Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Айна
  • 15 Қараша, 2022

Түркияда қазақстандық көрнекті ғалымның еңбегі таныстырылмақ

Философия ғылымының докторы, профессор Ғабитов Тұрсын Хафизұлы ғылымдағы табанды ізденістерінің нәтижесінде түркі дүниесінің, қазақ халқының тарихы мен мәдениеті, әлемдік философия тарихы мен әлеуметтік философия, логика, құқық философиясы, этика, мәдени антропология сияқты  іргелі  салалардағы мәселелердің түйткілді тұстарын тереңнен толғап, еліміздің ғылыми дискурсында осы бағыттардың жетілуіне сүбелі үлес қосып келе жатқан көрнекті ғалым. Ғалымның қаламынан туындаған 200-ден астам ғылыми еңбектің, оның ішінде 80-нен астам жеке және ұжымдық монографиялардың, көптеген оқулық пен оқу құралы, энциклопедия, сөздік, жалпы саны 700-ге жуық жарияланымдардағы ойлардың ғылым мен білім жолын қуған өскелең ұрпақтарға бағдаршам болып,  рухани азыққа айналғандығы бұған куә бола алады. 

Философ-ғалымның еліміздің тарихи-рухани мұрасын және бүгінгі келбетін алыс-жақын шетелдерге танытқан ғылыми зерттеулері мен іргелі туындылары АҚШ, Германия, Ауғанстан, Иран, Әзірбайжан және Түркияда және т.б. елдерде жарық көріп, осы елдердің ғылыми қауымдастығы тарапынан қызу қолдау тапты. Тұсын Хафизұлының жетекшілігімен 40-тан астам ғылым кандидаты мен 6 ғылым докторы, 5 Философия докторы (PhD), жүздеген шәкірттерді дайындағаны ұстаздығы мен шәкірт арасындағы өнегелі байланыстың нәтижесін көрсетеді.

Профессор Тұрсын Хафизұлының еңбегінің қашанда мемлекет пен ғылыми қауымдастық тарапынан жоғары бағаланып, әлемдік және отандық деңгейде  қолдау тапқандығына, ғалымға табысталған 40-қа жуық халықаралық, аймақтық, республикалық, өңірлік масштабтағы марапаттары дәлел бола алады.

Биылғы жылдың 17-18 қарашасы аралығында Түркия Республикасының астанасы Анкара қаласында философия ғылымының докторы, профессор Ғабитов Тұрсын Хафизұлының 75 жылдығына арналған «Түркі әлеміндегі Қазақ мәдениеті мен философиясы» атты халықаралық конференциясының аясындағы іс-шаралардың алғашқы бөлігі өтеді.

Шараны ТҮРКСОЙ және Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Бас Елшілігі, «Болашақ» бағдарламасының «500 ғалым» жобасының стипендиаттары, Хажеттепе Университеті мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (философия және саясаттану факультеті, философия кафедрасы, дінтану және мәдениеттану кафедрасы, әл-Фараби орталығы, Қазақтану орталығы), Философия, саясаттану және дінтану институты, Қазақстандық Философиялық конгресс ұйымдастыруда.

Түркия астанасындағы аталмыш шарада 17 қараша күні Қазақстан Республикасының Елшілігінде философия ғылымының докторы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті философия және саясаттану факультеті философия кафедрасының профессоры Ғабитов Тұрсын Хафизұлының «Қазақ этикасының теориясы мен тарихы» және «Қазақ мәдениетінің теориясы мен тарихы» атты еңбектерінің негізінде Хажеттепе университетінің профессоры, доктор Өзқүл Шобанұғлы және профессор, доктор Сажиде Шобанұғлының түрік-оғыз мәдениеті бойынша толықтырылуымен «Қазақ және оғыз этикасы: фольклорлық метаэтикалық негіздеме» кітабының тұсаукесері өтеді. Кітап толық түрік тіліне аударылып, толықтырылған күйде ғалымдар мен қоғам назарына ұсынылады.

Сонымен бірге 18 қарашада түркітілдес мемлекеттердің философиялық қоғамдары өкілдерінің түркі дүниесінің философиялық қауымдастығын құру жөніндегі жұмыс тобының мәжілісі мен «Түркі философиялық қоғамының» ашылу конференциясын өткізу, Хажеттепе университетінде профессор Тұрсын Ғабитовтың көшбасшылық дәрісін өткізу жоспарланған. Аталған шараға түркиялық, қазақстандық ғалымдармен бірге түркі елдерінің белгілі ғалымдары да қатысады деп күтілуде.

Атап айтқанда, шара аясында шет елдік және отандық ғалымдар, Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы Бас Елшісі Еркебұлан Сәпиев, ТҮРКСОЙ ұйымының бөлім басшысы Санжар Мүлазимұғлы, Хажеттепе университетінің профессоры, доктор Өзкүл Шобанұғлы және профессор, доктор Сажиде Шобанұғлы, философия ғылымының докторы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Философия және саясаттану факультеті философия кафедрасының профессоры Тұрсын Ғабитов, философия ғылымының докторы, профессор, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі Айнұр Құрманәлиева, профессор, доктор, Мимар Синан университетінің профессоры Әбдіуахап Қара, профессор, доктор, Анкара университетінің профессоры Алтынташ Хайрани, профессор, доктор, Анкара университетінің профессоры Әли Рафет Өзкан, әлеуметтану ғылымының докторы, профессор, ҚР ҒЖБМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры Серік Сейдуманов, философия ғылымының кандидаты, қауымдастырылған профессор, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия және саясаттану факультетінің деканы Бекжан Мейірбаев, философия ғылымының докторы, профессор, ҚР ҒЖБМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты Философия орталығының директоры Серік Нұрмұратов, философия ғылымының докторы, профессор, Қазақстандық Философиялық Конгрестің атқарушы директоры Аяжан Сағиқызы, профессор, доктор, Ыстамбұл-Еуразия мәдениет және өнер орталығының директоры Ахмет Ташағыл және тағы да басқа ғалымдар қатысады.

Ал 25 қараша күні қарашаңырақ әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде көрнекті ғалым-философ, философия ғылымының докторы, профессор Ғабитов Тұрсын Хафизұлының 75 жылдығына арналған «Түркі әлеміндегі қазақ мәдениеті мен философиясы» атты  халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтеді. Бұл профессор Ғабитов Тұрсын Хафизұлының мерейтойы аясында өткізіліп келе жатқан шаралардың қорытындысы болмақ. Конференция түркі мәдениетінің әлемдік өркениетке қосқан үлесі, ұлттық сана мен бірегейлікті негіздеудегі қазақ философиясының рөлі, қазақ мәдениеті мен Қазақстандағы мәдениеттанудың өзекті мәселелері, түркітанулық және қазақтанулық зерттеулер: мәдени-антропологиялық мәселелері бағыттарын қамтиды.

Әсет Құранбек,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия кафедрасының меңгерушісі

Досжан Балабекұлы,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия кафедрасының аға оқытушысы

754 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз