Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • TENGE MONITOR
  • 29 Сәуір, 2010

Ғалым БАЙНАЗАРОВ: «ИНФЛЯЦИЯ – ХАЛЫҚТЫҢ ҮКІМЕТ САЯСАТЫНА СЕНУ-СЕНБЕУІНІҢ КӨРСЕТКІШІ»

Әлемдік сауда нарығындағы баға өсуінің наурызда ішкі қаржы және ақша нарығы көрсеткіштеріне ықпалы алдыңғы айларға қарағанда бәсеңдеу болғаны байқалды. Ұлттық валюта АҚШ долларына қатысты біршама беки түсті. Алғашқы тоқсанның қорытындылары тұрғысынан еліміздің қаржы нарығы, баға саласындағы ендігі жағдай, теңге бағамындағы өзгерістер қандай болмақ деген сауалдармен тәуелсіз Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің алғашқы төрағасы, «Нұр Отан» ХДП жанындағы Парламентаризм ғылыми-зерттеу институтының экономикалық сарапшысы Ғалым БАЙНАЗАРОВТЫ әңгімеге тартқан едік:

Теңгенің долларға қатысты бағамы дәлізінің бұлайша белгіленуі еліміздегі және әлемдік қауымдастықтағы макроэкономикалық жағдайға байланысты. Негізінен ақша-қаражат саясаты үшін бұл керек деп білемін. Валюта бағамы экспортқа негізделіп болжамдалады. Біздің экспортымыздың негізгі көзі – мұнай. Ал, мұнайдың бағасы қалай өзгерері әзірше белгісіздеу болып тұр. Дамыған елдердің көпшілігінде және АҚШ-та бюджеттік жағдай оңалып кете қойған жоқ. Бұл елдердің экономикасы рецессиядан әлі шыға алмай жатыр деуге болады. Сондықтан зерттеу орталықтарының жорамалдары бойынша, мұнайдың бағасы жазға қарай төмендеп кетуі мүмкін. Сарапшылардың жорамалдары бойынша, осы кезде теңгенің бағамы түсіп кетуі ғажап емес. Осыған орай макроэкономикалық және бюджеттік жағдайға байланысты үкімет пен ұлттық банктің тарапынан тиісті шаралар қолданылуы тиіс. Сол шаралардың бірі осы теңге бағамы дәлізінің кеңеюіне қатысты. Ұлттық валютаның АҚШ долларына қатысты бағамының 135-155 болып алынуы – ішкі экономикалық және макроэкономикалық осындай жайттер ескеріле отырып болжамдалған. Жыл басынан бергі жағдайды сараптап қарасақ, теңгенің долларға қатысты бағамы дәлізде белгіленген төменгі иә жоғарғы шегіне жете қойған жоқ. Кейде шамалы шегініс байқалғанмен, үлкен ауытқусыз бір ғана шамада, 150-дің айналасында келе жатырмыз. Сондықтан осы саясатты ұстанған дұрыс деп есептеймін.

Ұлттық банктің алтын-валюта қоры өсу үстінде, қазірде ол – 27 млрд доллар. Соңғы жылдары дүниежүзілік қауымдастықта алтын бағамына байланысты алаңдаушылық байқалып отыр. Көптеген елдердің валюта бағамдары шашырап кетті, осыған байланысты бірқатар экономика теоретиктері мен сарапшылары алтын бағамына қайта келсек деген ұсыныс айтуда. Менің ойымша, бұл бола қоймайтын шаруа, өйткені, 1971 жылы одан шығып кетті. Қазіргі экономиканың сипаты бұрынғыдай, классикалық нарықтық экономика емес. Қазір ақпараттық экономика дәуірінде тұрмыз. Бұдан кері қарай шегіне алмаймыз. Алтын бағамының өсуі инвесторлардың ақша салудың өтімді құралдарына деген ықыласынан туындайды. Өйткені инвесторға күнбе-күн табыс түсуі керек. Сондықтан доллар, иә евро шегініс жасай қалса болды, ақшаны бірден басқа өтімді құралға сала бастайды. Міне, осыған байланысты қазірде алтынның бағасы өсіп отыр.

Өткен аптада ТМД-ға мүше елдердің министрлер кабинеті мемлекетаралық өзара есепайырысуларда ұлттық валюталарға көшу қажеттігі туралы ойларын білдірді. Қалай ойлайсыз, ел экономикасында доллардың аты озып тұрған бүгінгі жағдайда мұның нақты жүзеге асуы мүмкін бе?

Дәл бүгін-ертең жүзеге аса қояды деу қиын. Көптеген сарапшылар доллардың беделі төмендеді, оған деген сенім жоғала бастады, енді құлдырап кетуі, АҚШ-тағы экономикалық дағдарыс созыла түсуі мүмкін дегенді айтады. Бірақ негізгі тенденция бойынша доллар құлдыраған жоқ. Және жылдық көрсеткішке қарасаңыз, американың экономикасы суға кетейін деп тұрған экономика емес. Сондықтан оған сенімсіздікпен қарауға болмас деймін. Оның үстіне кейінгі уақытта Барак Обаманың әкімшілгі экономикада, қаржы-қаражат саласында көптеген өзгерістер мен тиімді шараларды жүзеге асырды. Осыған орай қазіргі таңда дүниежүзілік қауымдастықтың Құрама Штаттардың экономикасына қатысты 2008-2009 жылдарғы көзқарасы мен болжамдар өзгерді.

Еліміздің экономикасы теңге кеңістігінде, бірақ долларлану деген бұрынннан келе жатқан тенденция бар. Бұл дұрыс тенденция емес. Бұл мәселенің бір ұшы халықтың теңгеге, иә долларға сенім білдіруіне байланысты. Мұны үкімет, ұлттық банк тарапынан реттеуге болады, мысалы, теңгеге салатын салымдарға қызығушылықты арттыру үшін теңге бағамын шайқалтпай бірқалыпты ұстау керек. Мұндай жағдайда халық доллардан гөрі теңгеге көбірек сенім артады. Осыдан екі-үш жыл бұрын солай болатын. 2008-2009 жылғы қаржы дағдарысына байланысты, қазірде доллардың басымдығы байқалып отыр. Жалпы мұның дұрыс еместігін мына жәйттен көруге болады, мысалы, былтыр ақпандағы теңге құнсыздануы барысында шетел валютасымен несие алғандар үлкен зиян шекті. Осыған байланысты бюджеттен 1 млрд доллар көлемінде қаржы шығындалды. Мұндай шығынға батып, халыққа ауыртпашылық сала берудің қажеті қанша. Сондықтан бұл тұрғыда үкімет пен ұлттық банк тұрақты саясат жүргізуі, тиімді тетіктер жасалуы тиіс. Сонда ғана экономикадағы долларлану үдерісін жеңе бастаймыз, теңгеге деген халықтың сенімі бекиді, яғни теңгелік салымдар көбейеді.

Жыл басынан бері тұтыну және қызмет түрлерінің, коммуналдық қызмет көрсету бағалары өсу үстінде. Былтыр алғашқы тоқсанда инфляцияның деңгейі 2 пайыз болса, биыл осы кезеңде 2,9 пайызды құрады. Үкімет инфляцияның ресми болжамдалған (6,0 – 8,0%) деңгейін ұстап тұра ала ма?

Баға көтеріледі, өйткені бұған инфляцияны күту деген фактор жұмыс істейді. Ол халықтың көңіл-күйіне байланысты, яғни мемлекеттің жүргізіп отырған саясатына сену-сенбеуінің көрсеткіші. 1 шілдеден бастап Кеден одағының алғашқы кезеңі іске кіріседі, сондықтан қолында ақшасы бар халықтың кейбір топтары қазірден бастап қымбаттамай тұрғанда тауарлар алып қалуға тырысуда. Себебі, бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша, соңғы уақытта тауар айналымындағы бөлшек сауданың үлесі 10 пайызға дейін күрт өсіп кетті. Осыған қарағанда, инфляцияны күту факторы күшейіп тұрған сияқты. Шындығында кеден одағы жұмыс істей бастаған кезде кейбір тауарлардың бағасы қымбаттауы мүмкін. Үкімет тарапынан бұл жағдай ойластырылып, бірінші кезекте қажетті көпшілік қолды тауарлардың бағасын көтермеу жөнінде кеден одағына қатысушы үш мемлекет арасында алдын-ала келісім-шартқа қол қойылған. Бірақ үкімет қалай ойлайды, сауда қалай жүреді, ол екеуі екі түрлі нәрсе. Сондықтан, жылдың аяғына дейін инфляцияның деңгейі қандай шамада болатынын кедендік одақтың бірінші кезеңі жұмысқа кіріскеннен кейінгі жағдайды саралай отырып, күзге қарай нақты түрде айта аламыз. Өйткені, инфляцияның деңгейіне әсер етіп отырған қазіргі жағдай – бұл уақытша фактор. Ал, негізі экономикалық жағдайды алып қарайтын болсақ, импорттың көлемі былтырғыдан ондаған пайызға төмендеп кетті. Бұған теңгенің құнсыздануы үлкен әсер етті, оның сыртында халықтың қолында ақша азайып қалды, экономиканың ішкі даму қарқыны төмендеп кетті, тауар және халыққа қызмет көрсету көлемі ақша түрінде азайды. Нәтижесінде импорт кеміді. Биыл импорт көлемі өседі деген болжам жоқ. Бұл да инфляцияны белгілі бір деңгейде ұстап тұратын факторлардың бірі. Сондықтан биыл инфляция сондайлық өседі дей алмаймыз, керісінше болжамдалған көлемінен 1-1,5 пайыз кем болуы мүмкін. Қазіргі күні экономикалық даму және сауда министрлігі де осындай болжам жасап, осыған сай өзгертулер енгізу мүмкіндігін қарастыруда.

Рымтай САҒЫНБЕКОВА

1071 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз