Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • TENGE MONITOR
  • 29 Сәуір, 2010

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: Қазақ жері – Бейбітшілік белдеуі

d0b5d0b2d180d0b0d0b7d0b8d0b9d181d0bad0b8d0b9-d184d0bed180d183d0bc-d0bdd0b0d0b7d0b0d180d0b1d0b0d0b5d0b2Алматыда ІХ Еуразиялық медиа форум салтанатты түрде ашылды. Әлемдік ақпарат айдынының алпауыттарын, саяси сахна серкелерін, мәміле майданының майталмандары – дипломатиялық мисссиялар өкілдерін Алматыда тоғыстырған медиа форумға биыл 37 елден 400-ден астам делегат келді. Осы медиа форумға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып сөз сөйледі. Форумға қатысушылардың алдында сөйлеген сөзінде Елбасы әлемдік қауіпсіздік мәселесіне, сондай-ақ Қазақстанның ЕҚЫҰ-на төрағалығына ерекше назар аударды.

«Орталық Азия мемлекеттерінің тарихында алғаш рет Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымын басқарып отыр. Біз бұл жоғары миссияны Ұйымға мүше барлық мемлекеттер қолдау көрсеткен нақты мақсат бойынша орындаймыз. Біздің төрағалық етудегі ұранымыз төрт «Т» - «траст» (сенім), «традишн» (дәстүр), «транспаренси» (транспаренттік) және «толеранс» (толеранттылық). Біз Ванкуверден Владивостокқа дейінгі кеңістікке орналасқан ЕҚЫҰ әлемнің жаңа қауіпсіздік архитектурасын қалыптастыруға белсенді түрде қатысуы тиіс деп есептейміз», - деп атап өтті Елбасы.

Әлемдік қауіпсіздік мәселелері туралы айта келе, Президент Вашингтонда Ядролық қауіпсіздік жөніндегі әлемдік саммиттің өткізілуі үлкен мәнге ие екенін атап өтті:

- 60 жылдан астам уақыт ішінде тұңғыш рет әлемнің 47 мемлекеті мен халықаралық аса ірі ұйымдарының жетекшілері тұңғыш рет бас қосты. АҚШ Президенті Барак Обаманың шақыруы бойынша мен Вашингтондағы саммит жұмысына қатыстым. Өздеріңіз де білетіндей, Қазақстан ядоролық қаруды таратпау үдерісіне өлшеусіз үлес қосты. Біз өз аумағындағы ядролық полигонды жапқан тұңғыш елге айналдық. Сынақтардың салдарларынан бір жарым миллионнан астам қазақстандық зардап шекті. Семей полигоны жабылғаннан кейін өзге елдер біздің жолға түсті. Әлемдегі Невада, Муроро, Жаңа Зеландия және Лобнор тәрізді өзге ірі полигондар жабылды. Қазақстан зор ядролық қаруға ие болудан бас тартып, әлемдік ядролық державалардың қауіпсіздік кепілдігін алды. Біз Вашингтон саммитінде ядролық қаруды таратпау жүйесін нығайтудың жаңа ұсыныстарын енгіздік. Ол ұсыныстар әлемнің жетекші елдерінің көшбасшыларынан жоғары бағасын алды. Біз ядролық қарусыздану саласында жаңа халықаралық құжаттарды әзірлеп, қол қоюды ұсындық. Атап айтқанда, бұлар ядролық қаруды көлденең және тікелей таратпау, сондай-ақ ыдыратушы материалдарды әскери мақсатта өндіруге тиым салу жөніндегі жалпыға ортақ шарттар. Мен, сонымен қатар жаһандық қауіпсіздіктің ядролық қарусыз әлем жөніндегі жалпыға ортақ декларациясын қабылдау жөнінде бастама көтердім. Қазір біз БҰҰ аясында ядролық қаруға толық тыйым салатын жалпыға ортақ жаңа Жаһандық шартқа қол қоюды ұсынып отырмыз.

Дүние өзгеріп келеді. Соңғы жылдары орын алған оқиғалар, дағдарыс, табиғи тосын апаттар, Қырғызстандағы келеңсіз жағдайлар медиа форумға әсер етпей қалмағанын жасыруға болмас. Алматыдағы пікірталас алаңының бел ортасында жүретін айыр қалпақты бауырлардан да биыл көз жазып қалғандаймыз. Әйтеуір олардың үні бәсеңдеу шығып жатқандай… Бірақ, оған қарап ақиқатты іздеген пікірталас ағыны толастап қалған жоқ.

Сонымен, биылғы медиа форумның тізгіні “Әл-Жазира Интернешнл” телеарнасының жүргізушісі, әлемдегі ең танымал халықаралық репортерлердің бірі Стивен Коулға тиген екен. Модератор Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атаған түсіністікке, тұрақтылыққа бастайтын төрт қағидаттың көкейкестілігін атай отырып, сөз кезегін ЕАМФ Ұйымдастыру комитетінің төрайымы Дариға Назарбаеваға берді.

«Біз тоғызыншы рет осы арада Еуразия медиа-форумында бас қосып отырмыз. Мақсат – артта қалған бір жылға көз салып, әлемдік БАҚ-та көрініс тапқан қайшылықты құбылыстар мен оқиғаларды түсінуге талпыну. Әркез өткенді ұғынып, болашақ оқиғаларды болжаймыз әрі оларды толық дайындықпен қарсы аламыз деген түсінік туындайды. Ашығын айтсақ, ылғи да олай бола бермейді. Біздің әлемді, өкінішке қарай, болжап-білу қиын болып барады», – деді Ұйымдастыру комитетінің төрайымы.

Форумның алғашқы отырысы “Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы: маңызы, үміт және мүмкіндіктер” тақырыбын талқылаудан басталды.

Еліміздің Еуропадағы белді ұйымға төрағалық етуі республика үшін аса маңызды екендігі аз айтылып жүрген жоқ. Қазақстан – бұрынғы социалистік елдер арасында, ТМД-да, Орталық Азияда ғана емес, тұтас мұсылман әлемінде 35 жылдық тарихы бар тегеурінді ұйымды басқарып отырған алғашқы мемлекет. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі халықаралық саяси құралдардың айтарлықтай өзгеріп бара жатқанын да білдіреді.

Әлем елдері идеологиялық соқыр нанымдардың, “өзіміз” және “өзгеге”, еуропалық және азиялық, мұсылмандық және христиандық өркениетке бөлінудің ескіргенін әрі жаңа басымдықтарға жол беру қажеттігін түсіне бастады.

Бұған қоса Қазақстан Республикасындағы негізгі азаматтық және саяси еркіндіктің даму жағдайы туралы теріс түсінік пен елдің ЕҚЫҰ стандарттарын сақтаудағы “кемшіліктеріне” құрылған сыни пікірлер де бар. Жеке бақылаушылардың сендіруіне қарағанда, бұл болашақта ЕҚЫҰ-ның нәтижелілігі мен беделіне теріс әсер етуі мүмкін. Осының ақиқаты қаншалықты?

Енді бір күдікшілдер Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалығына сайлануы – бұл тек Батыстың республикаға берген саяси авансы немесе Қазақстандағы бай көмірсутегі қоры мен пайдалы қазбасына көз тіккен экономикалық мәміле деп сендіреді. Міне, осындай түрлі мүддеге қызмет ететін пікірлер алғашқы отырыста талай сауалдың тиегін ағытты. Тіпті айыр қалпақты бауырларымыздың басындағы бақытсыз оқиғалар кезінде ЕҚЫҰ қандай рөл атқаруы тиіс? Оған қоса Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы “жаңа посткеңестік демократияларға қатысты жекелеген таптаурын көзқарастарды өзгерте ала ма? Мемлекет мұндай жауапкершілікке дайын ба? Осы міндет Қазақстанға соншалықты қажет пе? Бұл не – үлкен абырой ма әлде экономикалық дағдарыс пен тұтастай әлемдік қауымдастықта және жеке ЕҚЫҰ-ның жауапкершілік аймағында қарбаластың күшеюі кезіндегі ауыр жүк пе? Осы сауалдарды АҚШ Мемлекеттік хатшысының Еуропа және Еуразия істері жөніндегі көмекшісінің бұрынғы орынбасары Дэвид Меркель медиа форумға қатысушылардың талқысына тастады. Спикерлер арасында АҚШ-тың Қазақстандағы тұңғыш елшісі Уильям Кортни, Ұлыбритания Парламенті Лордтар палатасының мүшесі, Британ-Қазақстан қоғамының төрағасы Питер Фрейзер, ЕҚЫҰ БАҚ еркіндігі мәселелері жөніндегі өкілі Дуня Миятович (Австрия), НАТО Бас хатшысының Сырт Кавказ және Орталық Азия бойынша арнаулы өкілі Роберт Симонс (Бельгия), ЕҚЫҰ Бас хатшысы кеңсесінің директоры Пол Фритч болды.

Сондай-ақ, форум аясында жоғарыдағы отырыспен қабаттасып, “Абай” залында өткен алқа жиында Қазақстанның Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалығының болашағы талқыланып жатты. Алқа жиынның тізгінін қолына алған Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті қорының атқарушы директоры Бектас Мұхамеджанов осынау беделді халықаралық ұйымның әлемдік қоғамдастықта алатын орнына кеңірек тоқталды. Қазір құрамында 57 қатысушы елі бар, 1969 жылы құрылған Ислам конференциясы ұйымы дүние жүзінде ауқымы жағынан Біріккен Ұлттар Ұйымынан кейінгі екінші орында тұрады. Қазақстан бұл ұйымға 1995 жылдан бері мүше, бүгінде айтарлықтай беделге ие болып үлгерген. Алқа жиында сөйлеген ИКҰ хатшылығы бас хатшысының көмекшісі Абдул Моиз Бохаридің, Ұйымның ғылыми-зерттеулер департаментінің директоры Дабур Небиль Мохаммедтің сөздерінен Қазақстанға деген құрмет аңғарылды. Олар Қазақстан Ұйымға төрағалық еткен жағдайда Ислам әлемі мемлекеттерінің бірқатар түйткілдері шешімін табарына сенім білдірді. Алқа жиында Батыс пен Шығыстың, Батыс өркениеті мен мұсылман өркениетінің арасындағы қайшылықтар пікірталас өзегіне айналды. Осы арада Беларусь Президенті жанындағы басқару академиясының кафедра меңгерушісі Сергей Кизима айтқан: “Белоруссия мұсылман әлемінің ең дәйекті жақтаушысы болып табылады” деген тәмсілін келтіре кетсек артық болмас.

Сағаттарға созылған отырыстарда салмақты ой да, айта-айта жауыр болған жәйттер де жеткілікті еді.

Сондай-ақ ҚР Тұңғыш Президентінің Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институты форум аясындаКеден одағы: мәселелері мен болашағыатты дөңгелек үстел ұйымдастырды. Дөңгелек үстел жұмысына белгілі сарапшылар мен саясаткерлер қатысты.

Дөңгелек үстелдің отырысы барысында төмендегідей мәселелер легі қаралды. Кеден одағының негізгі құжаттарын үйлестіру үдерісі және кезеңдері, Кеден одағы мүшелерінің БСҰ-ға кіру мәселесі, Кеден одағы экспорттық әлеуеті дамуының және отандық тауар өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігінің жаңа кезеңі ретінде, Кеден одағы және үшінші елдерге қатысты сыртқы экономикалық саясат, Кеден одағын құрудың эко­номикалық жағынан оң және теріс тұстары жан-жақты қаузалып айтылған пікірталас ешкімді бей-жай қалдырмады десе де болғандай

Сәуірдің 28-інде ІХ Еуразиялық медиа форум өз жұмысын аяқтады.

Аманкелді ШОПАН

861 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз