Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • TENGE MONITOR
  • 29 Сәуір, 2010

Апаттан кейін... Ақсуда 530 жаңа үй салынады

Судан зардап шеккен Қызылағаш, Ақтоған, Егінсу ауылдарында барлығы 530 жаңа үй салынады. Аталған елді мекендердің құрылыс алаңдарында қазір 69 құрылыс компаниясы, атап айтқанда 500-ден астам техника және 4000-нан астам адам жұмыс істеуде.d0bad18bd0b7d18bd0bbd0b0d0b3d0b0d188-2d0b0d180doc

Қызылағаш ауылында 313 үйдің кірпіші қаланды, 86 үйдің шатыры көтерілді, 47 үйдің шатыры жабылды, олардың ішкі әрлеу жұмыстары аяқталуға жақын. Сонымен қатар қоғамдық монша мен спорт залдың құрылысы және мәдениет үйі, әкімдік пен мектепке күрделі жөндеу жүргізілуде. Бұрынғы мектеп-интернат ғимаратының бірінші, екінші қабаттарын 120 орынға арналған балабақша, ал үшінші қабатын 12 пәтерлі тұрғын үй ретінде жасау жұмыстары жүріп жатыр. Су құбырының жоспарланып отырған ұзындығы 13,3 шақырымға қосымша тағы 2,9 шақырым құбыр тартылатын болды. Бүгінгі күнге 15,5 км. траншея қазылып, оларға 15 шақырым құбыр орнатылды.

Қызылағаш ауылында алғашқы 45 үй пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Қызылағаш ауылын қалпына келтіру жұмыстарының барлығы 15 маусымда аяқталады деп күтілуде.

Ақтоған ауылында үй іргетасына арналған 65 траншея қазылып, 44 үйдің іргетасы, 16 үйдің кірпіші қаланды, 5 үйдің шатыры көтерілді. Сол сияқты жаңа медпункттің құрылысы және мектептің күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Мұнда 327 адам жұмыс істеуде.

Егінсу ауылында қазіргі кезде құрылыс компаниялары ескі нысандарды бұзып, орнын құрылысқа дайындауда. Бүгінгі күні үйдің іргетасы үшін 15 траншея қазылып, 7 үйдің іргетасы, 4 үйдің қабырғасы қаланды. 2 үйдің шатыры көтерілді. 50 үйді бұзу жұмыстары жүргізілуде. Мұнда 389 адам еңбек етуде. Фельдшерлік-амбулаториялық пункт және ветеринарлық пункт қайта тұрғызу, мектеп пен балабақшаға жөндеу жұмыстары басталды.

Уақытша тұрғылықты жерлерге көшірілген, палаткаларда тұрып жатқан адамдар алғашқы қажеттіліктегі заттармен қамтамасыз етілген, сондай-ақ медициналық көмек көрсетілуде.

216 млн. теңге болатын азық-түлік пен басқа да қажеттіліктер келіп түскен. Оның 68,1 млн. теңгелік азық-түлік пен басқа да қажеттіліктері тұрғындарға таратылып берілді.

Жалпы Қызылағаш ауылдық округі бойынша 2000 га жерге масақты дәнді-дақыл себу межеленген. Бүгінгі күнге 500 га көлемге жаздық арпа, 500 га жерге бидай себілді. Сонымен қатар Қызылағаш ауылындағы суармалы жердің 50 гектарына картоп, 50 гектарына қант қызылшасы, Ақтоған ауылындағы 150 гектар жерге қант қызылшасы себіледі.

Қызылағаш ауылында су тасқыны кезінде қаза болғандардың қырқын беру рәсімі өткізіліп, ас берілді. Шараға облыс әкімі Серік Үмбетов қатысты.

Облыс басшысы өз сөзінде қаза болғандардың отбасылары мен туыстарына тағы да көңіл айтып, су тасқыны салдарын жоюға байланысты Елбасының тапсырмасы бойынша зардап шеккендердің барлығына көмек көрсетіліп, сондай-ақ баспана тұрғызылатынын, материалдық және басқа да көмектер берілетінін айтты. Ауылда қаза болғандарды еске алатын мемориал орнатылатынын жеткізді.

Өз кезегінде ауыл тұрғындары: «Мемлекеттің және Қазақстан халқының қолдауын жан-жақты сезініп отырмыз. Алғашқы үйлерінің қысқа мерзім ішінде дайын болғанын көріп, қуанудамыз. Бізді қолдаған азаматтардың бәріне алғыс айтамыз», - деді.

Елді мекендердің тұрғындарына ҚР Үкіметі бекіткен зейнетақы және әлеуметтік жәрдемақылардың барлық түрі төленуде (көп балалы аналарға, мүгедектігі бойынша берілетін жәрдемақы, балаларға, қайтыс болған адамға, аз қамтылған отбасына т.б.).

2361 есеп-шотқа 61 млн. 820 мың теңге көлемінде материалдық көмек аударылды. Материалдық көмек әрбір үлкен адамға 15 мың теңге, жас балалар үшін 7500 теңге деп есептеліп төленуде. Елді мекендерді қалпына келтіру жөніндегі жедел штабтың жұмысы ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімовтің жіті бақылауында.

С.СЕРІК

1125 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз