Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • TENGE MONITOR
  • 29 Сәуір, 2010

Ғылыми ізденістерді интеграциялаудағы алғашқы қадам

Республикамыздың білім беру саласындағы жетістіктері мен осы саланы жетілдіру бағытындағы жүргізіліп жатқан іс-шаралар, еліміздің саяси, әлеуметтік, мәдени және экономикалық дамуына елеулі ықпал ететіндігі белгілі. Ал бұл өз ретінде мемлекет, қоғам тіпті әрбір қазақстандық жанұя, азамат үшін білім беру саласының басымдықтарын айқындай түседі.

Сондай-ақ Қазақстанның халықаралық қатынастарды әртүрлі формада, біліммен ғылымның әр түрлі салалары бойынша белсенді түрде жүргізуі, интеграциялық процестерге басымдылық бере отырып, оның маңызын тереңдетуі, қолданыс ауқымын кеңейтуі- әлемдік білім кеңістігіне енудің алғы шарттары деп түсінем.

Еліміздің Президенті Н.Ә. Назарбаев биылғы дәстүрлі Қазақстан халқына жолдауында білім беру саласына аса үлкен мән беріліп, жоғары білімнің халықаралық талаптарға сәйкес келіп, әлемнің жетекші университеттері рейтінгісіне енуге ұмтылу қажеттілігіне тоқталып, өкіметке нақты міндеттер жүктеді.

Осы тұрғыда жоғары білім беру жүйесінің үш сатылы формаға көшуі, кредиттік технологияның енгізілуі, Болон декларациясына қол қоюы, Республикамыздағы білім беру жүйесін әлемдік білім кеңістігіне еркін кіруіне жол ашты десе де болады. Оның нақты дәлелі ретінде Республикамыздың жетекші жоғары оқу орындарының әлемнің әр түрлі елдеріндегі беделді университеттерімен тікелей екі жақты байланыстар орнатып, ғылыми семинар-кеңестер, форум, конференциялар ұйымдастырумен қатар, маман-кадрларын алмасып, іс-тәжірибелерден өткізу, студент, магистрант, доктаранттармен алмасып, бірлесіп ғылыми-жобаларда жүзеге асыру сынды іс-шараларды алуға болады.

Олардың рухани, мәдени, танымдық маңыздылықтарын былай қойғанда, біздің жас ғалымдарға әлемдік кеңістікке шығуларына жол ашылып қана қоймай, іс-тәжірибе жинақтауларына мүмкіндіктер берілуде.

Мен де әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Шығыстану факультетінің студенті одан кейін магистранты болған кездерімде Араб елдерінде іс-тәжірибелерден өту бақытына ие болдым. Ол кездердегі негізгі мақсат тіл үйрену, арабтардың тұрмыс-тіршіліктерімен танысу, дипломдық жұмыс пен магистрлік диссертацияларға қажетті материалдар қорын жинақтау болса, ал доктарант кезеңіндегі іс-тәжірибелерімнің мәні де маңызы да ерекше болды. Олай дейтін себебім мен қаңтар-ақпан айларында Египет Араб Республикасы астанасы Каир қаласындағы Айн-Шамс университетінің Тілдер факультетіндегі ғылыми іс-тәжірибеден өттім.

Ондағы ғылыми ізденістерімнің жүйелі жүргізілуіне жетекшілерім Қазақ ұлттық университеті араб тілдері кафедра меңгерушісі ф.ғ.д., профессор Надирова Г.Е. мен Айн-Шамс университетінің профессоры, ғалым-аудармашы Амер Мохамедтің үлкен әсерлері болды. Олар ғылыми ақпарат, мәліметтер жинақтауда бағыт-бағдар беріп материалдарды сұрыптау, талдау, жүйелеу тұрғысында көп кеңестер беріп отырды.

Аталмыш университеттен жетекші ғалымдарының дәріс сабақтары, ғылыми-семинарларына қатысып алған әсерім де мол болды.

Сабақтардан бос уақыттарда Каир қаласының тарихи маңызды құнды ескерткіштерін қызықтаумен қатар, әлемдегі ең ежелгі кітапханалардың бірі саналатын Александрия кітапханасында, кітап қоры жағынан Каирдаы ең бай кітапханалары – Дарулкутуб (тура аудармасы Кітаптар үйі) және Мактаба Кубра Лилкахарада (Каирдың ең үлкен кітапханасы) болдым.

Өзім бекітілген Айн-Шамс университет кітапханасы да арабша, түрікше, аылшынша ылыми құнды еңбектерімен менің қызығушылығымды тудырды.

Олардың қызмет көрсету мәдениеті өте жоғары деңгейде жүргізіледі. Іздеген кітапты тіпті-мардымсыз мәліметтің өзін тез, оңай табуға мүмкіндіктер жасалынған, әсіресе кез-келген адамға кітапханаларда қызмет көрсету тегін, толық жағдай жасалынған, жұмыс істеу уақыттары да ұзартылған.

Менің іс-тәжірибеден өтудегі негізгі мақсатым-докторлық диссертацияма қажетті материалдар жинақтап, ғылыми мақала жазу болғандықтан, өзімнің жеке кітап қорымды құнды кітаптармен толықтыру мақсатында кітап дүкендерін, кітап жәрменкелерін де араладым.

Сонымен қатар Каирда жылына бір рет ұйымдастырылатын Халықаралық кітап көрмесін аралау мүмкіндігіне де ие болдым. Онда АҚШ, Ресей, Еуропаның, Азия алпауыт елдерімен қатар, қазақстандық кітаптарды көргенде, төбеміз көкке бір елі жетпей қалды десе де болады. Әрине кітапхана, кітап дүкендерінде болған жақсы, дегенмен, араб тілінің маңыздылығын түсіну үшін тікелей сұхбат, араласып, танысып, жүздесудің маңызы да зор. Осы тұрғыда жергілікті университеттердің студент, магистрант, доктаранттарымен танысып, білісіп, ой бөлістік. Олардың кішіпейілділік, сыпайылылық және қонақжайлылық мәдениеттері де мені қызықтырды.

Дегенмен осындай қысқа мерзімдік болсын іс-тәжірибелерден бәрін білмесек те, оқыған, көрген, жинақтаған ой-тұжырымдамаларымыз ғылыми ізденістерімізге үлкен әсерін тигізіп, білім деңгейіміздің бір сатыға болсын жоғарылауына мүмкіндік берді деп толық сеніммен айта аламын.

Сонымен мен мақаламды ұлы данышпан Абай атамыздың

Білімдіден шыққан сөз,

Талаптыға болсын кез

Нұрын, сырын білуге

Көкірегінде болсын көз –

деген қасиетті өсиетімен, яғни білімді ұстаздарымыз бен талантты да талапты шәкірттерінің байланыстары баянды бола берсін деген тілекпен аяқтамақпын.

Мустафаева Анар

924 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз