Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • TENGE MONITOR
  • 29 Сәуір, 2010

Шығыстағы шырғалаң

d188d18bd0b3d18bd181d182d0b0d0b3d18b-d188d18bd180d0b3d0b0d0bbd0b0d2a3Шығыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметтерінде көрсетілгендей, биылғы 2010 жыл Шығыс елін шынымен де шырғалаңға салды. Табиғаттың тосын мінезі қыс бойы аяз бен бораннан көз аштырмаса, көктем келіп, топан су қаптап, жұртты әбден әбігер қылды. «Жай кезде анау дейміз, мынау дейміз, қиналып, жан қысылса, Құдай дейміз» – деп Кенен ақын айтқандай-ақ, алақан жайып Жаратқаннан тілек тілейтін кез келген сыңайлы.

Өңірде қыс бойы толассыз жауған қалыңдығы 2-3 метрдей қар жол қатынасына кедергі жасап-ақ тұр. Соның салдарынан ауыл аймақтарда азық-түлік жетіспей, оған қоса қыстың ұзақтығына байланысты малдың да жем-шөбі бітуге тақап, елді елеңдетсе, көктемде топан суға тұншығып әлек. Бейқам отырған кезде лап қойған топан-су, халықтың зәре-құтын қашырды. Қора-жайды, мал-мүлікті ағызып әкеткенімен, адам шығыны жоқ.

Қысылтаяң кезеңде ауылға барсаң, ауылдағы ағайының күндіз-күлкіден, түнде – ұйқыдан айырылғанын көресіз. Мал десек те, тірі жан атаулыға суға кетіп, жан тапсыру оңай ма?! Түні бойы қыңсылаған ит, мөңіреген малдың азалы дауысы тұла бойыңды шымырлатып, жүрегіңді сыздатады. Таң ата сыртқа шықсаңыз үрейлі көрініс… Түні бойы маңырап, мөңіреп жылаған мал атаулының жартысынан көбі жерде мұз болып қатып жатады немесе құлаған қора-лашықтың астында қалады. Осыны көргенде біреу еңіреп, енді біреуі үні шықпай қалады. Бір-бірінен тек «жан аман ба?», деп хал сұрасқан көрші-қолаң. Енді не болады екен дегендей бәрінің көздерінде бір қорқыныш пен бір үміт. Маңдай терімен тапқан еңбектерінің еш болып жатқанын көріп, өмір бойғы еткен еңбегі дүние-мүлік пен малдан бір-ақ сәтте айырылған ағайын өлген малды көріп қиналса да, бала-шаға, ағайын жұрағатының амандығын көріп шүкіршілік қылады.

Семей қаласының бірер шағын аймақтарын да су алады деген қауесет бар. Әсіресе, Ертіс өзенінің маңында тұратын тұрғындардың дегбірі қашқан. Біреулер Ертіс тасиды десе, енді біреулер Шүлбі СЭС жарылады екен деп дақпырт таратуда. «Жел тұрмаса шөптің басы қозғалмайды» – деп, Ертістің тасуы жөніндегі алып-қашпа сөз негізсіз емес еді. Теледидардан елді тыныштандыру үшін, «қауіп жоқ, алаң болмаңыздар» деп айтқанымен, «ескерте салайық, әлде қалай боп кетеді» дегендей, өзен маңындағы көшелерде тұратын халықты ТЖМ өкілдері «құжаттарыңыз қалталарыңызда, өздеріңіз дайын жүріңіздер» деп ақпараттандырғаны елді екіұдай қылып, артық алаңдатып тұр.

Ең бір жанға бататыны; «жау жағадан алғанда, бөрі етектен алады» деп, ел-жұрттың қиналғанынан пайда көріп жүрген жүрегі тастай қатыгез жандардың да барлығы. Ауылда жол қатынасының болмауынан азық-түліктің бағасы қытымыр кезде 10 есеге қымбаттап кетсе, бала-шағам аман болса екен деп бас сауғалаған адамдардың қараусыз қалған баспаналарын әлдебір қаражүректердің алаңсыз ақтарып, ұрлап жүргендігі. «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деп, құдайсыздардың көбейгендігінен бе, иманымыздың өлшемі жиған дүниемізбен өлшене бастағандықтан жіберілген нәубет пе, кім білсін, іс шынымен қиындап тұр.

Билік тізгінін ұстап отырған азаматтар қолынан қаһарлы қыс пен кеселді көктемнің шарт мінезінен әлде білместікпен, әлде бейғамдықтан адын алу шараларын қолданбай, мал-жанның басына ауыртпалық түсірсе, енді жан ұшыра ауыл-аймаққа қол ұшын созғалы жатқанға ұқсайды. Әйтеуір, істің қайырын берсін делік.

М.ЖӘНІБЕК

1150 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз