Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 25 Наурыз, 2023

Наурыз – бәрін басынан бастау

Ежелгі Вавилон күнтізбесінде наурыздағы күн мен түннің теңелуінен кейінгі бірінші айда жаңа жыл басталған және көптеген ел оны мереке ретінде тойлаған. Өйткені Күн мен түннің теңелуі – жаңару, түлеу, қайта туылу деп саналған. Парсы күнтізбесі бойынша, жылдың бірінші күні – Наурыз. 3000 жылдан астам уақыт бойы наурыз зороастризмде діни мереке болып тойланды, бірақ бүгінде бүкіл Шығыс Еуропа мен Орталық Азияда да зайырлы мереке ретінде тойланады.

Парсы тілінен «наурыз» сөзі жаңа жылдың бірінші күні деп аударылады екен. Ежелгі Италияда бұл күні әйелдер Адонис бақтарына тұқым себу арқылы мерекені атап өтетін дәстүрі болған. Бұл дәстүр Италияның кейбір жерлерінде әлі де сақталыпты. Мысалы, Сицилияда жыл сайын наурызда әйелдер себеттерге жасымық, аскөк, салат немесе гүлдер тұқымдарын отырғызады екен. Ал еврейлер үшін «Құтқарылу мейрамы» деп аталады. Бұл – еврей күнтізбесіндегі ең маңызды мерекенің бірі. Отбасы мен достары дәстүрлі тағамдарды жеуге жиналады. Бірақ еврейлер ол күндері нан сияқты ашытылған тағамды жеуден бас тартады және дүкендер апта бойы нан мен нан өнімдерін сатуды тоқтатады екен. Жапондар да Күн мен түннің теңелуін ұлттық мереке ретінде ерекше тойлайды. Жапондық буддистер бұл уақыт ты атабабаларын, әсіресе жақында өмірден өткен жақындарын құрметтеуге арнайды. Бұл Египеттегі ең көне мерекелердің бірі, ол біздің дәуірімізге дейінгі 2700 жылдан басталыпты. Наурызды Иран елі ерекше атап өтетінін, тіпті Қытай да бұл күнді тойлайтынын білеміз. Мұның ішінде бізге танысы – Пасха мерекесі. Түрлі-түске боялған жұмыртқа, глазурьмен безендірілген Пасха торттары есіңізде шығар. Ал Қазақстанда да 22 наурыз – күн мен түннің теңелген уақыты, мемлекеттік маңызы бар, ерекше мейрам. Осылайша күн мен түннің теңелуі көптеген халықтың мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналған.

Қазір Күн мен түннің теңелуі туралы ғалымдардың еңбектері баршылық. Егер қатты қызықтырса, бұл құбылысты NASA-ның сайтына кіріп, бейнекөрініс арқылы тамашалай аламыз. Ал ежелде адамдар аспанға қарап, Күн мен түннің теңелгенін білген. Көптеген елде күн мен түн теңелгенде күн немесе ай сәулесі түсетін ғимараттар, қалалар, қабырғалар болған екен. Ал обсерваториялар, құралжабдықтар болмаған кезде қазақтар күн мен түннің теңелуін қалай білген?

Этнограф Болат Бопайдың айтуынша, бұрын қазақтар аспан денелерінің қозғалысын жетік меңгерген. «Ол заманда халық аспан жұлдыздарын, ай, күн, жұлдыздардың орын қозғалысын өте жақсы білген. Мәселен, Жетіқарақшы, Темірқазық, Үркер шоқжұлдызы, Таразы, Сүмбіле, Таңшолпан, Кіші шолпан, Есекқырған, Қызыл жұлдыз, Сары жұлдыз, Құйрықты жұлдыз, т.б. жұлдыздардың аспан аясындағы маусымдық орын алмасуын өте мұқият бақылау арқылы күннің ұзару, қысқару, тоқырауын және Ай мен Үркер шоқжұлдызының тоғысына қарап отырып, жұлдыздық есепті дұрыс меңгере білген. Одан қала берді, көлеңке арқылы уақыт есептеу тәсілін қолданған. Қазақта осы күнге дейін «күн қаңтарда қарға адым, ақпанда ат адым, шілдеде шіл адым ұзарады» деген сөз тіркесі бар. Күн арқан бойы көтерілді, күн шаңыраққа келді, Үркер жамбасқа түсті, Жетіқарақшының шөміс басы оңтүстікке бұрылды деп айтып жатады», – дейді этнограф.

Күннің көзіне қарап-ақ тәуліктік мезгілдерді дәл біліп отырған ата-бабамызға күн мен түннің теңелген уақытын білу аса қиынға түспеген түсінікті де. «Ұланғайыр ұлы дала төсін мекен еткен қазақ халқы – Темірқазық жұлдызы мен Жетіқарақшы жұлдызын аспан әлемі сағатының бағдаршысы, уақыт тілі ретінде пайдалана білген. Күн мен түннің теңелу нүктелерін де аспан әлем сағатының Темірқазық және Жетіқарақшы жұлдыздарының көрінісі арқылы біліп, айырып, ұғып, үлкен ұғымға айналдырып отырған. Осылайша, жаратылыс пен сұлу табиғат дүниесімен бірге туып, біте қайнасып кеткен. Аспан мен жердің, Ай, Күн мен Жұлдыздың уақыт айналымындағы ара парықтарын қалт жібермей, Ай мен Күн аспандағы он екі шоқжұлдызды басып, оған қонақтап өтетінін жай көзбен қарап біліп, қарапайым бақылау тәсілдері арқлы өте жетік меңгерген. Жыл құстарының қайтуы, оралуы, шөптің сарғаюы, ағаш жапырақтарының сарғая түсуі сынды толып жатқан өзгерістерге қарап, қай уақытта жайлауға көшу, қай мезгілде көктеуге барып қону, қашан отарға мал айдау, қыстауға қай мезгілде барып тұрақтау керек екенін өте жақсы білген. Бір сөзбен айтқанда, қазақ халқы уақыт қадірін ең жақсы білген және уақытты қадірлеп өмір сүре білген ұлы халық деуге болады», – дейді Б.Бопай мырза.

Күн мен түннің теңелуі туралы ғылым

National Geographic арнасы күн мен түннің теңелуі туралы мынандай ғылыми дәлелдер келтіреді: теңелу кезінде күннің ауытқуы 0° болады. Күннің ауытқуы күннің түсте тікелей үстінде болатын жердің ендігін сипаттайды. Сонымен, Күн мен түннің теңелуі – Күнасты нүктесі тікелей экваторда болатын жылдың жалғыз мезгілі. Күнасты нүктесі – Күн сәулелері жер бетіне перпендикуляр түсетін аймақ. Күн мен түннің теңелуі кезінде жердің 23,5° осі күнге қарай жылжиды немесе одан алыстамайды.

Күн мен түннің теңелуіне дейін және одан кейін Күнасты нүктесі солтүстікке немесе оңтүстікке ауысады. Наурыздағы Күн мен түннің теңелуінен кейін Солтүстік жарты шар Күнге қарай еңкейген кезде, Күнасты нүктесі солтүстікке жылжиды. Бұл маусымның «Күн тоқырауы» болса, одан кейін Күнасты нүктесі оңтүстікке қарай жылжи бастайды. Мұны Б.Бопай былай түсіндіреді: «Күннің екі тоқырауы болады. Бірінші тоқырауы – маусымның 22-23 жұлдызында күн ұзарып барып, шырқау шегіне жетеді. Күн өз айналу осінің аспанның солтүстік жарты шарындағы көкжиектік шегіне жетіп, оңтүстік аспан шардың бағытқа қарай қайта айналады. Мұны қазақ «Күннің жазғы тоқырауы» деп атайды. Сосын күн ақырын-ақырын қысқарып, желтоқсанның 22-23 жұлдызында тоқырайды. Бұл кезде Күн аспанның солтүстік жарты шарынан оңтүстік жарты шарындағы хақ сызығынан өтіп шығады. Мұны қазақ «Күннің қысқы тоқырауы» деп атайды».

Бір қызығы, Күн мен түннің теңелуі жер жүзіндегі уақытты ғана өзгертіп қоймайды, сондай-ақ басқа ғаламшарларда да бұл құбылыс жүріп өтеді екен. National Geographic-тен көргеніміздей, Сатурнда Күн мен түннің теңелуі ерекше әсер қалдырады. Сатурндағы Күн мен түннің теңелу күндерінің арасында шамамен 15 жыл жатыр, ал Күн мен түннің теңелуі төрт күнге созылады. Сатурнның сақина жүйесі ғаламшардың экваторы сияқты бір жазықтықта айналады. Сақиналар ғарышқа мыңдаған шақырымға созылғанымен, олар өте жұқа, ені бір шақырымдай ғана. Сатурнның Күн мен түннің теңелуі кезіндегі сақиналары (және Сатурнның экваторы) Күнмен тамаша сәйкес келеді. Күн перспективасынан түсірілген фотосуреттер сақиналарды ұстара тәрізді жіңішке сызық ретінде көрсетіп тұрады екен.

Тəттігүл Картаева, Əл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, этнограф

Күн мен түннің көктемгі теңелуі

Қазақ халқының астрономиялық білімі басқа халықтардың астрономиялық білімімен салыстырғанда өзгеше. Яғни қазақ халқының астрономиялық білімі – ата-бабаларынан келіп жеткен «халықтық білім», «адам мен табиғат» арасындағы байланыстың нәтижесі. Темірқазық, Жетіқарақшы, Үркер, Босаға, Таразы, Шолпан сияқты жұлдыз атаулары бізге ежелгі түркілерден келіп жеткен. Жұлдызшыларды қазақтар арасында жұлдыз, Күннің қозғалысын есептеп отыратындықтан, есепші деп атау қалыптасқан.

Қазақ есепшілері жыл мезгілдерін мал төлдету, бие байлау, күзем алу, көктеуге, жайлауға, күздеуге, қыстауға көшу мерзімдерін көпшілікке жариялап отырған. Олар ешқандай аспаптың көмегінсіз аспан әлемі денелерін қозғалысына қарап, оларды өзінің атабабасынан мұрат еткен халықтық білімінен бақылаған. Есепшілер халықтық күнтізбені жіті меңгерді. Ауа райын алдын ала болжаған. Бірақ сол ерте замандарда күнтізбені дұрыс есептемегендіктен, Күн мен түннің теңелуі жылдың әр мезгіліне ауыстырып отырған. Селжұқтар сұлтаны Мәлік шах билік басына (1072-1092 жж.) келгенде аспан денелерін, Күн қозғалысын жіті зерттеп, жаңа күнтізбе жасауға жарлық берген. Жаңа күнтізбе жасауға Хорасан ғалымдары, соның қатарында атақты ғұлама Омар Хайям да қатысқан. Осылайша, 1079 жылы жаңа күнтізбе жасалып, Күн мен түннің теңелуінің күнтізбедегі тұрақты орны анықталды, кібісе күн де есептелді. Яғни 1079 жылдан бастап «Күн мен түннің» көктемгі теңелуін 22 наурызға тура келетінін дұрыс есептеп шығарған.

Жаңа күнтізбе жасауға Омар Хайямнан басқа да Хорасанның атақты ғалымдары Абу-л-Музаффар ал-Исфазари, Маймун ибн Наджиб ал-Васити, т.б. қатысқан. Бұрынғы Шығыс күнтізбесінде 1079 жылғы жаңа күнтізбеден 16 күн айырмашылық болып келген. Жаңа күнтізбе жасау кезінде обсерваторияға аспан әлеміндегі жұлдыздардың орнын, қозғалысын анықтайтын «ұстарлаб» деп аталатын астрономиялық аспап орнатылған. Омар Хайям 1157 жылдары Селжұқ сұлтандығының жаңа билеушілеріне обсерваторияның ғылыми маңызын және Жаңа Шығыс күнтізбесін түсіндіру мақсатында «Наурызнаме» атты шығармасын жазған. Жаңа Шығыс күнтізбесінің ерекшелігі – оның Күн қозғалысына негізделіп жасалғандығында.

Күн мен түннің теңелуінен кейін келетін жаңа күн ертедегі Юлиан күнтізбесі бойынша 9 наурызға сәйкес келген. Ал осы күнгі қолданыстағы Григориан күнтізбесі Юлиан календарынан 13 күн айырмашылығы бар. Григориан күнтізбесі бойынша жаңа күннің келуі 22 наурыздан басталады. Шығыс халықтарының күнтізбесі бойынша көктемгі Күн мен түннің теңелуінен кейін басталатын, 22 наурыз – Жаңа жылдың бірінші, яғни Жаңа күн болып саналады.

Ертедегі шығыс күнтізбесінде, парсы күнтізбесінде, көктемнің алғашқы айы «фарвардин» айы деп аталған. Ал «наурыз» жылдың басындағы 1-күннің, яғни жаңа күннің аты, қазақтар бұл күнді «Ұлыстың (жылдың) Ұлы күні» дейді. Махмұт Қашқари «Түрік тілінің сөздігі (Диуани лұғат-ат-түрік)» атты жазбасында ерте түркілер Наурыз күнінен кейінгі айды «Оғlақ аj»/«Оғлақ айы», яғни «көктем айы», ал одан кейінгі екі айды «Uluқ aj»/ «Ұлы оғлақ ай», яғни «үлкен көктем айы» деп көрсеткен. «Наурыз» – жаңа күн деген мағынаны береді. Наурыз сөзі қазақ халқында кейін келе, көктемнің алғашқы айының атына айналған.

«Күн мен түннің» теңелген күні деп күн өзінің жылдық айналымында әрбір жұлдызды бір айда басып өтеді де, он екі жұлдызды толық басып өтіп, жаңа айналымға енгенде күн мен түннің ұзақтығы бірдей болатын күнді айтады. Егер «аспан әлемін» немесе «табиғатты тану» тілімен түсіндіретін болсақ, «күн мен түннің теңелген күні» күн табағы ортасының аспан экваторынан өтетін кезі. Күннің аспан экваторын басып өту құбылысы жылына екі рет қайталанады. Дәстүрлі халықтық білімде оны «күн мен түннің теңелуі» дейді. Күн мен түн жылына екі рет теңеледі. Біріншісі – көктемгі немесе жазғытұры теңелуі. Бірінші теңелуі 21 наурыздан 22 наурызға өтер күнге сәйкес келеді. Екіншісі – күзгі теңелуі, ол 22 қыркүйектен – 23 қыркүйекке өтер күнге сәйкес келеді.

Көктемгі теңелуде Күн аспанның оңтүстік жартысынан солтүстік жартысына, күзгі теңелуде, керісінше, солтүстік жартысынан оңтүстік жартысына өтеді. Күн мен түннің теңелуі кезінде Күннен жерге түскен жарық сәуле көлеңкенің шекарасы жер меридианымен беттеседі. Күн мен түннің теңелу күнінде күннің ұзақтығы да, түннің ұзақтығы да бірдей, 12 сағаттай болады. Жылдың басқа мезгілдерінде мысалы қыстың күндері түн ұзақ, күн қысқа, ал жазда күн ұзақ, түн қысқа болады. Күн көкжиектің шығыс нүктесінен шығады, батыс нүктесінен батады.

Көкжиек деп жер мен аспанның беттесіп, астасып көрінетін сызығын айтамыз. «Көкжиектен күн көрінді», «көкжиектен күн күлімдеп атты», «көкжиектен басқан күн» деген сөздер осы күннің көтерілуін, батуын сипаттаумен байланысты. Көктемгі теңелудегі жаңа күнді халық қуанышпен қарсы алған. Жаңа күннің келуінен көктемгі жылыну, табиғаттың түлеуі, төрт түлік малдың төлдеуі, алғашқы жыл құстарының келуі қатар жүреді. Халық арасында таралған дерек бойынша «Жыл құстары» атауы да – ертедегі күнтізбені жүргізуге байланысты туындаған ұғым. Ертеде халық құстарының келуімен, қайтуымен де жыл есебін жүргізіп отырған.

«Күн мен түннің теңелуі кезінде күннің ауытқуы 0° болады» дедік. Ендеше, наурызда бәрін нөлден бастауға әбден болады. Жаңа жыл – күн мен түннің теңелген кезінен басталуы керек екені қисынға келіп-ақ тұр. Жаңа жыл құтты болсын!

Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы

573 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз