Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 07 Қараша, 2022

Шерхан Мұртаза атындағы аудитория ашылды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртаза атындағы аудитория ашылды, деп хабарлайды университеттің баспасөз қызметі.

Аудиторияны ашқан ақын Нұрлан Оразалин жазушының әдеби және журналистика саласындағы зор үлесі мен жетістіктерін атап өтті. 

«Шерхан Мұртаза – XXI ғасырдың жарқын тұлғаларының бірі. Ол бар ғұмырын ұлттық мәдениет пен әдебиетті дамытуға арнап, болашақ ұрпаққа бай рухани мұра қалдырды. Өзінің адалдығы мен әділдігі үшін Шер-аға есімімен тарихта қалды. Бүгін мен Шерхан Мұртаза атындағы аудиторияның ашылғанына өте қуаныштымын, оның үлесі мен еңбегін біз ешқашан ұмытпаймыз. Ол Қазақстан журналистерінің бірнеше буынын тәрбиеледі. Жаңа аудиторияда біздің болашақ журналистерімізді шабыттандыратын ерекше шығармашылық атмосфера бар. Студенттерге және университет ұжымына үлкен табыс пен өркендеу тілеймін», – деді Нұрлан Оразалин.

Өз кезегінде Парламент Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай құттықтау сөз сөйлеп, жаңа аудиторияға қолдан тоқылған ерекше кілемді сыйға тартты.

Сондай-ақ университет қабырғасында Шерхан Мұртазаның туғанына 90 жыл толуына арналған «Жаңа Қазақстан және Шерхан Мұртаза шығармашылығындағы әділетті қоғам идеясы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. 

Конференция аясында Шерхан Мұртазаның шығармашылығы туралы фильм көрсетіліп, ҚР Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев, Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың құттықтаулары және онлайн форматта шетелдік ғалымдардың да арнайы құттықтаулары оқылды.

Айта кетейік, қазақ журналистикасының мэтрі, классик жазушы Шерхан Мұртаза «Лениншіл жас» газетінің (қазіргі «Жас Алаш») тілшісінен «Қазақстан» мемлекеттік телерадиокомпаниясының төрағасына дейінгі үлкен кәсіби жолдан өтті. Әр жылдары «Социалистік Қазақстан» газетінде әдеби қызметкер, «Жазушы» баспасының, «Жалын» альманахының, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, Қазақстан жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы, «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан» басылымдарын басқарып, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болды.

Шерхан Мұртаза – «Табылған теңіз», «Белгісіз солдаттың баласы», «Ахметжанның анты», «Мылтықсыз майдан» повестері, «41-жылғы келіншек», «Интернат наны» әңгімелері, «Қара маржан», бес кітаптан тұратын «Қызыл жебе», «Ай мен Айша» және басқа да шығармалардың авторы.

Фото: дереккөз

536 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз