға жұмсалатыны жөніндегі ұстаным көңілге үміт ұялатып отыр.

1461 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз