Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • TENGE MONITOR
  • 29 Сәуір, 2010

Оңтүстік Кореяда «Қазақстан жылы» ашылды

nan_korisҚазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Корея Республикасына мемлекеттік сапармен барып, сол елде жарияланған Қазақстан жылының ашылуы салтанатына қатысты.

Сонымен қатар, мемлекет басшылығының баспасөз қызметі хабарлағандай, елбасы «Самсунг» компаниясының президенті Чи Санг Хамен, ПОСКО болат балқыту компаниясының президенті Чунг Джун Янгпен, «Эс-Ти-Экс Групп» көп салалы концернінің президенті Канг Док Сумен, «Пунгсан корпорейшин» кең ауқымды мақсаттағы металл өндірісі жөніндегі компанияның басқарма төрағасы Джин Рюмен, «Сеул семикондактор» жарықдиоды өндірісі жөніндегі компаниясының президенті Личан Хунмен кездескен көрінеді. Оңтүстік Корея басшылары мен бизнесі өкілдері Қазақстанмен тығыз қарым-қатынас орнатуға үлкен ықылас танытып жатыр.

Қазақ елі де бұндай байланыстардың орнауына мейлінше мүдделі. Өйткені бұл біздің республикамыз үшін де тиімді. Елбасы өзінің билығы Қазақстан халқына жолдаған Жолдауында: «Әртараптандыру жөніндегі біздің жоспарларымызды іске асыру үшін бір ғана мемлекеттік ресурстар жеткіліксіз болатыны анық. Оның негізгі көзі тікелей шетелдік инвестициялар болуы тиіс. Менің халықаралық сапарларым бары­сындағы негізгі мәселелердің бірі Қазақстанға инвестициялау мәселесі болды. Көптеген мемлекеттер біздің экономикаға ресурстар салудың мәні бар деп біледі. Бүгінде Қытайдан, Оңтүстік Корея­дан, Бі­ріккен Араб Әмірліктерінен, сон­дай-ақ француз, итальян, ресейлік компа­ния­лар­дан 20 миллиард доллар көлемінде инвести­циялар тарту туралы мәселелер шешілді», - деген болатын.

Оңтүстік Кореяның өзінің Орталық Азия елдерімен байланыстарын нығайтуға бағытталған іс-шараларының ауқымында биылғы жылды «Қазақстан жылы» деп жарияламақ болып жатқаны туралы хабар осыдан біраз тараған. Енді, міне, осы шараның салтанатты түрде ашылуы жария етілді. Оңтүстік Корея жалпы біздің аймаққа көп көңіл бөліп жатыр. Өткен жылы желтоқсан айының басында Үшінші Оңтүстік Корея – Орталық Азия ынтымақтастығы форумы болды. Ол Сеул қаласында өтті. Онда Оңтүстік Корея мен Орталық Азияның бес мемлекеті өкілдері бас қосып, осы елдер арасындағы қарым-қатынастарды нығайту мақсатына сай мәселелерді талқылаған болатын. Бұндай шаралардың екі араны жақындастыра түсетіні аян. Сонымен қатар ол елдің өкілдері аймақтық форумдар арқылы өз дипломатиясының ауқымын кеңейтуге үміт артатынын да жасырмайды. «Корея Орталық Азияның осы бес елімен нағыз әріптеске айналу мақсатында өзара ынтымақтастыққа негізделген қарым-қатынас жасап отыратын болады», - деген болатын сол форумға арналған бағдарламалық сөзінде Корей Республикасы сыртқы істер министрінің орынбасары Син Как Су.

Қазақстан президенті Н.Назарбаев айтқандай, корей бизнесі республикамыздың экономикасына көлемді инвестициялар құйып жатыр. Мәселен, жоғарыда аталған Оңтүстік Кореяның интеграцияланған құрыш өндірушісі ПОСКО (Поханг, Оңтүстік Корея) компаниясы өзінің қазақстандық титан өндіруші болып табылатын Өскемен титан-магний комбинатымен 50:50 негізінде бірлескен кәсіпорын құрғанын жария еткен. Бұлардың әрқайсысы өнімді 2010 жылдың аяғына таман бере бастайды деп күтілетін жаңа зауытқа 25 млн. доллардан инвестиция салмақ көрінеді.

Сәуле САМАТҚЫЗЫ

1192 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз