Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 18 Қазан, 2022

ҚазҰУ-да қазақ философиясының жай-күйі талқыланды

ҚазҰУ-да көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, философия ғылымының докторы, профессор Ғазиз Телебаевтың 65 жылдығына арналған «Философия: ғылым және өмірлік миссия» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Жиынның мақсаты түркі және қазақ философиясының дәстүрлерін саралауға, әлемдік философия тарихы мен заманауи философиялық зерттеулердегі жаңаша көзқарастарды анықтауға, Қазақстан Республикасындағы этно-діни идентификация мәселелерін зерделеуге бағытталған.

Шара философия және саясаттану факультеті, Әл-Фараби орталығы, Философия, саясаттану және дінтану институты мен Қазақстандық философиялық конгрестің ұйытқы болуымен ұйымдастырылды.

Жиында Философия кафедрасының меңгерушісі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаевтың арнайы құттықтау хатын оқып берді.

«Сіз қазақ ғылымының дамуына сүбелі үлес қосқан зерделі ғалымсыз. Тынымсыз ізденіс пен білімге деген құштарлығыңыз дың арқасында бірнеше буын шəкірт тəрбиелеп, өзіндік ғылыми мектеп қалыптастырдыңыз. Ұлттық мүдде жолында үлкен жауапкершілік арқалап, қайраткер азамат, білікті басшы ретінде еліміздің жарқын болашағы үшін ерен еңбек сіңірдіңіз. Қара шаңырақ ҚазҰУ өзіңіздей тұлға түлегін, ғалым-профессорын мақтан етеді. Сізге мықты денсаулық, ұзақ өмір, отбасыңызға бақ-береке, қызметіңізге табыс тілеймін», – делінген хатта.

Өз кезегінде сөз алған ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат ғалымның ұлтаралық жəне конфессияаралық байланыстарды реттеуде мемлекеттік тіл, азаматтық қоғамды  қалыптастыруға қосқан зор үлесін атап өтті. «Ғұмырыңыздың биік белесі – мерейтойыңызбен өз атымнан және ұжым атынан шын жүректен құттықтаймын! Алдағы уақытта әріптестеріңіз бен шәкірттеріңіздің ортасында бәйтеректей жайқалып, ұстаздық қызметіңіз бен шығармашылық табыстарыңыз әрқашан толыға берсін», – деді Бақытжан Берікбайұлы.

Алқалы жиынға қатысқан алыс-жақын шетелдерден және еліміздің гуманитарлық сала ғалымдары қайраткер ғалым Ғазиз Тұрысбекұлына ізгі тілектерін арнап, жылы лебіздерін жеткізді.

Шарада Анкара Хажы Байрам Вели университеті славян тілдері мен әдебиеті кафедрасының профессоры Зейнеп Бағлан Өзер, тарих ғылымдарының докторы, М.В. Ломоносов атындағы ММУ Қазақстандық филиалының профессоры Алтайы Оразбаева, философия ғылымының докторы, Белорус мемлекеттік мәдениет және өнер университетінің профессоры Марина Можейко, философия ғылымының докторы, Ош мемлекеттік университеті Халықаралық білім беру бағдарламаларының жоғарғы мектебі аймақтану кафедрасының профессоры Эркайым Шарипова, философия ғылымының докторы, Қырғыз-Түрік Манас университетінің профессоры Жылдыз Урмамбетова, PhD, Низами Гәнжәуи атындағы Әзірбайжан ұлттық әдебиеті музейінің баспасөз және ақпарат құрылымдық бөлімшесінің меңгерушісі Назмия Йигитоглу, ҚР ҒЖБМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты Философия орталығының директоры Серік Нұрмұратов, тарих ғылымының докторы, профессор, Ресей Ғылым Академиясы Археология институты ортағасырлық археология бөлімінің жетекші ғылыми қызметкері, Игорь Кызласов, философия ғылымының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Тұрсын Ғабитов, ҚР ҰҒА академигі, философия ғылымының докторы, профессор, М.В.Ломоносов атындағы ММУ Қазақстандық филиалы директорының орынбасары Раушан Әбділдина, философия ғылымының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры Гүлжихан Нұрышева, философия ғылымының докторы, М.В. Ломоносов атындағы ММУ Қазақстандық филиалы профессоры Сабина Аязбекова және т.б. ғалымдар қатысып, сөз сөйледі.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,Философия және саясаттану факультетінің деканы Бекжан Мейірбаев: «Сіздің бір арнамен ғана шектелмейтін ауқымы өте кең ізденістеріңізден онтологиялық, гносеологиялық, анторопологиялық, экзистенциалдық проблематиканың тұтас кешенін көре аламыз. Батыс ой-дүниесімен қатар қазақ философиясын түркілік тамырдан тарата отырып зерттеп келе жатқаныңыз, еш оқшаулыққа ұрынбай түрлі философиялық жүйелерді өзіндік соны әдіспен органикалық байланыстыра, қабыстырып, матастыра білу шеберлігіңізді көрсетеді. Қазақстандағы келісім, татулық, этносаралық қатынастар, «Үлкен ел – үлкен отбасы» жобасы, «Мәңгілік ел» бағдарламасы аясындағы және осы мәндес көптеген зерттеулер Сіздің ұлт философиясына қосқан өлшеусіз үлесіңіздің айқын белгісі бола алады»,-деп профессорға факультет ұжымы атынан ақ тілегін білдірген құттықтау хатында.

Жиын пленарлық мәжіліске ұласып, онда ғалымдар қазіргі қазақ философиясының жай-күйі, мәдениет жүйесіндегі философия: әлеуметтік миссия, түркі философиясының интеллектуалды дәстүрлері, біртұтас тұлғаның дамуы – тарихи процестің мақсаты мен мәні сынды мәселелер жан-жақты талқыланды.

Әсет Құранбек,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың философия кафедрасының меңгерушісі

Досжан Балабекұлы,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың философия кафедрасының аға оқытушысы

868 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз